Za darmo

Сұлушаш

Tekst
Oznacz jako przeczytane
Czcionka:Mniejsze АаWiększe Aa
 
Деп еді, демі бар да, дəрмені жоқ,
Сормаңдай бейне өлік тұр сіресіп.
 
 
Күйеу жақ жаңа білді болған халды,
«Жауды» ұстап жабылуға үй қараңғы,
Біреулер қалқан болып, «қашпасын» деп,
Есікті жап деп іштен баса қалды.
Қорқақтар қиқушы боп, өз жандарын
Сақтайтын паналарға тасаланды.
Қызғандар намысына: «Ал, ұстайық,
Пəршалап өлтірейік осы адамды!» –
Деді де ұмтылысты.
Сонда Сұлу
Ес жиып, ауызға ап «жасағанды»,
– «Алтайжан… құтыл! –  деді, – мені таста!
Жеңбейсің жалғыз, өңшең есалаңды!»
 
 
Жан-жақтап суық қолдар жабысқандай,
Қордалы жылан көрген арыстандай,
Шошынды Алтай, қолдан түсті Сұлу,
Сылқ етті ақтық демін тауысқандай…
Шошынған Алтайда күш жоқ сияқты,
Жабылған мына топпен алысқандай.
Сонда ол қанжарына берді ерік:
Кейін жарып, кейбірін жанышқандай
Болғанда, жан түршігер бір шу шықты,
Тыңдаған болды естен ауысқандай.
Сып етіп үйден Алтай шыға келді,
Арты шу, құзғын, қарға, сауысқандай.
 
 
Тұр екен Тортөбел де тігіп құлақ,
Үстіне Алтай ырғып мінді бір-ақ.
Жөнеле бергенінде, арт жағынан
Жаулар да аттанысып қуды шұбап.
Жармасқанын сойылмен бір-бір қағып,
Талайының есі ауып қалды құлап.
Тортөбел ұшқан құсқа шалдыра ма,
Қара үзіп қуғандардан шықты жырақ.
 
 
Жаулардың қуғынынан аман шығып,
Атының алды Алтай басын бұрып.
Ыза-кектен алқынды, дем ала алмай,
Ой жүректі өңешке əкеп тығып.
Зарланды айдалада жалғыз өзі,
Бозарып атқан таңға қарап тұрып:
– «Сұм өмір, маған тартқан сыйың сол ма?
Бір ісім өмірімде баспады оңға.
Адасқан айдалада ақсақ аңдай,
Кездестім қайда барсам қазған орға.
Жалғыз сенген, сүйенген Сұлушашым,
Бүгін міне күң болып қалды қолда.
 
 
Өткелге жолықтырдың Құланөтпес,
Бір тауға өрмелеттің өмір жетпес,
Мен не жаздым, не іске күнəлімін,
Неліктен маған бүйтіп болдың кектес?
 
 
Сорлы анам, сорлы ұлды неге таптың?
Тапсаң да тірі ғылып неге бақтың?
Көрсетер бір жарығың болмаған соң,
Өмірім неге əуелі таң боп аттың?!
 
 
Жасымда өлмей, не үшін көрдім жарық?
Жасық болмай, неге өстім от боп жанып?!
Адам болып, басқамен тең болмасам,
Неге жүрмін адамның атын алып?!
 
 
Сорлы көз көрмесіңді неге көрдің?!
Біреуді қасіретке неге көмдің?!
Неге бірге өлмедім сол арада,
Сұлумен, ыңырсыған «өлдім, өлдім!..»
 
 
Осылай өтпексің бе өмір құрғыр?!
Өстіп жүдей бермек пе көңіл құрғыр?!
Қаңбақша ұшып, у ішіп өткенім бе,
Үміт шіркін ілікпей қолыма бір?..»
 
 
Күн шықты нарттай жанып нұры балқып,
Бұлттар демін бүркіп өтті қалқып,
Көп ойлардың артынан, Алтай іштен
Деді – «жасық болудан жігер артық…»
 
 
«Сұлуды арашалап алу жаудан…»
Барлық ойы құйылды соған сарқып,
«Қайсарды алып аттанар заман туды»,
Деп сар желіп жылқыға кетті тартып.
 
