Czytaj książkę: «Ақын мен Әкім. Пьесалар», strona 3

Czcionka:

ТӨРТІНШІ КӨРІНІС

Қалкеннің пәтері. Самал ас даярлаумен айналысып жүр. Қайрат келеді.

Самал. Ә, келіп қалдың ба! Тест қалай өтті?

Қайрат. Нашар. Жетпіс-ақ ұпай алдым.

Самал. Жетпіс ұпай?! Бұл қалай? Мұғалімің, Қайрат кем дегенде жүз ұпай алады, дегені қайда?

Қайрат. Мұғалім емес қой тест тапсырған!

Самал. Енді не болды саған?

Қайрат. Маған ештеңе болған жоқ. Бүгінгі тестте мүлдем түсініксіз сұрақтар болды.

Самал. Ол қалай?

Қайрат. Қайдан білейін! Мұғалімдер бірдеңені шатастырып алған шығар. Әлде әдейі істеді ме.

Самал. Кім әдейі істейді дейсің! Ұлттық тесттің сұрақтарын алдын-ала ешкім біле алмайды. Ол құпия.

Қайрат. Түсінікті ғой. Ал бүгінгі сұрақтар мүлдем қисынсыз болды. Абылайханның атының тістерінің санын сұрады ма керек.

Самал. Абылайханның атының тістерін?!

Қайрат. Иә. Тарихтан сондай сұрақ болды. Абылайханның аты түгіл мен жәй жылқының ауызын ашып көріп пе едім!

Самал. Жарайды, текке күйінбейік. Болған іс болды. Жетпіс балл да жаман емес.

Қайрат. Аһа! Жетпіс баллмен грантқа алмайды.

Самал. Алмаса не істейміз – ақылы оқуға түсесің. Әкең келгесін ақылдасамыз. Ол әлгі кітабын шығарам деп жүрген. Гонорар алады, соны оқуыңа төлейміз.

Қалкен келеді де, креслоға сылқ етіп отыра кетеді.

Самал. Саған не болған? Қайдан келдің өзің?

Қалкен. Қаладан.

Самал. Бұл не жауап! Мен сені ауылдан келдің деп тұрмын ба?! Жұмысың әдетте ерте бітпеуші еді ғой.

Қалкен. Мен жұмыстан шығып қалдым.

Самал. Кет әрі! Енді әлгі Жазира да қуып шықты ма? Айттым ғой соны оңбаған деп!

Қалкен. Ол оңбаған емес. Мен өз еркіммен өтініш жазып шықтым.

Самал. Өз еркіңмен?! Неге?

Қалкен. Солай керек болды.

Самал. Кімге керек?

Қалкен. Самал! Сұрамашы менен ештеңе!

Самал. Жарайды, сұрамайын. Бірақ екі аптаның ішінде екі жұмыстан айрылғаның дұрыс па? Мына балаң ұлттық тесттен құлап келді. Енді грантты атама. Ақшаға оқыту керек. Ал сен жәйдан-жәй, оп-оңды жұмысыңнан айырылып отырғаның мынау.

Қалкен. (Қайратқа) Тесттен қалай құлап жүрсің? Қырық та ұпай ала алмадың ба?

Қайрат. Неге?! Жетпіс ұпай алдым.

Қалкен. (Самалға) Сен жаңа ұлттық тесттен құлап келді дегенің қайда?

Самал. Енді құламағанда несі қалды жетпіс ұпаймен!

Қалкен. (Қайратқа) Неге аз ұпай алдың?

Қайрат. (әкесінің дауысын келтіріп, кекете) Солай керек болды.

Қалкен. Кімге керек?

Қайрат. Әке! Сұрамашы менен ештеңе!

Қалкен Самалға қарайды, ол, саған со керек деген сыңай танытады.

Самал. Немене қарайсың? Мына балаңа ақша тап – отырғызып қоймай оқуға жіберу керек. Әлгі кітабың не болды? Шығуға дайын деп жүр едің ғой.

Қалкен. Дайын деген Мерген… қазір білейін. (телефон шалады) Сәләматсыз ба? Мен, Қалкенмін ғой. Мерген өзінде ме? Келгесін маған телефон шалсыншы. Жоқ, мен үйдемін. (телефонның тұтқасын қояды да Қайратқа бұрылады) Қандай оқуға түсейін деп едің?

Қайрат. Экономисттың оқуына.

Қалкен. Журфакқа барамын дегенің қайда?

Самал. Журфакта не іздейді? Сен сияқты итшілеп жүрсін бе! Жетеді, бір үйге бір журналист. Баламның баласына айтармын, журналист пен мұғалім болма, деп. Оңбаған кәсіптер! Бәлен жыл жұмыс істеп неге жарыдық? Не өзіміздің баспанамыз жоқ. Не қалтамызда артық ақша жоқ. Егер мен де сен сияқты бастығыммен қастасып жұмысымнан айрылсам, сонда әбден келісерміз. Ал менің де көкірегімде директордың бетіне басатын ауыр-ауыр сөздер бар. Бірақ мен оларды тіс жарып сыртқа шығара алмаймын. Ішімнен қайнап-қайнап тынамын. Неге? Үйді ойлауым керек, балаларды, бәріміздің жағдайымызды ойлауым керек. Ал сен неге ойлағың келмейді?!

Пәтердің есігінің қоңырауы шырылдайды. Қайрат барып есік ашады. Мерген келеді.

Мерген. Ассаламу ғалайкүм!

Қалкен. (орнынан тұрып қолын беріп амандасады) Уағаләйкүм ассалам! Жоғарлатыңыз, міне, креслоға отырыңыз. (Самалға) Самал, асың дайын болды ма?

