Za darmo

Кенесары – Наурызбай

Tekst
Oznacz jako przeczytane
Czcionka:Mniejsze АаWiększe Aa
 
Жетпіс-сексен түйесін.
Бөліп берді бəріне
Сыбағалы тиесін.
 
 
Наурызбай гүл-гүл жанады,
Ақ білегін сыбанып.
Жауды аралап қырады,
Қолына жасыл ту алып.
Шын қаһарға мінеді,
Ақша беті қуарып.
Бозбалаға сөйлейді,
Ағасын көріп қуанып.
 
 
– Абылай аспас асуда
Кенекем дүкен құрғаны.
Батырлардың жараспас
Майданға кірмей тұрғаны.
Кенекем келді біз үшін,
Үш алаштың қорғаны.
Аянбай бүгін іс көрсет,
Таманың батыр Құрманы!
Кеудедегі шыбын жан –
Ар-намыстың құрбаны.
Жар бола көр біздерге,
Атамыз өткен Абылай!
Осындай қиын жерлерде
Тілеуді бергей бір Құдай.
Сендер едің қанатым,
Меңдібай, Дулат, Ағыбай,
Арғыннан шыққан үш жігіт
Шəкір, Жəуке, Толыбай.
Ұмтылыңдар, ерлерім,
Жан-жағыңа қарамай.
 
 
Мылтықтың оғы от алмас
Құлаққа дəрі тұтанбай.
Ақ кіреуке, көк сауыт
Таза жүрсе, тот алмай,
Мылтықтың оғын жібермес
Шығыршығы жұқармай.
Жаман жігіт тозады,
Жауды көрсе қотандай.
Атақты ердің бірі едің
Иісің шыққан жұпардай.
Аянбай бүгін іс көрсет,
Табыннан қабан Бұқарбай!
 
 
Тайынбай жауға кіріңдер,
Айбынды туған ерлерім!
Мінген атың тобышақ,
Күмісті қылыш белдерің.
Осындайда керек деп,
Көзімнің майын бергемін.
Ат мініп, жарақ асқалы
Бəрі осы ма көргенің!
Наурызбай батыр сөйлейді:
 
 
– Жара жоқ менің етімде.
Ойын салды бозбала
Алатаудың бетінде.
Мұнда қылмай қайратты,
Қосқа барып өкінбе.
Он екі самқал, жүз мылтық,
Кенекем келген секілді,
Кенекем келіп қосылды,
Кім тұрар оның бетінде?!
Ықпалың жүріп тұрғанда
Қылыңдар жауға өкімді.
Істерің жақса, бектерім,
Бұл соғыстың ретінде
Ұстатармын қолыңа
Қос-қосынан жетімді.
 
 
Жарасалық дегенде
Бергендей қырғыз бар малын.
Бітіре алмай төре жүр
Көңілдегі арманын.
Бетіне келер қырғыз жоқ,
Алып жатыр жан-жағын.
Жəне бұзды сол күні
Ақсудың барып қорғанын.
 
 
Соншама мықты берік еді
Ақсудың салған қаласы.
Екі жүз үйдің мекені
Ақсудың аяқ саласы.
Сегіз мыңдай бар еді
Сол күнгі қолдың шамасы.
Қорғанды бұзып, мал алды
Айман батыр ағасы.
 
 
Кенесары, Наурызбай
Келтіріп жүр кертіне!
Шауып, жаншып, талатты,
Қырғызды қоймай еркіне.
Бір бөлек қырғыз қалмады,
Қашып барып беркіне.
Бақыты шауып тұрғанда
Кене хан жетті сертіне.
Шауып алды тал түсте
Аспара мен Меркені.
Он екі мың кісінің
Көбі Дулат халқы еді,
Егескенде мұқату –
Хан Кененің салты еді.
Меркенің тұтқан ұлығы
Меделі деген сарт еді.
Ақауыз деген арғымақ
Меделі берген ат еді.
Ауызға кіріп сөз болған,
Тұлпардан артық зат еді.
 
 
Дұспаны қайтіп кемітер
Кене хан мен Науанды!
Дабысы кетті күңірентіп
Аспара мен Дуанды.
Қалың жатқан қырғызды
Жеңгеніне қуанды.
Қарақыстақ, Шөңгірге
Ұйысқан қырғыз қамалды.
Қол сыймады жүргенде
Алатаудың бауырына.
Дулатты хан жұмсады
Өшіккен қырғыз жауына.
Түсіп жатыр көп қырғыз
Кене ханның ауына.
Он мың кісі ат қойды
Кекіліктің тауына.
 
