Za darmo

Райымбек! Райымбек!

Tekst
Oznacz jako przeczytane
Czcionka:Mniejsze АаWiększe Aa
 
Қыннан алып, қылышын сүйгізіңдер.
Сырымбеттің туының алдына əкеп,
Тəубе еткізіп, басын да игізіңдер.
 
 
Шауламаған шабыты бала қыран,
Балалықпен қапыда қалары бар.
Баптап өзің, батырды қалауыңа ал,
Бас болғайсың балаға, дана-жырау.
 
 
Қашаннан би кесімі бір кесулі,
Көнсең де, көнбесең де үйлесімді.
Білгеніңнен жаңылтып бидің десі,
Білдіретін кезі ғой білмесіңді.
 
 
Би кесті. Қара халық қабылдады,
Кару алып, қол жимақ қабырғалы.
Жорыққа əзірленіп жатты қауым,
Қасынан Райымбек табылғалы.
 
 
Ақтабан шұбырынды.
Ақтабан шұбырынды…
Қадарсың қайда барып тұғырыңды?!
Қазақ жері – алып бір қара қазан,
Қазанда қайран жұртым қуырылды.
 
 
Ақтабан шұбырынды.
Қарғаған кім болды екен ғұмырынды?
Жортпай тұрып, үйрендің жығылуды,
Шаппай тұрып, үйрендің тығылуды.
 
 
Ақтабан шұбырынды,
Ақ туың жығылулы.
Олақ қатын тоқыған алашадай,
Өрмегіңнің арқауы суырылды.
 
 
Жəннатыңды жамсатып жау орнады,
Жатқаны анау өртеніп қара орманың.
Туырлығы туралып, тоқым болып,
Қаңқасы тұр қалқиып қара Орданың.
 
 
Ақтық байлап, табынып тал-қайыңға,
Өтті күнің, cop қатып маңдайыңда.
Кетті қымыз жауыңның тандайында,
Кетті қызың жауыңның борбайында.
 
 
Ақыныңа, серіңе, батырыңа,
Туысыңа қимаған, жақыныңа,
Тұяғымен ор қазған тұлпарларың,
Тулап кетті жауыңның тақымында.
Нəлет айтып, Кеш кірген ақылыңа,
Ана сүтің аузыңа татыды ма?!
 
 
Ертіс, Есіл, Жайық, Жем, Сағызға бар,
Бəрібір, пана болмас ауызға алар.
Бəрібір, моңғол шапсын, жоңғар шапсын,
Əйтеуір, қазақ алдымен бауыздалар.
 
 
Тобыл, Шу, Сыр мен Іле, Нұраға бар,
Арнасында наласы жылап ағар.
Қандай жаудың болса да қарауылы –
Қазақ байғұс. Қалқайып тұра қалар.
 
 
Өзіңнің тұрмағасын уысыңда,
Өз жерің өзіңе жат, құрысын да!..
Жер шегімен шекараң шектелсе ғой.
Жатса ғой алып мұхит шығысыңда.
 
 
…Жалғанның жартысындай мынау өлкең
Кім білсін, сорың ба, əлде ырысың ба?!
Пайдаланып былығың-шылығыңды,
Жауың кен, шырылдатты шыбыныңды.
 
 
Жау да, өзің де ластап тұнығыңды,
Жаяу ұстап қолыңа құрығыңды,
Қайда босып барасың, қайда, қайда?
Ақтабан шұбырынды!
Ақтабан шұбырынды!!! Ақтабан шұбырынды!!!
 
 
…Боса берген.
Артына қарамаған.
Өзіне жат өз жерін аралаған,
Тау қуысы, өзенді сағалаған.
Бірі барып құл болып Хиуаға,
Екіншісі орысты паналаған.