Мерген. (креслоға жайғасып жатып) Жә, текке әуре болмаңдар – ас-шәйға уақытым жоқ. Рахмет. Бір әңгіме бар, телефонмен сөйлесуге келмеді.

Қалкен. Самал, сен…

Мерген. Жо-жоқ, Самалды қума. Мен өзі үйіңе келген себебім де осы – екеуіңмен сөйлесейін деп едім.

Қалкен. (Самалдың жанына диванға отыра беріп) Ал, онда… жақсы… айта беріңіз.

Мерген. Мені неге іздегеніңді сезіп тұрмын… әлгі кітабың жөнінде шығар. Солай ма?

Қалкен. Солай.

Мерген. Солай болса мені мұқият тыңдап ал. Қалкен, мен сені түсінбеймін… оп-оңды жұмыс істеп жаттың. Ең үздік журналист саналып жүрдің. Әне – өлеңдеріңнің жинағын шығаратын болдық. Астанаға конференцияға жібереміз деп жүрдік. Сосын, бәрі жақсы болып тұрғанда, бац! Жаңа ғана келген әкімге тиісемін деп барлығынан айырылдың. Бұл қалай? Мен сені түсінбеймін.

Самал. Иә, мен де…

Қалкен. (Самалға) Тоқтай тұршы-ей! (Мергенге бұрылып) Түсінбейтін ештеңе жоқ. Жаңа әкім өкіметтің ішкі саясатын бұрмалап отыр. Біздің демократиялық принциптерімізге сәйкес келмейтін саясат қолданып, ұлтаралық жағдайды ушықтырып жіберетін қауіп төндіріп тұр. Осының бәрін көре тұра мен қалай үнсіз қалмақпын? Мұндайға кез келген азамат қарсы шығуға тиісті – мен де, сіз де, мына Самал да!

Мерген. Жоқ, Қалкен! Мына сөзің – баланың сөзі. Тіпті жынды адамның сөзі деуші едім – ренжіскім келмейді. Мен сені ақыл-есі бар жігіт деп санайтынмын.

Самал. Мен де бұған күнде осы сөзді айтам. Жұмыс – жұмыспен, бірақ бір мезгіл өзіңнің де, отбасыңның да жағдайын ойлауың керек қой деп. Тыңдамайды!

Қалкен. Менің жаңағы айтқан қай сөзім балалық, қай сөзім жындылық?!

Мерген. Бүкіл сөзің! Әй, сен өзі кімсің?! Мемлекет басқаратын адамсың ба? Әкім, жақсы болсын, жаман болсын, бір ауданды басқарып отыр! Ал демократия-семократия – ол бізге, қарапайым адамдарға не керек?! Біз өзіміздің жұмысымызды білуіміз керек.

Қалкен. Қоғамда не болып жатпасын, қандай кемшілік, зұлымдық болып жатпасын – біздің, журналисттердің, басты міндетіміз – сол кемшіліктерді көпшілікке көрсетіп, әшкерелеп отыру. Мен тек өзімнің жұмысымды жақсы атқаруға тырысып жүрмін.

Мерген. Жоқ, Қалкен, сенімен дені дұрыс сөйлесуге болмайды екен! Келін, сен ренжіме, өзің көріп тұрсың ғой – мен Қалкенге бар ақылымды айтып бақтым. Түсінбейді. Тіпті түсінгісі келмейді!

Қалкен. Неге түсінбейін! Сіздердің айтып жүргендеріңіз бір – әкім бастық, сондықтан оның бүкіл ісі дұрыс. Бұрыс болса да дұрыс! Және, біз кішкентай адамбыз, мемлекеттің саясатын, қоғамның жағдайын ойлайтын дөкөйлер-көкейлер бар – міне солар басын қатырсын. Ал біз өзіміздің қамымызды, отбасымыздың, бала-шағамыздың қамын ойлауымыз керек. Солай ғой?

Мерген. Әй қарағым! Сенің отбасыңның қамын мен ойлауым керек пе?! Менің өз отбасым, өз балаларым бар!

Самал. Бұл біздің отбасымыздың қамын менің мойныма артты да өзі басқа, мүлдем бізге қатысы жоқ мәселелермен айналысып жүр.

Қалкен. Қателесесің, Самал! Мен қоғамда болып жатқан процестерді ойлағанда біздің де отбасымыздың жағдайын ойлап отырмын. Өйткені сол процестер әр отбасына қатысы бар. Әр отбасына әсер етеді.

Мерген. Менің бір нәрсеге көзім жетті, – сені сөз таластырып жеңе алмаймын. Мен сені сөзбен жеңейін деп келген жоқпын. Жағдай былай – кітабың баспадан шықсын десең біздің әкімді мақтап дастан жазасың. Сосын сол дастанды кітабыңа кіргізіп шығарамыз.

Қалкен. (орынан атып тұрып) Да-аста-ан?!

Мерген. Иә, дастан.

Қалкен. (бөлме бойымен жүріп кетіп басын шайқайды) Дастан! Тамағы қалған екен! (Мергеннің қарсысына тоқтап) Сонда сол дастанды не деп жазбақпын?

Мерген. Оны өзің білесің – менен несін сұрайсың! Сен ғой ақын. Қисынын келтіріп, Басекеңнің біздің ауданға келгеннен бергі қысқа мерзімнің ішінде тындырған істерін атап көрсетіп жаз.

Қалкен. Басекеңнің тындырған істеріне фельетоннан басқа ештеңе жазуға келмейді. (тағы да басын шайқап) Дастан!