IV бөлім
КҮЙ
І
 
Көп таудың арасында арқадағы
Атақты бір сұлуы Қарқаралы;
Көркем кескін, Кербез тау адам түгіл,
Бұлтты аспандағы тарта алады.
Ол кезде мекендеген ел аз ғана,
Тайсалмай тауды кезіп жортады аңы.
Қоршаған Қарқаралы қорғанының,
Бұғылы тау отауы ортадағы…
 
 
Мезгіл күз, бар есімдік тартқан сарғылт,
Тау тебесі аспанда буды барлық
Өзіне тартып алып, түнеріп тау
Тұрғандай түнде түгіл күндіз қалғып,
Сол кезде Сұлушаш пен Алтай, Қайсар
Бұғылыға тығылды, жаулар аңдып…
 
 
Қылышын сүйреп ертең келгенде қыс,
Сүруі қиын тауда мұндай тұрмыс.
Таудан тайып бір жаққа кетер еді,
Аңдып жау аттатпайды бермей тыныс.
Ақыл, айла таусылып, қажып қайрат,
Кекке толып қазандай қайнады іш,
Осындай дағдарыстың бір күнінде,
«Істелік – деді Алтай – мынадай іс:
 
 
«Сиреді алып жейтін аңдар үркіп,
Қар жауып ертең сайға толса күртік.
Шаңғы киіп аяққа, аң аулайтын
Қолымызда жоқ садақ яки мылтық.
Бізді бұл қысқан қыстан сақтай-тұғын,
Қолға түссе қырағы алғыр бүркіт.
Бір бүркіт мына тұрған «самұрық» та
Күн сайын көрініп жүр түлен түртіп.
 
 
Жеуіне даяр тұрып ет пен майлар,
Бүркітті еріккеннен салса байлар,
Бүгінгі біздің тұрмыс үшін бүркіт
Əрі тамақ, аңдарға əрі айбар.
Егер де сəті түсіп ұстатпаса,
Сіле қатар кез болды бармақ шайнар.
Бұл үміт ілікпесе, суық түссе,
Дей алмаймын өлімнен басқа жай бар».
 
 
«Етпейік – деді Қайсар, – текке уайым,
«Самұрықты» шолғамын, білем жайын,
Егер де шығуға сен жүрексінсең,
Етекте қал, биікке мен шығайын.
Бер жағы күз болғанмен, арғы беті
Саусақтың саласындай жиі қайың.
Тəуекел! Өзің айтшы: қалайша күн
Көресің? Жаудан тайып, таудан тайып!..
 
 
Уайымда, уайымдама ажал біреу,
Керек жоқ бізге оны ойлап жүдеу,
Уайым – дауыл, адам – үй, соққанда ол
Жыққызбайтын ығында ақыл тіреу.
Неге тірлік іздейміз бітсе өлмей,
Егерде алдымызда бітсе тілеу?
Демегін бұл сөзімді: сөгу, мінеу.
 
 
«Келгенде осы тауға кездескен шал,
Бізге берген бір тор мен бір арқан бар,
Арқанды белге байлап мен шығайын
Бір ұшын ұста да сен төбеде қал.
Арқанды байлағасын құласа да
Түк қылмайды қандай құз, болғанмен жар.
Кəнекей осы қамға кірісейік,
Құр оймен басымызды қылмайық дал»
 
 
«Онысы рас – деді Сұлушаш та, –
Күн көрелік, бүркіттен амал басқа
Таусылды. Тəсіл тауып айла құрып,
Шығу керек қайткенмен қия тасқа.
Егерде сырты қою орман болса,
Емес пе тастын, өзі тауға баспа!»
Қайсар, Алтай мақұлдап Сұлушашқа
Деді, –
«Бірақ, сен бұған араласпа!
 
 
Еш қауіп көңіліне келмесін ой,
Ақылын тапса тауға жетеді бой.
Біз кеткесін манағы тұзақпенен
Ұстап алған жақсылап қоянды сой.
Біз аса кешікпеспіз. Оралғанша
Жадырап ішетін бір ас қылып қой.
Сəті кеп, бүркіт қолға леге қалса
Қыс бойы қоян асып жасаймыз той!»
 
II
 
Үмітін тіршіліктің жүктеп ауға.
Тырбиып тасты төсеп омырауға,
Кейде ұстап қайыңнан, кейде тастан,
Асылып кей мезгілде арқан бауға.
Өкпесі күйіп кейде, дем ала алмай.
Жақындап таудан төмен домалауға, –
Қайсар мен Алтай ұзақ бейнет шегіп
Алқынып бір мезгілде мінді тауға.
 
