Za darmo

Кенесары – Наурызбай

Tekst
Oznacz jako przeczytane
Czcionka:Mniejsze АаWiększe Aa
 
Көп қорқытпа, Наурызбай!
Күнім түссе-көрермін,
Бұйрық болып Құдайдан,
Қаза жетсе – өлермін.
Арманда болып кетпеспін,
Бір соғысқа келермін.
Жаппар ием жар болса,
Сазаңды əлі-ақ берермін.
Ержан кеткен түн қатып,
Хан қылған соң өкімді.
Төрт жүз кісі бөлініп,
Қалың қолдың шетінде,
Барлап қарап келгелі,
Жау бар ма деп бетінде,
Түнде кеткен аз кісі
Қапаланып, өкінді.
Жасанған жауға жолығып,
Ержан бір түскен секілді.
Ханға келді Наурызбай:
– Ержан жауға барыпты,
Бүгін мойны қалыпты.
Қаталанып ініңіз,
Бармағын тістеп, налыпты.
Кенеке, айтпай қайтейін,
Ініңіз қолды болыпты.
Пенде болып қырғызға,
Ержанның көңілі шөкпесін.
Ержан тұтқын болды деп,
Қырғызға дабыл кетпесін.
Бізді жоқтап Ержекем,
Көзінің жасын төкпесін.
Жолығыпты аңсызда
Ержан батыр аранға.
Ағасы өлсе алдында,
Інінің күні қараң да!
Аттансын деп батырлар,
Шашалық жарлық хабарды.
Енді мұнда, тақсыр хан,
Тұрмағымыз арам-ды.
 
 
Маған жауап беріңіз,
Екі-үш жүз кісі алайын.
Көп кешікпей, Кенеке,
Ержанды іздеп барайын,
Асуына шығармай,
Иіріп алып қалайын.
Қан құстырып келейін
Сақауқырғыздың талайын.
 
 
Кене хан жауап бермеді,
Наурызбай бүй деп келген соң.
Келіспестей көрінді
Наурызбайды бөлген соң,
Қырғыздың қолы көбейіп,
Жақынға келіп төнген соң,
Қолға толды Самсы мен
Қызылсудың кемері.
Шығар мезгіл таянды
Ат пен ердің өнері.
Бір мезгілдер болғанда,
Ұзын бойлы, жебелі,
Күрең қасқа ат мініп,
Шеннің ұлы Бидері –
Жекелеп кірді майданға,
Ер Қанайдың немері.
Бидері кірді майданға:
– Жеке, батыр, жеке! –  деп.
Қарсы қарап тұрады;
«Ке-ке, батыр, ке-ке!» – деп,
Жақын жерден шөкелеп.
Қазақтан ешкім шықпады
Жылдамырақ төтелеп.
Байұзақ датқа сөйледі,
Ашуланып, ақырып.
Халқына қарап сөз айтты,
Оң-терісті сапырып: –
– Не қылып тұрмай отыр?! –  деп,
Батырларын шақырып,
Дулаттан шыққан батырдың
Талайына батырып.
Қолға толды Самсы мен
Қызылсудың арасы.
Қысылған жерде əркімнің
Тəңірім болсын панасы.
Қарағаштай көп қазақ,
Ханға болдың қарашы.
Бидері кірді майданға, –
Қырғыздың бір баласы.
Оның бізден артық па
Атасы мен анасы?!
Билерге қарсы барыңдар,
Бізден бір батыр данасы.
Таусылдың ба, Мəмбеттің
Найза ұстаған баласы?
 
 
Батырлардың майданда
Қызбас болды ойыны.
Қайғыға толды бұл сапар
Қазақтардың қойыны.
Байұзақтың сөзіне
Бастамады тойыны.
Еш адам басын көтермей,
Төменге түсті мойыны.
 
 
Қырғыздың қолы көбейді,
Əр жерлерден құралып.
Қыстай мінген қазақы ат,
Тастап жатыр тұралып.
Шыдамады Наурызбай, –
Киіміне қыналып,
Түрегелді орнынан,
Шыбықтай белі бұралып.
Қамзол ішік үстінде,
Бауын үзіп белсеніп,
Ақауыз атқа мінді де,
Түсті таудан теңселіп,
Қатуланып жөнелді,
Алғалы жауды еңсеріп.
Наурызбай сөйлеп жөнелді:
– Батырлар, құлақ салыңыз.
Қарағаштай көп қазақ,
Бақытты болсын ханымыз.
Жау қарасын көргенде,
Қайтпасын бастан бағымыз.
Ержан түсіп қырғызға,
Дұспанға кетті арымыз.
Онан біздің артық па,
Майданға кірмей, жанымыз.
Ержан үшін жарассын
Ақбоз атқа қанымыз.
 