Мерген. Жақсы, дастан жазғың келмесе бір-екі өлең жаз. Ода жаз. Сосын Басекеңнің саған қоятын бір шарты бар – өткен аптада жазған мақалаңдағы фактілер жалған болып шықты деп, Жазираның газеті арқылы әкімнен кешірім сұрайсың. Міне, содан кейін жұмысыңа да қайтып кірісесің, кітабың да шығады, сол кітабыңа да жақсы ставкамен гонорар аласың. Басекең айтады – егер соған арнап жазған дастан оған ұнаса, кітабыңды мемлекет сыйлығына ұсынуға көмек көрсетемін дейді.

Қалкен. Әкімнің ұяты жоқ екен. Жо-жоқ! Мен ондай сатқындыққа бара алмаймын! Бұл бос сөз.

Мерген. (орнынан тұрып, кетуге ыңғайланып) Менің міндетім – саған бастықтың талабын жеткізу. Ал арғы жағын өзің біл. Егер тиісті шешімге келсең – мен әрқашан көмекке келуге дайынмын. Тек телефон шалсаң болды. (Самалға) Ал, Самал, сау бол. Мына Қалкенге ақылыңды айт. (шығып кетеді)

Қалкен. (Мерген отырған креслоға отыра кетіп) Алла сақтасын! Не боп барамыз өзі! Көрдің бе енді әкімнің сиқын? Жаңағы сөзді естігесін де сен соны жақтайсың ба?

Самал. Менің жақтаған-жақтамағанымда бірдеңе бар ма?! Мәселе менде ме? Мәселе қазір саған тіреліп тұр.

Қалкен. Жоқ, сен айтшы – сен кімді, өзіңнің күйеуіңді қолдайсың ба? Әлде…

Самал. Қалкен! Менің қолдауымда не тұр? Саған ап-анық ультиматум қойылды – не сен әкімге көнесің, басыңды иесің, не ол сені құртады. Бітті! Сенде екі-ақ жол бар – енді біреуін таңда. Бірақ, ақиқатына келсек, бізде барлығы жоғы бір-ақ жол қалды. Басқа жолмен кетсең… қысқасы, мен сенімен ол жолмен жүрмеймін.

Қалкен тесірейіп Самалға қарап отырып қалады.

Самал. Немене соншама тесірейдің? Тесірейме! Мен өз сөзімді айттым. Арғы жағын өзің біл. Егер саған мен керек болсам, егер балаларың керек болса, егер саған отбасың керек болса, онда көлденең, бізге қатысы жоқ жәйттерді таста да, отбасымыздың жағдайын ойла. Ана ұлыңның оқуын ойла, болашағын ойла!

Қалкен үнсіз қалады. Самал да үндемейді. Осы кезде есіктің қоңырауы шырылдайды.

Самал. (орынан тұрып ауыз үйге беттеп бара жатып) Тағы қайсысы екен? (есік ашылған дыбыс, сосын біреу Самалмен амандасады) Сәлеметсіз бе? Жоғарлатыңыз.

Бейтаныс дауыс. Жоқ, рахмет. Мына хабарландыруды сізге апарып бер деді. Мына жерге, хабарландыруды алдым, таныстым деп қол қойыңыз. Сау болыңыз.

Самал. Сау болыңыз. (хабарландыруды оқып келеді де бөлменің ортасында кілт тоқтайды) Міне, енді пәтерге де кезек жетті.

Қалкен. Қай пәтер? Бұл не қағаз өзі?

Самал. Мә, оқы. (қолындағы қағазды Қалкенге береді де орнына отырады)

Қалкен. (хабарландыруды оқиды) Самал Арынқызы, сіздің отбасыңыз әлеуметтік қолдау көрсететін отбасы қатарынан шығып қалды. Сіздің үш оқушы балаңыз бар, өзіңіз де, жолдасыңыз да, қызыңыз да жұмыс істейді. Ұлыңыз мектеп бітіріп жұмыс істеуге жарап қалды. Сондықтан осы аптаның аяғына дейін тұрып жатқан пәтерді босатыңыз. Ол пәтер әлеуметтік баспанаға мұқтаж көп балалы отбасылардың біріне беріледі.

Самал. Ал, енді не дейсің?

Қалкен. Не деуші ем? Шынында да, біздің енді әлеуметтік пәтерде тұратын құқығымыз жоқ.

Самал. Мүмкін бізде жалпы ешқандай пәтерде тұруға құқығымыз жоқ шығар?

Қалкен. Жалға беретін пәтер қарастыру керек. Бүгінгі газет қайда? Әкел, оқиын, мүмкін бірдеңе табылар.

Самал басқа бөлмеге барып газет әкеліп береді.

Самал. Жалға беретін пәтердің ақысы жанып тұр. Оған ақша қайда?

Қалкен газетті көзімен шолып жатып бірдеңе деп міңгірлейді. Сыртқы есік ашылғаны естіледі, пәтерге біреу кіреді.

Қалкен. (елең етіп) Тағы кімді жіберді екен Басеке?

Самал. Алма шығар, бөтен адам есікті қалай ашпақ.

Алма. (келеді, көзінде жас) Мен ғой. (сыртқы киімін шешпестен шешесінің жанына отыра кетеді)

Самал. Ойбай, саған не болған?! Біреу ренжітті ме?

Алма. Ешкім ренжіткен жоқ. Тауарымнан айырылдым.

Самал. Қалай… айырылдым? Контейнеріңе ұры түсті ме?

