Za darmo

Айтыс

Tekst
Oznacz jako przeczytane
Czcionka:Mniejsze АаWiększe Aa
 
Шалқып-тасып келемін, артық күліп.
Қарқаралы басынан əн шырқадым
Құшағында сұлудың балқып тұрып.
 
 
Осылайша барыңды қанша ақтарып,
Жүрген шақта, дүние-ай, жан шаттанып,
Көтере алмай, көре алмай жөнеледі-ау
Бір ісіңді қалың ел сан-саққа алып.
 
 
Баптаумен бəйге атындай сөз сəндеген,
Өнердің өріне қол созсам деп ем.
Балағыма жармасқан көп шіріктен
Ойым да жоқ тірлікте озсам деген
 
 
Қазынасы, деуші едім, көптің кеудем,
Жақпай жүрген жайым бар отпын деумен.
Алты алашқа атымды жайды жұртым,
Бірі мақтап, біреуі тек күндеумен!
 
 
Сері аталып, елінде Сал аталып,
Азамат боп ат міндік, қара танып.
Жүрек шіркін сонда да тыншымайды,
Тағдыр қайда тастар деп тағы апарып.
 
 
Толып та сол көңілге тіршілік кей,
Басқа бақыт Тəңірден жүрші күтпей.
Жаның тоят табар ма жағадан ап
Жағаласқан жауыңды бір сілікпей!
 
 
Отты іздеумен, қайдағы жоқты іздеумен,
Алағызып тұрады-ау көк құз кеудең.
Соның бəрі
                    еркіндік,
                                        бір кеңдіктер
Қайда барсаң қашқақтап жеткізбеуден!
 
 
Малша оралып біреуге, аңша ауланған,
Жеткізбей-ақ кеттің-ау, аңсаулы арман!
Дара қалған басым мен
                    көп шайлығып
Жараланған жүрек бар шаршаулардан!
 
 
Үлесіңді алатын ірі уыспен,
Жазылмапты-ау маңдайға жүру үстем,
Бақытыңды тонаған пенде қанша
біреулері қулықпен, бірі күшпен.
 
 
Арыстандай атылған көкке бейне,
Асып тудым атадан деп те кейде,
Сыртқарыға сыр бермей шалқып алам,
Қалсыншы деп көп күшік беттемей де.
 
 
Шоқтығына жармасып көп тілектің,
Жасымнан содыр-сойыл соққыны өттім.
Күңіреніп бақсыдай дала кездім,
Көкірегім қан жылап оқтын-оқтын!
 
 
Еліміз деп, еңіреп жүрдік күнде,
Тізгін тартып туғалы сыр бүктім бе.
Адалдықтан не таптық, жасаған-ай,
Тақсіретін көп тарттық тірліктің де.
 
 
Мұзбалақтай самғауға өрлеп өрге,
Сау басыңды саудалап ел көнер ме.
Атылардай боласың, аһ ұрардай,
Көкіректі көп ойлар кернегенде.
 
 
Ақылымен алдына топты иірген,
Абайдың да көріп ем «тоқ» күйін мен.
«Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім», – деп,
Көп күңіреніп,
Жол таппай, көп күйінген.
 
 
Қалың қазақ басынан бағы ұшқанын,
Алауыз боп қырқысып, шабысқанын
Егіле айтып, еңіреп отырды-ау бір,
«Мыңмен жалғыз алысқан» – арыстаным!
 
 
Қайда барсаң жалғанның бəрі апаттай,
Жазылады жылаумен жарақат қай?
Қыз – зорлықта,
                    жігіті қорлықта өткен
Заманына жүр ол да шара таппай.
 
 
Шығамыз деп тұманнан жарып қалай,
Данышпандар да өтіпті-ау анық талай.
«Ел қыдырған кешегі есер шақта»
Дүниеңді келіппіз парықтамай.
 
 
Шыжғырылған шырылдап шоққа кеуде,
Сендегі шер, Саражан, жоқ па менде.
Кең тірліктен таяныш-тірек таппай,
Талай сезім дарымай кетті-ау елге!
 
 
Ой мен ақыл зынданға тұр қамалып,
Бұйырмай-ақ еркіндік жырға да анық.
Қайғымды айтып кеттім бе, қайран Сара,
Бір сөзіммен жараңды тырнап алып.
 
