Za darmo

Кенесары – Наурызбай

Tekst
Oznacz jako przeczytane
Czcionka:Mniejsze АаWiększe Aa
 
Көп кешікпей, Науанжан,
Ханға таман барыңыз.
Баруға көңілің тілесе,
Ханнан жарлық алыңыз.
Томағамды сыпырып,
Қамау тасқа салыңыз.
 
 
Мұны естіп Наурызбай,
Алдына барды Кененің –
Түсі суық тартқанда
Төрт қырланған жебенің,
Ажал оғы келгенде
Қорғаны болмас көбенің.
Қолына толды қырғыздың
Басы тау мен төбенің.
Рұқсат берсең, Кенеке,
Барайын соған деп едім.
Салатұғын алдыма
Бұғыбай басшы ер еді.
Əдіре қалғыр Алатау,
Асуға қиын жер еді.
Қамалын барып бұзайын,
Кенеке, жауап бер, – дейді, –
Отыз жігіт сайланып,
Қасыма менің ер, – дейді, –
Тау басына барған соң,
Ойынымды көр, – дейді.
Кене хан сонда сөйлейді: –
Дұшпаннан бітсін ар, – дейді. –
Қолдағы өңшең батырдан
Іріктеп бəрін ал, – дейді. –
Көңілің шапса, Науанжан,
Ертерек сонда бар, – дейді. –
Екі-үш жүздей кісімен
Ойынды барып сал, – дейді.
 
 
Наурызбай тағы сөйледі:
– Алладан жəрдем күтейін,
Ата-бабам жар болса,
Бір мұратқа жетейін.
Былтырғы қылған азасын
Қырғыздың бүгін етейін.
Екі-үш жүз кісі көбірек,
Онша алып, тақсыр, не етейін.
Əскерден отыз батырды
Іріктеп алып кетейін.
Тəңірі қосса, қырғызға
Бір тамаша етейін.
Қиын жерде хандарға
Болады сүйеу қарашы.
Қысылған жерде əркімнің
Тəңірім болсын панасы.
Көп кісі қаптай шабуға
Арқаның бар ма даласы?!
Аз кісіге жақсы екен
Алатаудың арасы.
– Мақұл, –  дейді хан Кене
Наурызбайдың сөзіне.
Сол уақытта Науанның
Жан көрінбес көзіне.
Иесі тілек қылған соң,
Береді рұқсат өзіне.
Қайтармады меселін
Ұмтылып тұрған кезіне.
Қауырсынды, қанатты,
Таудан үлкен талапты,
Ер көңілді, қалма! – деп,
Жұртқа салды санатты.
Қалың қолдан саралап,
Алады өңкей манапты,
Ерегескен соғыста
Тастан қайтпас болатты.
Тауға қарсы түйлікті,
Сұңқардай жиып қанатты
Отыз жігіт жөнелді –
Тəмəм қолдың беглері.
Бұғыбайды басшы ғып,
Қиын жолды көргелі;
Тау басында қырғыздың
Жазасын барып бергелі;
Қамалын бұзып, жол салып
Бейітін ашып келгелі.
Жаз жайлауы сары дала,
Қыс қыстауы Қарғалы.
Наурызбай кетті бөлініп,
Тау басына барғалы;
Қамалып тұрған қырғызға
Бір бүлікті салғалы.
Кенесары бастығы,
Төменде тұрып қалғаны.
Талап етіп ұрынды
Жаңадан бір жол салғалы.
Сауысқанның аласы,
Ағынан көп қарасы.
Кене хан сонда сөйлейді
Абылай ханның баласы:
– Қол көрінбес шаң болды
Алатаудың арасы.
Қарағаштай көп қазақ,
Ханға болдың қарашы.
Ойда қоқан, қырда орыс,
Хакім болды қаласы.
Кімнен таяқ жегендей
Біздің қазақ баласы!
Алдырып жүрген дұшпанға
Ауызының аласы.
Дін мұсылман əлеумет
Бірге мінсе кемеге,
Үш алаштың баласы
Тізгінін берсе Кенеге,
Ер басына аяқтай
Тас көтерсек жебеге,
Тау басына шығатын
Жол салмасқа немене?!
Байұзақ датқа түйсініп
Бұл жауаптың тегіне,
Айтайын деп бір сөзді,
Жетіп барды көбіне.
Ханның көңілі соғады
Таудан бір жол саларға.
Бір талапқа бет қойды
Тау басына барарға,
Бекініп жатқан қырғыздың
Қамалын бұзып аларға.
Ұят шығар төреден
Бөлініп біздер қаларға.
 