Алма. Жоқ. Прокуратура мен санэпидстанциядан кісілер келіп бүкіл тауарымды актылап, контейнерге мөр басып кетті.

Самал. Иә, оларға не керек?

Алма. Білмеймін… (көз жасын сүртіп жатып) Тауарларыңның құрамында улы қоспалар бар, халықты уландырып жүрсің, деп акт салды. Мен бұл тауарларды істеп шығарған жоқпын ғой. Әне – бүкіл базардағы саудагерлердің тауарлары осындай. Сонда мен ғана қылмыскер болғанмын ба, деп едім, прокуратурадан келген кісі, басқаларда нең бар, өзіңнің жағдайыңды ойла. Әкеңнен көр, соның кесірі тиіп тұр саған, деді. Мен түк түсінбедім – менің тауарларыма әкемнің қандай қатысы бар?

Қалкен. (газетті үстелге тастай беріп) Ох, оңбаға-ан!

Самал. Сенің тауарларыңа әкеңнің қатысы жоқ. Сенің әкең жәй жүрмей әкімнің өзімен жауласып жүр, әлгі прокуратураң соның әмірін орындап отыр. (Қалкенге) Енді не істемексің?

Алма. (сұрақ өзіне қойылды деп ойлап) Білмеймін. Міне, ертеңгі сағат тоғызға повестка беріп кетті. Егер тауарларыңда улы қоспалар табылса, үстіңнен қылмысты іс қозғаймыз, деп кетті прокуратураның қызметкері.

Самал. Әрине, улы қоспалар табылады. Қазіргі тауарлардың құрамында не жоқ дейсің! (Қалкенге) Не істемексің деймін? Мына қызыңды соттатып жібермексің бе? Неге үндемейсің?

Қалкен. Соттай алмайды! Жәй, қорқытып отыр да. (Алмаға) Сен қорықпа. Мен ертең сенімен бірге барамын. Тапқан екен қорқытатын адамды. Біз заң білмейді деп ойлайды ма өздері?!

Самал. (айғайға басып) Әй! Заңның не қатысы бар! Табады олар қолданатын заңды. Сотталып түрмеге түспесе де, бұл қыз бүкіл тауарынан айырылады. Және бәлен мың теңге айыппұл төлеткізеді. Қайдан аласың ақшаны?

Бірер уақыт бәрі үндемей қалады.

Алма. Әке, шынында бізге әкім өшігіп жүр ме? Әлгі прокуратураның қызметкері соны меңзеп тұр ғой. Ол әкім бізге неге тиіседі?

Самал. Кім тиісті бізге! Әкең өзі тиіскен сол әкімге! Әй, оның да кеудесінде жаны бар шығар! Қалай деп ойлайсың – бір ауданды басқарып тұрып, қалай ол өзінің беделін қорғамайды? Оның орнында кез келген адам сөйтеді! Қолындағы бар билікті пайдаланып бағады. Ал, енді істеп көр оған! Сотқа бар, заңға жүгін – не бітіресің? Кімді жақтайды сол сот? Сені ме? Әлде ауданның әкімін бе? Неге сен төрт аяғын тіреп алған есектей тұғырланып алдың? Неге сен айдай анық нәрсені түсінгің келмейді? Түсініп тұрсың сен бәрін, кім болсаң да сен ақымақ емессің. Тек тәкәппарлығың, кеудең жібермей тұр. Сол тәкәппарлығыңның құрбандығына біздің бәрімізді шалайын деп тұрсың. Қызыңды да, ұлыңды да. Өзім жөнінде сөз де қозғамайын.

Алма. Әке, егер мамамның айтқаны шын болса… бірдеңе ғып… келісіп сол әкіммен… қайтарып берші тауарымды. Мен жаңа-жаңа кредитімді төлеп болып, енді өзім шет елге, Қытай мен Түркияға шығып тауар әкелем деп армандап жүргем. Бүгін сол арманымның күл-талқаны шыққандай болды. Үш жыл бойы бір де теңге өзіме жұмсамай еңбектендім, тезірек кредитімнен құтылайын, тезірек шет елге баратын қаражат жинап алайын деп. Енді тауарымнан да, біраз жиған ақшамнан да айырылайын деп тұрмын. Егер сотты болсам не қалады сол ақшадан?

Самал. Айт, айт бәрін әкеңе! Мүмкін жететін шығар санасына. Осының бәрі ол үшін сөзге тұрмайтын ұсақ-түйек бірдеңе сияқты.

Қалкен. Кім ұсақ-түйек деп тұр?! Мен бәрін түсініп тұрмын. Әкім қолындағы бар тетіктерді пайдаланып, қоластындағы қызметкерлердің барлығын маған айдап салып тұр. Оның мақсаты мені талқандау. Өйткені дәл қазір біздің ауданда оған қарсылық білдіріп отырған бір-ақ адам қалды – ол мен. Жұрт біздің шайқасымыз немен тынады екен деп, демін ішіне тартып отыр. Кім жеңеді? Жоқ! Олай емес! Мәселе тіпті әкім екеумізде емес! Не жеңеді?! Міне, қандай сұрақ халықты толғандырып тұр! Не жеңеді? Ақиқат па? Әділеттік пе? Сөз бостандығы ма? Адамдар арасындағы теңдік пе? Ұлттар арасындағы теңдік пе? – Әлде жалған ба? Әділетсіздік пе? Теңсіздік пе? Біздің қоғам қандай? Шынында да, жоғарыдан радио, теледидар, газет-журнал арқылы айтылып жатқандай ашық, демократиялық, прогресстік қоғам ба, әлде теңдік жоқ, сөз бостандығы жоқ, қатыгездік пен өтірік, сыбайластық пен жемқорлық билеген қоғам ба? Міне мәселе қайда! Мәселе менде емес, мен тек біздің адамдардың, жүздеген жерлестеріміздің ақырғы үмітімін. Енді мен басымды исем, егер айтқан сөзімді қайтып алсам… арғы жағын ойлағым да келмейді.