 
«Жиенқұлға жіберме шақыруды,
Үйде білер өнерсіз аһ ұруды.
Зығырданым қайнар да көргеннен соң,
Мұнда бекер алдырма кəпіріңді!».
 
 
«Күйеуіңді алдырт тез!» – дегенге өзің,
Қалдың ба шын жасып-ақ, көген көзім.
«Байлаулы бала құстай», қарағым-ай,
Жеткені ме тағдырға көнер кезің.
 
 
Жамандауға өзіңді көз қияр ма,
Өмір, шіркін, еңсеңді езді ұяңда.
Мерт те болып кетпепсің құрығанда
Қалқып ұшып қырандай өз қияңда.
 
 
Қайтпексің еліңе осы ұнаса дау,
Ойымда жоқ оларын күнə санау.
Есімбек, Тұрысбектей туысыңды,
Саражан, тағы да бір сынасақ-ау!
 
 
Қайырылмастан қайдағы күдік бөгеп,
Сынасақ па, сынасар жігіт пе деп,
Шырылдатып қосқанда Жиенқұлға,
Обалыңды көзіңе іліп пе елеп?
 
 
Сынасақ бар… Шынымен жақтамай ма?
Абыройын еліңнің сақтамай ма?
Тырнағына Сараның тұрарлықтай
Бір еркек тумап па екен Қаптағайда?!
 
 
Артығы екен адамның мына Сара,
Етекбасты көп көріп жыласа да.
Əйел түгіл,
Мен көрген еркектердің
Жиылып кеп өзінен бірі аса ма?!
 
 
Түксиісіп, теңселіп, не жымиып,
Тебіренген туысың сөзіңе ұйып.
Ақсұңқарын талатып жапалаққа,
Сені қалай жылатар көзі қиып?
 
 
Көз жасыңды көрмеген, іркілмеген,
Болып еді жатбауыр жұртың неден?
Боқтығына тірліктің сені қиған,
Тастанбектей не десем шіркінге мен!
 
 
Даңқыңды естіп, Арқадан көре келгем,
Қош бол, Сара, ел жаққа жөнелем мен.
Енді қалған жасымда əнге қосып,
Алты алашқа танытам сені өлеңмен.
 
 
Терезеңді тең ұстар баласынбай,
Жан екенсің жұртыңның данасындай.
Сені көріп ұқтым мен сырын қанша
Жүрген қазақ қызының бағы ашылмай.
 
 
Заман-ай, бұл! Жараңды жаспен емдер,
Қайда деп те қиналам басқа ерендер.
Қойғаннан соң еңсеңді бір көтертпей,
Ащы үніңді естімей «тас кереңдер».
 
 
Деп тиетін сөз қайда бұрын кейде,
Жасымаған жүрек те дірілдей ме?
Екі күндей зарлаған жан сырыңды
Мыналардың құлаққа бірі ілмей ме.
 
 
Тартынып қалар тіпті кез бе бүгін,
Осы ма кетіргені сөз де құнын?
Бір қызды жылатпауға жарамасақ,
Қалайша жұбатпақсың өзге мыңын?
 
 
Қалса да ойың айтылмақ еңсерілмей,
Осы жолы барды сап көрші ерінбей,
Жыр не керек, қысқасы,
Болмаған соң
Қас батырдың бір сілтер семсеріндей.
 
 
Сілкіндірген дауыспен шың-құзды да,
Қалың елдің құлағын түргіз мына.
Тасынасың несіне, ала алмасаң
Арашалап, апыр-ау, бір қызды да!..
 
 
Екі күндей ақындар сілкілесті,
Найзағай ғып өлеңнің бұлтын есті.
Бебеу қағып, бір тұста баяулап кеп,
Шамырқана қайтадан күрт үдесті.
 
 
Шарпылатын шабыттың шағына бұл,
Жаны қалмай шабылды шағын ауыл.
Жаны кіріп сүйсініп тұрғандар көп,
Баса-баса айтса деп тағы да бір.
 
 
Балқытып қара тастың өзін де өлең,
Бойды алып, бебеу қаға безілдеген.
Тамырда қыз-қыз қайнап, тасып қаны
Қыз да көп өткен түні көз ілмеген.
 
 
Арқырап кеп, біресе жайлап ағып,
Саңлақ əн самғап тынар қайда барып?
Айнала емін-еркін өзі билеп,
Жүрегін жұрттың жіпсіз байлап алып.
 