 
…Қарамай денесіне тастар жырған,
Бейнетпен асып нелер қия, қырдан,
«Самұрықтың» өркеші – Сандықтастың
Тебесінде ұялы қайың тұрған.
Сол ұяға өрмелеп Қайсар барып,
Бүркітке бұтақты өрлей торын құрған
 
 
Сандықтас төрт бұрышты бір биік құз,
Тасы бейне сырғанақ жып-жылтыр мұз,
Аяқ басар, қол ұстар жерлері жоқ,
Басына шыға алмайды баспалдақсыз.
Не заманнан бүркітке қонақ үй боп,
Басындағы ақ қайың өскен жалғыз.
Қайыңдағы ұяға қолы жетпей,
Талайлардың жігері қайнаған қыж.
 
 
Ар жағы Сандықтастың тұңғиық жар.
Қайың өскен сол құздың жарына дəл.
Жар қабағы сырғанақ,
Тұру қиын,
Беліне арқан байлап шықпаса əгəр.
Жар тасының қырының өткірлігі,
Қайралған, қылпылдаған пышақтай бар,
Сандықтастың өн бойы өрлегенде
Аранын ашып тұрған бейне – ажал.
 
 
«Жан керек батырға да» дегендейін,
Екі дос үндеместен көпке шейін.
Отырысты,
Алтайдың ауды көңілі
Қайтуға кейін қарай болып бейім.
Сандықтасқа шығуға олай-былай
Ойлап, онда таусылды ақыл-зейін.
«Қане, Алтай, тұрайық» деді Қайсар
Отырып дем алғаннан біраз кейін.
 
 
Екеуі түрегелді қосыменен.
«Бітті ме – дегендей – іс осыменен?»
Бір-біріне төнісіп,
Көз қарауы
Арқылы ұғысты дос досыменен.
Оқысты көздерінен жазуларды
«Өлер я тірілер жер осы» деген.
Толқыған ой тірелді деген жарға:
«Қорыққан да күн көреді несіменен!»
 
 
«Лəм десіп бір-біріне келмей сөзге,
«Қайтайық» басыңқырап тұрған кезде,
Бір нəрсе далбаңдаған Сандықтастың
Төбесінде ұшырай кетті көзге.
 
 
«Алақай!.. Бүркіт, бүркіт, бүркіт, бүркіт..!
Дегенмен тіл келмеді өзге сөзге.
Шумақталған арқанды Сандықтастан
Лақтырып түсірді Алтай лезде.
 
 
– «Қане, Қайсар, –  деді ол – ұшын ұста!
Өрмелейін тұзаққа түскен құсқа»
– Жоқ Алтай, сен бармайсың, мен барамын!»
– «Мен барамын!..»
– «Мен барам!..»
– Ол дұрыс па?
 
 
«Егерде бізде достық рас болса,
Кезектесіп кіреміз не жұмысқа!»
Ерегістің үстіне екеуі де
Ойлады, деп: «қырсық па, əлде ырыс па?»
Алтайдан қалап Қайсар кезек алды,
Өрмелеп Сандықтасқа қинап жанды,
Тер құйылып, алқынып, өлдім-талдым
Дегенде төбесіне зорға барды.
Шаңқылдатып, шекпенге орап, төмен
Жіберген бүркіт зырлап кете барды.
Сол кезде басқан бұтақ сынып кетіп,
Асылып құзға Қайсар тұра қалды.
Домалап бүркіт төмен түсті аман,
Қайсарға бірақ Алтай болып алаң.
Айғай салды биікте:
«Бар ма Қайсар, –
Деп оған – əрі сырғып түсер шамаң?»
Алтайға талусырап келді дыбыс:
«Қош бол, ажал таянды – деген, – маған!..»
 
 
Көзінен жас Алтайдың кетті ытып,
Ішіне ауа емес, жалын жұтып,
Арқанды қарағайға шырмай тастап,
Өрледі тасқа өзін-өзі ұмытып.
Тас та тіреп кеудеден жіберуге,
Төс терісін айырып түсті сытып,
Төбеге шығып төмен көзін салса,
Қиық арқан тұр досын зорға тұтып.
 