Алма. Әке, мүмкін мен сондай қараңғы шығармын. Бірақ жаңағы айтқаныңның бірін де түсінбеймін. Меніңше, ешкім жаңағы айтқан мәселелер жөнінде бастарын қатырып жатқан жоқ. Мен білетін қарапайым адамдар, жанымдағы құрбыларым – солардың неден бастары қатып жүр? Қандай мәселелер оларды толғандырып тұр? Күнделікті күн көріс, табыс, балаларының киетін киімі, ішетін асы. Біреуінің күйеуі арақ ішіп маскүнемдікке салынып барады, соған қандай ем табуға болады? Екіншісінің байы басқа әйелді ұнатып жүр, соған кетіп қалмасы үшін не істеу керек? Үшіншісінің қызы бір ұрымен қосылып, сол күйеу баласы ұрлықпен ұсталып сотталайын деп отыр, оны қалай алып қалуға болады? Және алып қалу керек пе, әлде күйеуінен айырып алған жөн бе? Төртіншісінің ер баласы бұзақы жігіттердің бандасына кіріп үйден безіп кетті, қалай оны сол достарынан ажыратып үйге қайтарып алуға болады? Бесіншісі… тағы-тағысы, сол сияқты толып жатқан шешуін күтіп тұрған сұрақтар бастарын қатырып жүр менің жанымдағы құрбыларымның. Ертең менімен бірге базарға барып сөйлесші солармен, сендерге сөз бостандығы керек пе, деп сұрашы, ол не, дейді. Өйткені олар, онсыз да ауздарына келгенін шатады. Демократия керек пе, десең, басты қатырмашы дер. Одан да сорақы сөзді бетіңе былш еткізбесе. Меніңше, біздің халыққа жаңағы айтылған сөздердің бірі керек емес! Міне, менің пікірім. Ал қалғанын өздерің біліңдер, мен сендердің ұрыс-керістеріңе араласқым келмейді. (ауыр күрсініп орнынан тұрады) Кеттім, жатамын – шаршадым. (кетеді)

Қалкен Самалға қарайды. Самал екі қолын екі жаққа жаяды. Қалкен төмен қарап, біраз уақыт үнсіз отырады. Сосын телефонның тұтқасын алып кнопкаларын басады.

Қалкен. Алло… Жазира?

Жазира. Қалкен?! Сен… сен…

Қалкен. Мен сенің газетің арқылы, өткен жолғы мақаламдағы фактілерді жалған деп мойындап, әкімнен кешірім сұрайын деп едім. Қашан келуге болады?

Жазира үндемейді.

Қалкен. Жазира! Естіп тұрсың ба?

Жазира. Естіп тұрмын. (жылап жатқаны естіледі)

Қалкен. Ертең тоғызға қарай келемін, орныңда боласың ба?

Жазира. (сөздерін өксікпен араластыра) Е-ей, есіл арысым-ай! Бір сен едің соққан дүлей дауылды керек қылмай төтеп тұрған алып емендей. Сені де құлатты ма? Енді не болдық!

Қалкен. (телефонның тетігін басады да тағы біреудің нөмірін теріп алады) Алло! Мен, Қалкенмін. Ертең жаңа өлең… ода әкелемін. Орныңызда боласыз ба?

Мерген. Бәрекелді! Міне нағыз ақылды жігіттің шешімі! Әкел, әкел, мен тосамын. Сен үшін есік ашық, сені тосып түні бойы отыруға дайынмын.

Қалкен тұтқаны тастай береді. Екі алақанымен бетін басып төмен қарап қатып қалады. Самал аяқтарын ақырын басып бөлмеден шығып кетеді.

Қалкен. (басын көтеріп, көрермендерге) Міне, өмір прозасы деген осы. Бұл проза басталысымен поэзиямен қоштасуға тура келеді. Көпшілік поэзияны ұйқас сөйлемдер жинағы деп біледі. Жоқ, олай емес. Ұйқас сөйлемдерден құралған шумақтар – ол поэзияның сыртқы пішіні. Ал нағыз поэзия, нағыз ақындық – ол өміріңді өзің ойлағандай, өзің жоспарлағандай, өзіңнің еркіңмен бағдарлап сүруіңде. Ондай өмір тек нағыз ақындардың еншісіне беріледі. Және де сол ақындар поэзияның биік шыңына қымбат баға төлеп шығады. Мен сол биік поэзияның шыңына шыға алмадым. Мен төменде жер бауырлап қалдым. Сондықтан… сондықтан мен енді өзімді ақын деп санай алмаймын. Өлеңдер жинағым да жарық көрер… мүмкін, сыйлықтарға да ие болар. Бірақ, мен ақын емеспін. Енді ақын емеспін. Мен енді тек ұйқас сөйлемдер құрастырушымын.

БЕСІНШІ КӨРІНІС

Қалкеннің жаңа кітабының презентациясы. Бергі планда түрлі жеміс және газдалған сусын тұрған үстел. Екінші планда, тағы бір үстелдің жанында Алма кітап сатып тұр. Самал соның жанында еденде тұрған бумалардан кітаптарды алып Алманың алдына қойып жатыр. Қайрат сол бумаларды сырттан әкеліп жүр. Тағы бір үстелдің жанында Қалкен өзінің кітабын сатып алғандарға автограф жазып отыр. Әр үстелдің жанында кезекте қатар-қатар тұрған адамдар. Артқы планда мінбер тұр, президиумға дайындалған, үстіне бір-екі шоқ гүл қойылған, үстел. Залда музыка ойнап тұр, халық гу-гу әңгімеде.