 
Көшкіндей сан-бөгеттен сырғып өтіп,
Қарқынын қақарлы жыр тұрды үдетіп.
Біресе қорқып қашқан киіктей боп,
Елеңдеп, ентігеді дір-дір етіп.
 
 
Біресе орман болып күңіренді,
Арман болып ындыны құрып өлді.
Біресе бүркіттей боп дəл түседі,
Түп-түгел тас шеңгелмен бүріп елді.
 
 
Біресе өзен болып сарқыла ағып,
Өзгеге ес жиғызбай қарқыны анық,
Жүректі шымырлатып, шыңылдатты-ау,
Сезімді шыңыраудан тартып алып!
 
 
Біресе жігіт болып жар мақтасты,
Біресе үміт болып алдап қашты.
Біресе Арғын-Найман асылы боп,
Тең түсіп таразыға салмақтасты.
 
 
Біресе жұрт сүлдері құрып əлгі,
Атылған жолбарыстай ыңыранды.
Біресе тура тиген найзадай-ақ
Жүректе дір-дір етіп тұрып алды.
 
 
Біресе аспан астын шайқап тағы үн,
Өрттей-ақ өршеленген жайпап бəрін.
Азынап, аласұра айһай, дүние,
Адуын айбатын бір байқатты арын!
 
 
Арғымақтай арынын кеш үдеткен,
Екпіндеп кете берді осы бетпен.
Жатты жұрт қозғалып қап, қазекеңнің
Қашаннан өлең десе есі кеткен.
 
 
Дей ме қыр: «Бəрін-бəрін ақтардым, көр!»
Таңырқап, таңдайын да қақты əркімдер.
Көлеңдеп көз алдынан бір-бір ұшып
Зымырап, сулап ағып жатқан күндер!
 
 
Естілмей екі күндей ат дүбірі,
Матайдың жырға балқып жатты қыры.
Біреулер ессіз күліп, есінесе,
Алапат ауыр ойға батты бірі.
 
 
Көрмеген көңілдер де өзгеге иіп,
Жиырылып-жазылады сөзге күйіп.
Жаншылап бара жатқан сияқтанды,
Ар-ұят ауырлығын сезген иық.
 
 
Өр екпін омыраулап, бұрқағанда,
Қайысып қала берді-ау қыр табанда.
Көрместен, көзге ілместен басқа əлемді,
Не жетсін осылай да бір шырқағанға!
 
 
Қызығың болмай-ақ та басқа білген,
Кетердей жаншып-езіп тасты арынмен,
Армансыз ақтарыла бір сөйлесең,
Жалғанды жалғыз жайпап жасқар үнмен!
 
 
Айнала асқақ үнмен бөлеп тіптен,
Қайда да қарсы атылып күйге ентіккен,
Арылып пенделіктің шаң-кірінен,
Айыға ақсаң-ау бір күйректіктен.
 
 
Жан сырын жатсын қанша ол ақтарып,
Ақынға қимайтының сол-ақ, халық!
Өлсе де – өледі екен о сабаздар
Əлемді от құшаққа орап барып!
 
 
Өрт болып өздері де маздап өткен,
Өмірден үлесті де аз дəметкен.
Бас берген бəсекеде, Құтқарам деп,
Шіркіндер сұлулық пен назды əлектен!
 
 
Білмеген жағына да, табына да,
Ұстаған пенделіктен жанын ада.
Көрмепті тəуелді боп, керек десең,
Қан тамған қылышынан ханыңа да.
 
 
Құлы боп, құмартпаған мəнсапқа онша.
Ежелден еркіндікті аңсап қанша,
Жаяу ма? Жарлы ма əлде? Елеместен,
Жетті деп жүре берген жан шат болса.
 
 
Кейде бір жаның күйіп, құлазысын,
Кеудеңде от барына разысың.
Еңсеңді тірлік қанша езгенде де,
Қырыңның жұртқа жасар біразы шын.
 
 
Біреуге атын айтып сұс қылмаған,
Керексе, көзге ілмеген «күштіңді» арам.
Жұртқа айтар сыры барда, жыры барда
Басқаңды көтіне де қыстырмаған.
 
 
От кеуде, аппақ ары, өр тілекпен,
Қапасқа қамасаң да – еркін өткен.
Сонда да басына бір бақ дарымай,
Əйтеуір асып жатқан дерті көптен.
 
 
Көнбеген ел сөзінен ол шеттеуге,
Көрмеген бақталас боп, өлшеп кеуде.