Za darmo

Кенесары – Наурызбай

Tekst
Oznacz jako przeczytane
Czcionka:Mniejsze АаWiększe Aa
 
Ат үстінде көлбеді,
Өткізіп қашты шылбырын
Ер Бидерінің белбеуге.
 
 
Үш ай тоқсан күн еді.
Шаруа шешкен күйегін.
Науан бұл жол ағытты
Ерлігінің тиегін.
Түсіріп төре кеткенде,
Кене хан қақты иегін.
Бұқарбай батыр ап келді
Ер Бидерінің сүйегін.
Қазақ, дулат жиналып,
Мақалай қылды сүйегін!
 
 
Ағыбай батыр шабады,
Қашқан атын көреді.
Қырғыздан қорқып таймады,
О да қайсар ер еді.
Алып ханға келеді,
Тарту қылып береді.
Бұқарбайды мақтады: –
– Бəрекелді, ерсің! – деп,
Ағыбайды шақырды, –
– Атын алып келсін, –  деп, –
Сүйекке шапқан ер болар,
Атын соған берсін, – деп,
Сүйекке шапқан ер болар,
Əркім мұны көрсін деп, –
Жауға шапқан батырлар
Намыстанып өлсін, – деп. –
 
 
Көңілде үлкен ер едің,
Сүйекке неге шаппадың?!
Жарамады олжа деп,
Ағыбай, атқа шапқаның.
Сүйекке шапқан ер екен,
Бұқарбайды мақтадым.
Ағыбай батыр қорланды,
Екі жағына сыймады.
Ішін жарып өлерге
Жанынан пышақ таппады.
Олжа болад баласы
Ер Бидерінің артынан.
Ораз кірді майданға,
Озып жүрген халқынан.
Ол да айтулы ер еді
Сұңқар құстай талпынған.
 
 
Ораз келді жұлқынып,
Бастан ауған бағы бар.
Қатын түсіп қазаққа,
Қарайып жүрген қаны бар.
Аза қорлық кірген соң,
Тек шықпаған жаны бар.
Жаны нағып шыдасын,
Дүниенің не сəні бар –
Наурызбайдың қосында
Некелеп алған жары бар.
Шуыменен қопарып,
Ораз шапты ар жақтан.
Екі беті қызарып,
Наурызбай шапты бер жақтан.
Қырғыз, қазақ екі жар
Қарап тұрды жан-жақтан.
Найзаларын көтеріп,
Бірін бірі көздеді.
Ашуланған батырлар
Жолыққанша төзбеді.
Бірін бірі аямай,
Ет жүректі мезгеді.
Ораз батыр жығылды,
 
 
Найза бұрын кез келді,
Ақбоз аттың сол жақтан
Ораз барып жығылды.
Қайтып адам болмастай,
Шыбын жаннан түңілді.
Тілге келмей сол жерде,
Жер бауырлап сүрінді.
 
 
Баяғы сөзден Ағыбай
Қарайған екен қанына-ай.
Жеткен екен төпелеп
Наурызбайдың жанына-ай.
Түсіріп төре кеткенде,
Шауып барып Ағыбай,
Көтеріп алды Оразды
Телқоңыр аттың жалына-ай.
Қоқилатып қырғызды,
Бермей кетті тағы да-ай.
Қазір оңға қарап тұр
Наурызбайдың жұмысы.
Əзір аса біткен жоқ
Хан Кененің тынысы.
Қара ала атты бір қырғыз,
Жаңқараш бидің інісі,
Жекелеп кірді майданға,
Батыр екен мұнысы.
Наурызбай қарсы шабады
Жеке шыққан батырға.
Тайынбай қарсы келеді,
Қашатұғын қатын ба?!
Жалақтатып найзасын,
Жетіп келді жақынға.
Алақтатып састырып,
Батырды ұрды қапыда.
 
 
Жеке шыққан батырдың
Бəріне берді ақылды.
Орнынан тұрмай жатсын деп,
Найзасын қатты батырды.
Қызыл ала қан қылды
Қызыл судың жиегін.
Науан бұ жол ағытты,
Ерлігінің тиегін.
Жақын жерде қырғыз жоқ,
Өзі алып қалды сүйегін.
Шапқан сайын Ақауыз
Жерді тарпып, өктеді.
Наурызбайдың ерлігін
Қырғыз, қазақ сөкпеді.
Екі мың қырғыз жиылды,
Қазақпен соғыс еткелі.
Ерлердің алдын орады
Жаяу мерген төккелі.
Жекелеп енді соғыспай,
Қырғыздар тұрды бекерге,
Хан иек қақты нөкерге.
Арба арысын көтерді,
Зеңбірекке оқ берді
Құлағына от берді.
Асығыс атты байламай,
Алдында əскер жоқ болды.
Зеңбіректің аузынан
Сылдыр-сирек топ келді.
Зеңбіректің ауызы
Қолдың болды көбіне.
Сегіз кісі ұшырды
Сылдыр-сирек шетімен.
Бір боз атты ұшырды
Қолдың арғы бетінен.
 