Бергі планда тұрған үстелдің жанына қолтықтарына бір-бір кітап қысып алған ер адам мен әйел келіп, жемістен ауыз тиіп тұрып әңгімелеседі.

Ер адам. Кітап қалай? Бірдеңе оқып үлгердің бе?

Әйел. Иә, біздің жаңа әкімге арналған оданы оқып шықтым.

Ер адам. Қалай екен?

Әйел. Не деуге болады? Әкім ұлттық батырдай мадақталыпты.

Ер адам. Оның бізге келгеніне бір-ақ ай болған жоқ па? Бір айдың ішінде не тындырыпты сонша ода арнайтындай?

Әйел. (мырс етіп күліп) Сол ода болмаса бұл кітап та жарық көрмеуші еді. Аудан бюджетінен қаржыланыпты деген сыбыс бар.

Ер адам. Е, онда түсінікті! Қазіргі заманда кітап басып шығарғың келсе, не биліктегі біреуді, не қалталы біреуді мадақтау керек.

Екеуі үстелге жақындаған Мерген мен Мақпалды көріп, әңгімелерін жалғастырып кете барады.

Мерген. (екі стаканға сусын құйып, біреуін Мақпалға ұсынады) Ода қалай?

Мақпал. Жарап-ақ тұр. Алайда…

Мерген. (мырс етіп) Алайда, басқа өлеңдерге қарағанда, нашарлау дейсің ғой.

Мақпал. Иә, дәл өзі! (ол да күледі)

Мерген. Әрине, ол заңды. Еріксіз жазылған өлең қандай, жүрек жарып шыққан сөз қандай!

Мақпал. Иә. Әсіресе маған, Қош, қайран ғашығым, деген өлең ұнады. Қандай түбсіз мұң! Кімге арналған сол өлең?

Мерген. Сен шынында да ештеңе білмейсің бе?

Мақпал. Жоқ, не білуім керек еді?

Мерген. Мен саған бір нәрсе айтайын. Саған өтірік – маған шын.

Мақпал. Жоға! Мен саған сенемін ғой.

Мерген. Сен шынында Қалкен мен Жазира туралы ештеңе естімедің бе?

Мақпал. Ә, онда түсінікті! Арғы жағын айтпасаң да болады.

Мерген. Ал сен сол Жазираның біздің басекеңнің тоқалы болғанын да білетін шығарсың?

Мақпал. (Мергенді көкірегінен итеріп жіберіп) Кет әрі! Не дейд?! (күледі, оған Мерген қосылады)

Мерген. Ол өзі бір дастанға лайық оқиға. Оқиғаның басын өзің де білесің – әкімнің бірінші жиналысында басталған… (Самал мен Алманың жақындап келе жатқандарын көріп, Мақпалды қолтықтап алып кетеді)

Самал мен Алма Қайраттың жеткізген кітаптары бітіп қалғандықтан сусын ішіп, жемістерден ауыз тиюге үстелге жақындайды. Олардың соңынан бір жігіт пен қыз келеді.

Жігіт. Енді кітап сатылмай ма?

Алма. Кітап таусылып қалды.

Қыз. (күледі) Осы мен дегенде бәрі таусылып қалатын несі бар екен?

Алма. Жоқ, кітап бар, жететін. Қазір інім әкеледі.

Самал. Кешіріңіздер, біз осыншама көп сұраныс болады деп ойламап едік. Сәл тоса тұрыңыздар, қазір балам жеткізеді.

Жігіт пен қыз кетеді.

Алма. Әкем нағыз ақын екен! Мен оның өлеңдерін оқырман дәл осындай ынтамен қарсы алады деп ойламағам. Қарашы, презентацияға келген халықты – құмырсқадай құжынайды!

Самал. (сусын ұрттап жатып, күліп жібереді) Осылардың бәрі әкеңнің поэзиясына құштар деп ойлайсың ба?

Алма. (шешесіне таңырқай қарап) Поэзияға құштар емес адам мұнда келе ме?

Самал. Баламысың деген осы! Мұнда келгендердің көбін әкімшілік жинап отыр. Әкімнің атынан әр мекемеге, мәселен, біздің мектепке, бәлен кісі презентацияға барсын деген үкім келді. Сосын біздің директор мұғалімдерді жинап алып, Қалкеннің презентациясына барасыңдар деп бұйырды. Жәй барып қоймай, әрқайсың бір-бір кітап сатып аласыңдар, дүйсенбі күні өзім тексерем, кімде кітап болмаса, кім презентацияға қатыспаса – менен жақсылық күтпеңдер, деді. Қандай шаралардың арқасында мына зал халыққа толғанын, неліктен әкеңнің кітабына осындай сұраныс туып отырғанын түсіндің бе?!

Алма. (жүзіндегі қуаныш арайы су сепкендей басылып) Ә, солай ма?! Сонда не үшін әкім әкеме мұндай құрмет көрсетіп отыр?

Самал. (күліп) Әкім сенің әкеңді қайтсын! Ол өзінің қамын ойлап отыр. Кітаптың бірінші бетіндегі соған арналған, соны мадақтап жазылған оданы көрген жоқсың ба?! Әкім бұл презентациямен өзінің беделін тағы бір биік дәрежеге көтерейін деп тұр. Республикалық газеттің тілшісі де келіпті!