 
Мұнарланып шаң болды
Қызылсудың саласы.
Бұл сапарда жар болды
Хан Абылай бабасы.
Қырғызға лық толыпты
Алатаудың арасы.
Қол алдында жүр екен
Қырғыздың бір данасы.
Наурызбайға кез болып,
Тұра қалды жанаса.
Кəрібоз деген кісі екен,
Ер Қанайдың баласы.
 
 
Кəрібоз сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Ей, Наурызбай, ер төрем,
Қарайып жүрмін қаныма!
Аза қорлық көрсетіп,
Қатты баттың жаныма.
Не жазығым бар еді
Кенесары ханыңа?
Бітті деп көңілі тынбады
Қырғыздағы арына.
Алмаған ары қалды ма
Қырғызда оның тағы да?
 
 
Құсшыны шапты шулатып
Қарақыстақ, Шөңгірден.
Қалшаны ұстап байлады
Хан болып халқын меңгерген.
Абылайдың тұсында
Қылған ісің жөн келген.
Қырғыздың жолы бар ма еді
Қалыңсыз саған қыз берген?
 
 
Қыстай шаптың елімді,
Малымды салдың телімге.
Босатып қондық, бостырып,
Атамекен жерімді.
Бұрыңнан-соңнан бар ма еді
Елшіге ниет өлімді?
Жаманқарамды өлтіріп,
Бір сындырдың белімді.
Тіріме қылсаң болмай ма,
Өлгенім саған не қылды?
Атаңның ақы бар ма еді
Есқожа, Қанай көрінде?
Ашуын бұған бассын деп,
Жерімді саған тастадым.
Бұл алғаның емес пе
Үстімді келіп басқаның?
Жалғыз-жалғыз ат мініп,
Қорғалап тауға қашқаным.
Не себептен хан Кене
Қырғызға мұнша өшікті?
Ақ қалпақты қырғыздан
Қазаққа берді несіпті.
Ат мініп, садақ асынған,
Бізді аямай кесіпті.
Есіркесең болмай ма
Жолыңда жатқан бесікті?
 
 
Балалы арқар баурайды,
Баласыз арқар маңырайды
Мейірімсіз мұнша іс қылдың,
Көп мұсылман зарлайды.
Төрелер, қайда барсаң да,
Рақымсыз атың қалмайды.
Не қалмақ пен шүршіттің
Қырынан шықсаң болмай ма?!
Наурызбай сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді: –
Жақсы айтасың, Кəрібоз,
Тату едім сенімен.
Қонысты кəпір алған соң,
Кенекем көшкен жерінен.
Бауыры суып ол жақта,
Қарашы болған елінен.
Он екі кісі жібердік
Бекбатырдай еріммен,
Бізге қоныс берсін деп
Қоқидың салған көлінен,
Екі ай жатты тұтқын боп
Жанқараш, Жантай бегіңнен.
Аулыңыз баса қонған соң,
Азар шыққан өлімнен.
Жаманқараңды өлтірдім
Өзіңнің салған жолыңмен.
 
 
Кім таласар Құдайдың
Бендеге берген бағына?
Қорған болып халқына,
Əркім шықсын табында.
Қанайыңа мен қылдым
Кекті болған шағымда.
Сенің ақың бар ма еді,
Андасымның тамында?
Білмеймісің, Кəрібоз,
Мойнындағы жазаңды?
Жанқараш пен Жантайың
Айтып иман, зарланды.
Қойдым деп бізге ант берсін
Арағың мен бозаңды
Арағыңды қоймасаң,
Кенекем алар мазаңды.
Кəпірге ғазат қылғандай,
Наурызбай берер сазаңды.
Кəрібоз тағы сөйледі:
– Келтірермін кезіңді!
Ықпалың асып тұрғанда
Айта бер, төрем, сөзіңді.
Асқар тауға, Наурызбай,
Теңгере берме өзіңді.
Алтын жағаң қисайса,
Қырғыздар ояр көзіңді.
Талап алып, Наурызбай,
Малымды салдың телімге.
Аямадың, Наурызбай,
Басымды салдың өлімге.
Қорғанда жатқан қорқытып,
Аттарын алдың бегімнің.
Тастап көштің ол жақта,
Атаң қонған Абылай,
Қанды көйлек еліңді.
Кіші жүзге сыя алмай,
Тастай көштің жеріңді.
Төлегенұлы Жанқабыл
Ерлікке мықты, сенімді.
Тоқсан кісіңді өлтірген
Алып па едің кегіңді?!
Бітеу сойып басыңды,
Қоқанға берген теріңді.
Мейманаң тасса, Наурызбай
Досың кетер панадан.
Хақтан бұйрық келгенде
Жаның шығар қанадан.
Сенің атаң – Ер Қасым
Туғанында анадан,
Қан шеңгелдеп туыпты
Шараналы баладан.