 
Мұны көріп қырғыздар,
Ойран болып бүлінді.
Қасында тұрған Наурызбай
Сұңқардайын ілінді.
Жəне оқтап атқанда
Бір керемет білінді:
Ұрмай-соқпай, зеңбірек
Ортасынан бөлінді.
Қырғыздар шыдап тұра алмай,
Қаша берді алақтап.
Наурызбай кетті соңынан,
Найзаменен шабақтап.
Бір-біріне ат қойды,
Қырғыз, қазақ жан-жақтан.
Бір тозаңның астынан
Гүл-гүл жанып, ыржақтап,
Шыға келді Наурызбай,
Тоғыз ат алып салақтап.
Он бес атты ап келді
Меңдібай, Дулат, Ағыбай.
Он екі атты ап келді
Шəкір, Жəуке, Толыбай.
Он төрт ат бар қолында
Қабан менен Бұқарбай,
Құрбан келді төрт атпен,
Нөпірі шығып тұлпардай.
 
 
Бəрі келіп қосылды
Қызылсудың беліне.
Көңілі бітті Науанның
Тұз татырған еріне,
Науан тағы жөнелді
Таудың төскей өріне,
Қашып барып қырғыздың
Қамал соққан жеріне.
 
 
Жөңкіліп жүрген қырғыздың
Наурызбай үстін қаптады.
Сегіз мерген бір жерде
Беліне шіреніп жатқаны.
Жалғыз барған төрені
Бəрі тегіс атқаны.
Шара бар ма, Құдайдың
Бұ сапар да қаққаны.
Қой боғындай қорғасын
Қаза болып таппады.
Мылтығын тастап тас-тасқа,
Қайта қашты мергені.
Лап қоя шапты қырғыздар
Мергеннің атын бергелі.
Жалғыз шауып Наурызбай,
Қырғыздың жолын кернеді.
Үшеуін шаншып өлтірді,
Бесеуі тірі, өлмеді.
Бес мергенді тірі айдап,
Ханға алып келгені.
Сегіз мылтық өңгеріп,
Тарту қылып бергені.
 
 
Сол уақытта Ақауыз
Жер тарпиды оянып.
Наурызбай жүр үстінде,
Қылышы қанға боялып.
Қанына қырғыз қарайды,
Несіне тұрсын аянып.
Наурызбайдың үстіне
Бəрі келді таянып.
 
 
Аллалап жүрген қырғыздың
Желі тұрды оңынан.
Ай мүйізді қошқардың
Бəрі тартты қоңынан.
Ақауыз ат құлады
Қырғыздың атқан оғынан.
Наурызбайға ұмтылды
Қалың қырғыз шоғынан.
Қызылсу мен Дуанның
Аңғарынан шаң асты.
Қырсықтың алды емес пе,
Төреден əркім адасты.
Қырғыз, қазақ екі жар
Наурызбайға таласты.
Қырымда жүрген Бұқарбай
Атына қамшы бір басты.
Үзеңгісін шығарып,
Наурызбайға жанасты.
Бұқарбайдың алдына
Наурызбай алды мінгесіп.
Жауға түсіп қалмасқа,
Қаша берді «шүу» десіп.
Наурызбайды тұтпаққа,
Қырғыз да қуды ілесіп.
Қазақтан адам аз болды
Бермейтұғын тіресіп.
Қорғайын деп қырғыздан,
Ағыбай сыртын айналды.
Шамасы келсе тіресіп,
Қорғамаққа ойланды.
Бұқарбай мен Наурызбай
Салар еді ойранды.
 
 
Мінгесуі бір атқа
Олардың қолын байлады.
Сол уақытта қырғыздар
Басқын жетігі өрледі.
Жалғыз өзі Ағыбай
Қорғауға əлі келмеді.
Алдыңғы жеткен қырғызды
Араға түсіп кернеді.
Қолындағы найзасын
Оңды-теріс сермеді.
 
 
Атасы өткен Абылай,
Тілеуді берген бар Құдай.
Бұқарбай мен Науанға
Ұмтылды қырғыз жабыла-ай.
Шəкір де жетті бір жақтан,
Қабан менен Меңдібай.
Кертайлақ атты жеткізді
Жəуке менен Толыбай.
Кертайлық ат жеткен соң,
Мініп алды Наурызбай.
Сегіз кісі бас қосып,
Су бойында ауысты.
Тоқтата алмай көп жауды,
Үстіртке ойнап шығысты.
Кезек жұмсап келеді
Найза менен қылышты,
Қалың жеткен қырғыздан
Ала алмады тынысты.