Za darmo

Дариға-жүрек («Өмірдастан» поэмасынан)

Tekst
Oznacz jako przeczytane
Czcionka:Mniejsze АаWiększe Aa
 
Білдірмей өксігі, бір шалың,
Бір шалың отыр тамсанып…
Дариға отыр əн салып;
Жер түбі кеткен жарларын,
Жесірлер тұрсын қарсы алып
Жетімдер ұшсын жар салып
Дариға отыр əн салып.
Өлі бір кешке жан салып;
«Сұңқардай едім жердегі,
Аққудай едім көлдегі…»
Дариға-жүрек шөлдеді,
Дариға-жүрек шөлдеді,
Сапардан жары келмеді…
Дариға отыр əн салып.
 
 
Дариға солай отырсын,
Жалғаннан жарын шақырсын.
Керенау, дел-сал, ей, таулар,
Күрсінбей неге жатырсың?!
Кейімей тұрсың, кең жайлау,
Кең жайлау емес, татырсың!
Кеуіп бір қалған тақырсың!
Кейімей тұрсың Ай да, сен,
Ай емес, кара бақырсың!
Қараңды суға батырсын!
Күңірен, таулар, күңірен,
Күңірен, жайлау, күңірен,
Кеудеңнен жалын атылсын!
Кірпігінді қақшы, Айым,
Көзіңнен жасың шашылсын.
Дариға-жүрек басылсын,
Көңілдің кірі ашылсын,
Жасырсын, бəрін жасырсын.
 
 
Шақырды жарын, келмеді,
Белгісіз тірі, өлгені;
Дариға-жүрек шөлдеді.
Тау-дағы көңіл бөлмеді,
Ай-дағы көңіл бөлмеді,
Жайлау да көңіл бөлмеді;
Қос басы – өлік көмгендей,
Дариға оны көрмеді;
«Сұңқардай едім жердегі,
Аққудай едім көлдегі»,
Дариға-жүрек шөлдеді,
Дариға-жүрек шөлдеді.
 
2. Жалған
 
– Жеңгелер-ау, жеңешем қайда менің?
– Шомылып жатыр анау сайда, –  деді.
Бір сұмпайы күлкіні қымтап қалды,
Қылымсыған қатынның қаймақ ерні.
 
 
– Əкел бермен, қымызың қайда?! –  деді.
– Қымыз емес, бүгінгі айран еді…
– Ыстық мынау, соншама кешігесің…
Əкел бермен! Несіне тесілесің?!
 
 
Шалғы шыңдап отырған кексе қатын:
– Ей, Бəтіш, неңе сонша есіресің?!
Несібеңді ұрлаған Дариға ғой, –
Балаға несін сонша жекіресің?..
 
 
– Жүресің де қоясың, өсек бағып,
Қашан бізге беріп ең төсек салып?!
Жайыңа отыр оттамай, ісіңді біл,
Тұлпарға əкеп теліме есекті алып!..
 
 
– Пішту деген бетім-ай! Қарай қалғын?!
Білмейсің бе сынғанын шар айнаңның.
Өз көзіммен көргемін, əлі көрем!
Шомылуға сен-дағы талай бардың…
Мен кетіп қалдым…
 
* * *
 
Жаман түстен шошынып оянғандай,
Шошып кеттім, шошыдым, ой, Аллам-ай!