 
«Əйтелік» деп Байұзақ,
Қамшы басты бекерге.
Таудан жолды салайық,
Жабыл! – деді нөкерге.
Аттан түсіп алдымен,
Өзі бір тасты көтерді.
Басшы болды Байұзақ
Бір қайратты етерге.
Байұзақ аттан түскен соң,
Қасына түсті ханымыз.
Ханымыз аттан түскен соң,
Төгілер болды арымыз.
Бұзбасақ та ол тауды,
Түсе қалдық бəріміз.
Жабырласып қол қойдық
Жасымыз бен кəріміз.
Сол уақытта қарасақ,
Тау басынан шу шықты.
Қаптаған қара тұмандай
Мұнарланып бу шықты.
Бу десек, – мылтық түтіні,
Отыз көкжал бөрімен
Наурызбай төре сол шықты.
Бір кезеңге таластық,
Жау жоғары, біз төмен.
Жеткен екен қамалға
Наурызбай атты сұр берен.
Қарқарадай астында
Байұзақ берген көк дөнен.
Күн шығыс жаудың шетінен
Қамалға кірді көлденең.
Ор қояндай бұлтиған
Көк дөнен ат астында.
Камзол ішік құнтиған,
Ақ орамал басында.
Көрұғлыға бергісіз
Отыз көкжал қасында.
Сол уақытта Наурызбай
Жиырма бес жасында.
Хан Кене мұны көрген соң,
Қалмады сабыр, қарары.
Қиын болды батырға
Таудан шығып барары.
Наурызбайды көрген соң,
Өлімнен кетті хабары
Түтеген мылтық ішіне
Көзінің кірді жанары.
 
 
Наурызбай кірді қамалға
Күн шығыс жаудың шетінен.
Шыдай алмай хан Кене,
Ат қойды таудың бетінен.
Шөке атым жерге бармай-ақ,
Кетті ханның еркінен.
Сыпырылып қалып барады
Көк бурыл аттың көтінен.
Наурызбай кірді қамалға
Жанған оттай бұрқылдап,
Көк дөнен ат астында
Op қояндай бұлтылдап;
Батырлардың найзасы,
Найзағайдай жылтылдап.
Мұнан кірген батырлар
Онан шықты алқылдап.
 
 
Хан Кененің арманы –
Құмбелден жатпақ жай алып.
Наурызбай шықты қамалдан,
Найзасы қанға боялып.
Не жаны қалсын Кененің,
Наурызбайдан аянып!
Тарта берді шылбырдан,
Қылышын тасқа таянып.
Кене хан жөней берген соң,
Қалуға нөкер ұялып,
Тұс-тұсынан ат қойды,
Түйсініп қазақ оянып.
 
 
Кене хан кетті ұмтылып,
Шыққалы таудың басына.
Өлімге белін байлады
Əзелде жазған басына.
Қатарласып жөнелді
Кене ханның қасына.
Екі мыңдай кісі боп,
Шықты таудың басына.
 
 
Сол уақытта хан Кене
Жар айтты Жаппар Алланы.
Қабат-қабат оратып,
Қырық арқанды жалғады.
Тартып алды ойдағы
Зеңбірек пен арбаны.
Бір-екі рет атқанда
Күңіреніп кетті жан-жағы.
Есік-ежесін қиратып,
Қырғыздың шықты дал-далы.
Келгенін ханның көрген соң,
Наурызбай төре есірді.
Бөгежектеп жүрген ер
Еркінше шауып көсілді.
Жазыла алмай жүр еді,
Түйіні жіптің шешілді.
Қойға кірген бөрідей
Қырғызға салды кесірді.
Бір кіргенде ап келді
Тізілтіп неше жесірді.
Бас-басына таратып,
Жігіттің көңілін өсірді.
 
 
Абылай аспас асудан
Асамын деп өктеді.
Наурызбайдың ерлігін
Қырғыз, қазақ сөкпеді.
Төренің алдын орады,
Қырғыздар мерген төккелі,
Бəлені бастан кетіріп,
Хан айласын еткелі.
Зеңбіректі туралап,
Төте жерден бір атты.
Адам мен малды қабаттап,
Топырлатып құлатты.
Жөңкіліп жүрген қырғыздың
Жолшыбай көбін сұлатты.
Қамалған қатын-қыздарын
«Қоқилатып» жылатты.
 
 
Қызыққа тоймай батырлар,
Тереді таудың шиесін.
Бұл сапарда Наурызбай
Жар етті Жаппар иесін.
Қамалын бұзды қырғыздың,
Соғыстың тауып жүйесін,
Алып шықты үш жүздеп
Айғыр менен биесін,
Атан демей, нар демей,