 
Қарағаштай көп қазақ,
Іс көрсетер күн бүгін.
Ержан түсіп қырғызға,
Бізге қайғы күн бүгін.
Арманда болған ер үшін
Кегін алар күн бүгін.
Қылыштасып майданда,
Қол сілтесер күн бүгін.
 
 
Таудың басын алсын тұман,
Жаппар ием болсын панаң!
Қырғыздарға бермей аман,
Ұмтылыңдар, келсе шамаң.
Болсын жауға ақырзаман,
Жаннан кешер күн бүгін.
Наурызбайдың сөнді зары,
Ұрыстың қызсын базары.
Кенекемнің қошқарлары,
Қайтпасын жаудан назары.
Болыңдар қырғыз тажалы,
Қол ұстасар күн бүгін.
Наурызбай мұны айтады,
Тартып-тартып жіберді
Ақауызды жанбасқа.
Қолын салып, суырды,
Тұрсынбай берген алмасқа.
 
 
Артына көзін салмады
Үйдегі қалған мал-басқа.
Наурызбай шыға шабады.
Кекіліктен зырқырап.
Бидері шапты қасқа атпен,
Құйындай шаңы бұрқырап.
Сонда басын көтерді,
Отырғандар көзі жылтырап.
 
 
Наурызбайдың сөзіне
Батырлары шыдамай,
Хан қасынан ұмтылды
Меңдібай, Дулат, Ағыбай,
Арғыннан шыққан үш жігіт –
Шəкір, Жəуке, Толыбай.
Олардан кейін қала ма
Табыннан қабан Бұқарбай!
Сегіз кісі жөнелді,
Наурызбайдың соңынан.
Бұл сапарда төренің
Жұлдызы туды оңынан.
Шаба алмайды қазақы ат
Тас пен таудың тоңынан.
– Бидері сонда сөйледі:
Патша зада баласың,
Алдыңа айдап, қырдың сен
Қырғыздың қатын-баласын.
Жеке келсең болмай ма,
Ақылың асқан данасың!
Тайғандарыңды ертіп,
Төрем қайда барасың?
Жолсыз істі қылмағын,
Наурызбай асыл ер еді.
Артына қарап сол жерде,
Батырларын көреді.
Оларға қарап сөз айтып,
Қайтуға жарлық береді.
 
 
– Əрбіреуің шерге ұсап,
Келдіңіз бе, нарымыз?
Шығасы болса кеудеден
Бүгінгі күн жанымыз,
Келгенменен, ерлерім,
Қорғауға келмес халыңыз.
Берсе Тəңірім абыйыр,
Түсірген атымды алыңыз.
Жазым болсам, артымнан
Сүйегіме шабыңыз.
Қырғыздың айтқан сөзінен
Төгілер болды арымыз,
Сөзге сынық болмайын,
Ерлерім, кейін қалыңыз!
 
 
Бидері менен Наурызбай,
Жақындасып барысты.
Астындағы мінген ат
Ауыздыққа қарысты.
Ат үстінде алысты
Найзаменен салысты,
Бір-біріне жабысты,
Керегедей қабысты.
Ерлерінің артына
Мініп-мініп қалысты.
Жəне қайтып екеуі,
Бұрқ-сарқ етіп айқасты.
Айқасып қалған мезгілде
Төренің асты айласы,
Қайраттың тиді пайдасы.
Шолтаң етіп Бидерінің
Аспанға шықты найзасы.
Бидері шығып жолыққан
Қызылсу, Самса бауырынан.
Наурызбай шығып жолыққан
Кекіліктің тауынан.
Айқасқанда екеуі,
Өшігіскен жауынан
Бидері барып жығылды
Күрең қасқа аттың сауырынан.
Қыстай шауып жол болған
Шу менен таудың арасы.
Бұл сапарда жар болды
Хан Абылай бабасы,
Қырғыз аттан жығылып,
Батып еді қарасы.
«Я, Құдайлап» шуласты
Үш алаштың баласы.
 
 
Аллаға Науан сиынды,
Аузы кетпей тілектен.
Қайраты көп болған соң,
Найзасы аумай білектен,
Шанышқан екен Наурызбай
Бір қырғызды жүректен.
Сыртына шығып, найзасын
Жерге басып, тіреткен.
Суырылмай темірі,
Қанменен қатты-ау жібектен.
Əр тараптан қырғыздар
Жағалай шауып жиектен,
Тұс-тұсынан ат қойды,
Үміткер болып сүйектен.
Жалғыз шапты Наурызбай,
Жауға қарсы енуге.
Арасы алыс дауыстап
«Барма, мұнда кел» деуге,
Шауып барып Бұқарбай,