Алма. Ода әкімге арналған ба? Басеке деген кісі туралы емес пе.

Самал. Басеке – сол әкімнің өзі! Басар Базарұлы! Атын атасаң да Басеке, бастық десең де басеке! Осы күнге дейін әкімнің есімін білмей қайда жүргенсің?!

Алма. Жоқ, әкемнің әкімді мақтап ода жазатынына сену қиын.

Самал. Енді не істемек?! Сол ода болмаса кітап басылымнан шықпайды. Ода болмаса оған мұндай презентация қайда?! Мына құмырсқадай құжынаған халықты қалай жинап алушы едік? Мына залды бізге кім береді?

Алма. Залды берсе несі бар?! Әкемдей ақынға бермегенде, кімге береді?

Самал. Әкеңдей ақын?! Кім оны біліп жатыр? Ал Барқыт Жүсіпова қандай әйгілі әнші?! Эстрада жұлдызы емес пе! Ал соған осы залды бермеді ғой. Ол осында концерт қоя алмай кетті. Соның бәрін істеген біздің әкім. Ол бүкіл мекемелердің басшыларына, Барқыттың концертіне ешкім бармасын, деген бұйрық беріпті. Со жолы біздің директор, оқушыларыңа ие болыңдар, концертке біреуі барып қалса жауапты әкімнің алдында өздерің бересіңдер, деді. Сосын, Барқыт қаладан кетіпті деген хабар келгенше балаларды сыныптан шығармай ұстап отырдым. Тіпті әжетханаға да шығармадым. Ал Барқыт Жүсіпова кім, сенің әкең кім, өзің ойлашы.

Алма. (төмен қарап) Е-е… м-м…

Самал. Не? Не дедің?

Алма. Жәй… маған енді бұл презентация қызық болмай қалды. Кітап та сатқым келмейді.

Самал. О не дегенің?! Кітап өтіп тұрғанда сатып қалу керек. Әсіресе мынадай қымбат бағамен. Саудадан түскен ақшаның елу пайызы біздікі. Ертең, кітап дүкендеріне мұндай бағамен өткізе алмаймыз.

Алма. Бұл кітаптың бағасы мен үшін түсіп қалды. Кітаптың да, әкемнің де. Меніңше, әкем бекер осы оданы жазып, текке кітабын арзандатып алды.

Самал. Үйбай! Мына қызды қара! Сен не – ұмыттың ба?! Әкеңді көндірген сен емес пе! Сенің көз жасың әкең үшін ақырғы тамшы болған жоқ па! Әкім екеуіңнің қатынастарыңда жұмысым жоқ – тек тауарымды қайтартып берсең болды, Қытай мен Түркияға баруға армандап жүр едім! Сен емес пе осыны айтқан?!

Алма. (жылап жібереді) Иә! Мен, мен! Бірақ осындай сұмдық боларын, осндай масқараға әкемді батыратынымды білгенде, мен сол арманымнан бас тартар едім. (фартугін шешіп үстелдың үстіне тастай салып жүгіріп шығып кетеді)

Самал. (фартукты алып өзіне тағып жатып) Мынаны қарай гөр! Мен осы қызды түсінбеймін. (кетеді).

Кітап сатылысы тоқтап қалғасын Қалкеннің жанындағы кезек те бітіп, ол автограф жазудан босайды. Кезектің соңында тұрған Жазира кітабын оған ұсынады. Қалкен кітапті алмай, орнынан тұрып, бергі планда тұрған үстелге беттейді. Жазира соңынан еріп келеді.

Қалкен. (сусын құйып жатып) Кешір, Жазира, мен саған автограф жаза алмаймын.

Жазира. Неге?

Қалкен. Не деп жазайын?! Бір сатқын екінші сатқынға кітап арнайды, дейін бе? Бұл кітаптағы өлеңдерді мен саған арнап жазғам. Бірақ оның бәрі өткен өмірде қалды. Енді міне – бұл кітапты да сатып жібердім. Өте арзан бағаға саттым.

Жазира. (көзінің жасын сүртіп тастап) Сонымен біз сатқын атандық… иә, солай болды. Мен қазір өзімді жаман түс көріп жатқандай сезінем. Әне-міне оянып, осының бәрі түс екен ғой деп қуанып көкірегімді толтыра бір дем алсам ғой деп армандаймын. Әттең! Ояна алмаймын. Әрине, менің сатқындығым айқын. Мен сені… сенімен бірге өзімді де бірінші болып сатып кеттім. Ал сен ше? Сен қалай құладың? Есіңде ме – мені күреске шақырғаның?! Жарайды, менің затым әйел… қанша қауқарлансамда мен тек бір осал қатынмын. Ал сен неге күреспедің? Жаумен жалғыз қалып ойсырадың ба?

Қалкен. Жалғыз қалғаным шын. Бірақ, жалғыз да шайқасуға болар еді. Егер жау шайқас ережелерін ұстанса. Ал егер ол ережелерді өрескел бұзса ше?! Егер жау қарсыласын айналып кетіп, ту сыртындағы қорғансыз жатқан қатын-қалашты тұтқындап алып, бала-шағаң өлмесін десең қаруыңды таста десе не амал қалады?!