 
Еңкейді, созды қолын, жетпеді қол,
Қия тас қол жетуге бермеді жол,
«Қайсар-ау енді қайттім?!» – деп зарланған
Алтайға талусырап қарады ол.
Арқанның соңғы жібі қиыларда
Айтқан сөзі: «Жан досым, сен аман бол!»
Қиылып арқан, Қайсар кетті құлап.
Тимеді тас та аяп жолда бірақ.
 
 
Құзғын мен қарғаларға шоқытпайын
Дегендей сарқырама бөлеп бұлақ.
Көмуге көлге сорлап жөнелгенде
Жолында жабырқаңқы тартты құрақ.
Не қыларын біле алмай, Алтай жарда
Бұлақтай жасы саулап тұрды жылап.
 
III
 
Сайтанкөл Бұғылының қыр басында,
Саладай қарағайдың арасында.
Сол қарағай ішінде іші пысып,
Зар болып көзге ілігер қарасынға,
Жан-жағына жаутаңдап, үрейленіп
Екі биік қабақтын, арасында, –
Сұлушаш ұзақ терең ойға кетіп,
Тұрды көлдің бір биік жағасында.
 
 
Айнала иірілген таулар жалғас,
Құзар биік басына бүркіт бармас.
Əсіресе «Самұрық» құзын көріп,
Деп ойлады Сұлушаш «бара алмас».
Жүрегі кетеді айнып қарағанда,
Шыққаны еске түсіп тауға алғаш.
Көзіне мөлтілдеген жасын іркіп
«Ə, Жасаған, – деді ол – ақ-сарыбас!»
 
 
…Зорайтып біраздан соң жел де күшін,
Үрледі өршелене тартып ішін,
Торғын аспан түнеріп мейірімсіз,
Бетіне біте қалды сұрғылт пішін.
Құндағы қабақ түйіп, бетін бүркеп,
Көзін жұмды əлдекім қайғысы үшін.
Қайтқан қаз «өтті деп жаз» Сұлушашқа
Амандасты көрдік деп күзден қысым».
 
 
Сұлушаш деді қазға:
– «Ə, қайтқан қаз!
Бітті деп бұл маңайдан барасың, жаз.
Бізге де бұл маң сендей суық қарап
Не аңда, не адамда досымыз аз.
Аз емес, жоқ төңірек толған аран,
Біз түскен жол емеспе, сыз, батпақ, саз
Сондықтан қаз, мен сені досым көріп
Құлақ салсаң азырақ айтамын наз».
– «Көлге кеп қон, асығыс қанат қақпа!
Серіктерге сендерді дейін «атпа!»
Тым болмаса тоқырап жөніңді айт,
Барасың бетті бұрып қандай жаққа!
Əлі де барар жерің жарқыраған
Мəңгілік жазы туған түгел шат па?
Ондай жер болса бізге жөніңді айт,
Жетейік іздеп барып біз де баққа»…
 
 
– «Онда да сүйіскенді айыра ма?
Сүйгендер сүйдім деуге тайына ма?
Сүйгендер сүйдім деген сөзі үшін,
«Бұзық жан» деген атқа жайыла ма?
Қарамай қарсылыққа малы көптер,
Сүйместің басын малмен қайыра ма?
Шығара ала ма онда сүймегендер
«Сүймеймін» деген сөзін жарияға?»
 
 
– «Болмаса ноқтаға бас сұғына ма?
Ноқтаны бостандық деп ұғына ма?
Егер де сұғынбаса соры қайнап,
Жұрт түгел дұспандыққа жұмыла ма?
Жұмылса жұрт «жазықты» атанғандар
Біздей тауға бас қорғап тығыла ма?
Тығылса тауға, ішер тамақ таппай
Тор арқалап тоғайға шұбыра ма?..»
 
 
Көзіне осы кезде алған іркіп,
Сұлушаш орамалмен жасын сүртіп
Қарады ұшқан қазға кеткен жырақ,
Біразға дейін Сұлу қақпай кірпік.
Көзінің қарашығы қадалғанда
Атса егер кетпестей болды мүлтік.
Қаздар ғайып болғанда Сұлушаштың
Есіне іздеп кеткен түсті бүркіт.
Қарады көзін сүзіп Самұрыққа.
Самұрық ұшар басын сұғып бұлтқа
Тұр екен, Төбесінде бірдемелер
Қозғалып қыбырлады ұқсап құртқа.
«Жасаған, – деді Сұлу, – жолын беріп,
Зарыққан жолаушының жүзін жыртпа!»