Za darmo

Келін

Tekst
0
Recenzje
Oznacz jako przeczytane
Czcionka:Mniejsze АаWiększe Aa
 
Бұларға өмір бесеу болуды аяды.
 
 
Айдар кетті… келіп еді бір адам,
Ол да мұнда келе-сала жылаған.
Сонымен, шал, кемпір, келін… өседі ұл –
Төртеу болды тағы менің есебім.
 
4
 
Шағын ғана қоңырқай үй тұр дөңде,
Иесі емен, бата алмаймын кір деуге.
Жапа-жалғыз томсырайып тұр сол үй,
секілденіп ойы сөнген бір кеуде.
 
 
Түнгі ошақта бықсып қана жанады
шала кебу салған тезек жаңағы.
Жалын тілі жалт етсе бір… төңірек
бұрынғыдан көрінер сəл кеңірек.
 
 
Тым-тырыс түн қымтап алған маңайды,
əлгі ошақты айнала кеп қамайды.
От лау етсе – күйдіріп ап қанатын,
ыршып түсіп, қайта ұмтылар қара түн.
 
 
Əйтсе-дағы осы бір от жылытты ой,
қарайсың кеп жан жадырап, жібіп бой,
Болса да əлсіз, қалың қайғы ішінде
Жылтыраған бір кішкене үміттей…
 
 
Келін отыр, бейне ашыққан адамдай
Осынау бір оттан көзін ала алмай.
Отқа дем-дем жақындайды ол… кенеттен
өзі бірге жанатындай сол отпен.
 
 
Алау сүйіп албыраған бетінен
бір қуаныш көрмегеніме өкінем!
Қуаныштың бір мінезі бар тағы:
ол – осындай сұлулардан қорқады.
 
 
Сұлуға да тақты мезгіл сын, айып,
Жүрсе де ол желпініп бір тыңайып:
Көзі, бейне, шаттанудан гөрі де,
Шаттықты аңсап, мұңаюға лайық…
 
 
Сұлулығы секілді еді жыр ғажап,
Ашқарақ көз тоя алмастай мың қарап.
Ол күлсе тек – жүзіне əлгі арайлы
кемпір күндеп, шал күрсініп қарайды.
 
 
Оның шашын сипайтын тек жел ғана
Сондықтан ол болды жесір, болды ана.
Көкіректің белгісіз бір дірілін
қағып алып жұтып жатты кең дала.
 
 
Мұның демі күйдірмеді ешкімді –
Əлде бұл да салқын тартты, ескірді?
Кейде еріксіз ұйып тыңдап қалған-ды
Бұлтаңы көп əзілдерін шалдардың.
 
 
Əзіл əсері сол сағатта-ақ кетсе өліп –
Уы ойда қалар еді от болып.
Неге екенін ұқпаса да, жүрді бұл
Сұлтекеңнен өзге шалды жек көріп.
 
 
Осы бір сəт тұнып кетіп құлағы,
Жылағысы келді кенет… жылады…
– Келін шырақ, асың түсір!
Қи жапқан қапты ұмытпа! –
Дауыстады үй жақтан.
 
 
Селк етті əйел тамағында құрғады үн,
жалт қарады түн жанышқан қырға бір.
От сөніпті.
Өкінішпен аңғарды
Көз жасының күлге тамып тұрғанын.
 
5
 
Ұлпа шешей немересін əлдилеп,
Ірге жаққа сүйенетін қалғи кеп.
Ыңырсыған кеудесінен кəрінің
Шығар сонда бір əдемі əн билеп:
 
 
«Қоңыр қозым, мерейім,
Əуедегі жалғыз Ай,
Айды да алып берейін, –
əлди-əлди, əлди-ай.
 
 
Əжесінің тентегі,
Көңілдегі əн-күйім.
Тыңдайсың ба ертегі,
Əлди-əлди, əлдиім.
Əжең əннен жаңылды,
Əлди-əлди, əппағым.
Тыңдағаның əнімді –
Түк түсінбей жатқаның!»
 
 
«…Қалғи қойшы, бөбегім,
Мен де енді қалғиын.
Ағаң қашан келеді,
Əлди-əлди, əлдиім.
 
 
Жылқыдағы құлыным,
Құраулайын, келе ғой.
Əлди-əлди, шыбыным,
Жұбана ғой, көне ғой.
 
 
Əлди-əлди бала ғой,
Ұйықта, ұйықта бөпешім.
Бүгін ұйықтап ала ғой,
Ертең өсіп кетесің.
 
 
Бесік тербетейін мен,
Алсын сені арқалап
жауға деген кегіңмен
досқа деген мархабат.
 
 
Шаңыраққа қарама,
Кешкірсе – күн кешкірсін.
Əкең туған далаға
Əлди-əнім естілсін.
 
 
Ұмытарсың сен мені,
Ұмытқанша қалғи ғой.
Бүгін де ағаң келмеді,
Əлди-əлди, əлди ғой.
 
 
Қой ішінде – қоңырым,
Базар бардым – қалды өтпей.
Жай таппаса көңілім
Неғыламын əндетпей!
 
 
Ұйықтай қойшы əдемім,
Əйнəлəйін əушіңнан.
Сенің байғұс əжеңнің
Əні қашан таусылған!» –
 
 
Менше, осылай жұбатады əже ұлын,
Тереңдетіп маңдайдағы əжімін –
Күрсіне кеп мұңдылау бір айтады əн,
Бірақ, кенет… күлімдейді қайтадан.
 
 
Əже осылай əндетумен өтеді,
Əже болса – əн дегендер жетеді.
Ұйықтатады ұлын солай, ал өзі
Кейде ұлынан бұрын ұйықтап кетеді.
 
 
Қарағанын көрген емен шал налып,
Қарамайтын ештемеге таң қалып –
Бəрі, бəрі Алладан деп, жүрді ол