Жазира. Е-ей, адал арысым-ай! Сен мұның бәрін әуел бастан білмедің бе?! Өзің адал болғасын бұкіл жұртты да адал деп жүрдің ғой. Өзіңдей бүкіл жұрт өмірдің мағынасы адал еңбек пен биік нысаналар деп ойлап жүр дедің бе?! Жо-оқ! Егер солай болса адамзат баяғыда жерұйықты тауып алушы еді. Биік нысаналар тек асыл даралардың еншісі. Еншісі де, соры да! Сен сол даралардың бірісің, сондықтан да әрдайым жалғыз боласың. Және де өмірдің бүкіл ауыртпалығы сенің, сен сияқты ардақтылардың басына түспекші. Бүкіл қиянаты, қатыгездігі мен әділетсіздігі, бүкіл зұлымдығы мен енжарлығы сенің еншіңе тимек.

Қалкен. Жоқ Жазира, мен дара емеспін. Мен сол ардақтылардың қатарына ене алмадым. Мен соларға сай бола алмадым. Мен, өкінішке орай, сол төніп келген зұлымдық пен қатыгездіктен басымды сауғалап алып кеттім. Ең ақырғы мезетте бұғып қалдым. Сен өзіңді менің алдымда кінәлімін деп санап жүрсің, өзіңді менің деңгейіме, дәрежеме жете алмадым, сай бола алмадым деп жүрген боларсың. Жоқ, олай ойлама. Сен айтқандай – сенің затың әйел. Ал менің ер деген атым бар еді. Сол ер деген атағыма сай бола алмадым, ерлік жасай алмадым, жауға төтеп бере алмадым, оған айламды асыра алмадым. Өжет сарбазбын деп жүріп, биік нысананы аламын деп жүріп, күнделікті ұсақ-түйек, күйбең тіршіліктің, тұрмыстың алдында екі қолымды көтеріп жауға берілдім де кеттім. Мені құртқан сол тұрмыс деген түбі жоқ тұңғиық, мен соған белуарымнан баттым да қеттім. Өжет сарбаз қатын болып шыға келді…

Кітап сатылуы қайтадан басталады, енді Қайрат өзі әкелген бумаларды өзі ашып, Самал сауданы жалғастырды. Қалкеннің сөзін тағы бір автограф алғыш топ бөліп жібереді.

Топ. Қалкен аға, автограф жазып беріңізші! Маған да! Міне, менің кітабыма да! (Қалкенді қоршап алып Жазирадан алыстатып әкетеді)

Жазира солардың соңына біраз уақыт қарап тұрып, тұрып кетеді. Жұмағали келеді.

Жұмағали. (Асығыс жүріспен мінберге өтіп кетіп жұрттың назарын өзіне қаратпақшы болып алақандарымен мінберді соғады) Тыныштық! Тынышталыңдар! Әй, сөндір музыканы! (жұрт тынышталғасын) Астыртын хабар! Бүгін ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері аудан әкімі Басар Базарұлыны, бес миллион теңге пара алып жатқан жерінде тұтқындап, абақтыға қамады. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Обылыс әкімінің бұйрығы бойынша, біздің ауданға жаңа әкім тағайындалғанша, әкімнің қызметі уақытша маған міндеттелді. Әкімшілік қызметкерлерін әкімнің кабинетіне жиналысқа шақырамын. Ал, тараңыздар, презентация болмайды.

Топтың ішінен біреу. Қашан болады?

Жұмағали. Шынын айтсам – білмеймін. Қазіргі жағдайға қарағанда, мүлдем болмайытын шығар.

Тағы біреу. Енді мына сатып алған кітаптарды не істемекпіз?

Жұмағали. Бұл сұраққа мен жауап бере алмаймын. Менің бұл іс шараға еш қатысым жоқ. Бұл сұрақты кітап авторына қойған дұрыс болар. (кетеді)

Бірінші адам. Автор, мына кітапты қайтып алыңыз. Ақшамды қайтып беріңіз.

Екінші адам. Мен де соны талап етемін.

Үшінші адам. Мен де…

Самал. Жоқ! Болмайды! Сатылып кеткен тауар қайтып алынбайды! О несі ей!

Халық шуласып Қалкен тұрған үстелдің жанынынан өтіп жатыр. Қалкен алақандарымен бетін басып төмен қарап үнсіз отырып қалған. Кейбіреулері сатып алған кітаптарын сол үстелдің үстіне тастап кетіп жатыр. Самал өтпей қалған кітаптарын жинап, Қайрат екеуі кетеді. Олар кетісімен Қалкен жалғыз қалады. Оның жанына Ақынжан келеді. Оның қолында кітап.

Ақынжан. (Қалкенді түртіп) Аға, жұрттың бәрі қайда кетіп қалды?

Қалкен басын көтереді, оның көздерінен аққан жас бетін жуып кетіпті.

Ақынжан. Аға! Сіз неге жылап отырсыз? Үлкен кісі жылай ма?

Gatunki i tagi

Ograniczenie wiekowe:
18+
Data wydania na Litres:
15 lutego 2017
Objętość:
370 str. 1 ilustracja
ISBN:
9785448378027
Format pobierania:
Audio
Средний рейтинг 4,2 на основе 878 оценок
Szkic
Средний рейтинг 4,8 на основе 300 оценок
Audio
Средний рейтинг 4,1 на основе 24 оценок
Audio
Средний рейтинг 4,6 на основе 960 оценок
Tekst, format audio dostępny
Средний рейтинг 4,8 на основе 1179 оценок
Tekst
Средний рейтинг 4,9 на основе 169 оценок
Tekst, format audio dostępny
Средний рейтинг 4,7 на основе 686 оценок
Tekst, format audio dostępny
Средний рейтинг 5 на основе 13 оценок
Audio
Средний рейтинг 4,8 на основе 5112 оценок