Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап

Tekst
Przeczytaj fragment
Oznacz jako przeczytane
Czcionka:Mniejsze АаWiększe Aa

– Аға, немене, Шоңкең сізге менің үстімнен арыз айтып отыр ма?

– Шоң сен жайында ештеңе айтқан жоқ. Мен біраз өмір сүрдім. Қандай жақсы еркек болсын, оның қадірі әйелімен артады. Айтпағым сол еді. Өмір жастарың ұзақ болып, өмірде көрер қуаныштарың көп болсын, – деп бетін сипады. Әйімкүлдің бұл үйдің табалдырығын аттап отырғаны бірінші рет емес еді. Келген сайын осылай батасын беретін Әйімкүлге. Шоңның осындай өрлеп, ел құрметіне бөленіп жүргені осындай адамдардың батасының арқасы шығар деп ойлайтын ол да.

Осы арада Шөміштің көңілін көтеретін бір сөз айту керек екенін түсініп Әйімкүл:

– Шоңкеңнің ел көзіне түсіп, шалқып жүргені сіздердің арқаларыңыз ғой.

– Келін, Жанкелді еңбегі де соның тәрбиесі болар. Оның үстіне Шоң жаратылысында басқалардан артық туған адам.

– Шөмке, енді мені мақтай бастадыңыз ба? – деді Шоң.

– Жоқ, мен шындықты айтып отырмын.

Шөміш бір сөз айтса, батасы қоса жүретін. Бұл жолы да сөйтті. Қолын жайып батасын берді. Оның мұнысына Әйімкүл риза болып қалды.

Жанкелді Шоңның жас кезінде үнемі құлағына әртүрлі жайды құйып отыратын. Сонау хан заманында да талай оқиғаны басынан өткізген. Шоңның осындай дәрежеге жететінін білгендей, ыңғай пара алу деген адамды азаматтық жолдан кетіретінін айтып отыратын. Тура Шоңның осы дәрежеге жететінін біліп отырғандай айтатын. Сондықтан да Шоң парадан қашып жүретін. Елдің беріп жатқандарының бәрі парадай көрінетін оған.

Ертеңінде жүрер алдында Шөміш өзі алып келіп, өз қолымен Шоң мен Әйімкүлдің арқасына қасқыр тон және күзен ішік жапқан еді.

– Шәке, бұл тонды не үшін жауып отырсыз? – деді Шоң. Баласы Әлсеннің би болғаны үшін беріп отырған пара тәрізді сыйлығы ма деп те ойлаған. Бірақ Шөміш сөздің ретін тауып кетті.

– Сенің, бабаң Жанкелді алдында кінәм болған соң беріп отырмын. Ал мына Әйімкүл келін өткен жолы келгенде бір жағалы киім кигізе алмай қалып едім. Келіннің біздің үйден жағалы киім киюі керек еді. Сол кемшілігімді түзетіп беріп отырмын.

Шөміш шын ауырып қалды ма, әйтеуір бабасы Жанкелді қайтыс болғанда топырақ салуға келмей қалған. Бірде үлкен әкесі Жәметтің аузынан әкем Жанкелді қайтыс болғанда мына іргелес отырған, бізге күйеу бала Тілен Шөміш те келмеді деген сөзді естіген. Сонда үйде біраз адамдар отырған еді. Солардың біреуі Шөміш құлағына жеткізгенін сезді. Мынасы сол өткеннің есесін қайтарудың амалы екенін Шоң біліп отыр еді. Айтар сөз бар еді, бұл арада айтпады. Орынсыз көрді.

Әкесі Жәметтің бұлай сөйлейтін жөні бар еді. Өйткені, Шөміштің әйелі де Ерназар тұқымынан еді. Бабасына топырақ салуға әкесінің келмегенін бірде әзіл қосып айтып кеткен Шоң Әлсенге. Әзіл астарында шындық жататын. Дәл іргеде отырып келмегенін жақтырмайтын. Соны сезді ме, соған орай өзіне тон кигізіп, Әйімкүлге ішік жауып отырғанын білді. Шоң соған орай сөйледі:

– Шөмке, үлкен атама топырақ сала алмағаныңды кінәләймін, оны еске алмай-ақ қойыңыз. Менің алдында айтқандарым ағайындық назым ғой, сіздің сөзіңіздің ретіне қарай айттым оларды. Ол үшін маған қасқыр ішік жаппай-ақ қойыңыз. Алмаймын.

– Алмасаң өкпелеймін. Жанкелдіге жапты деп есепте. Оның үстіне Тоқада сенен биік тұрған адам жоқ қазір.

Шөміштің Жанкелдіге шапқан шапаным дегені ауырлау болып кетті. Қазір алмай кетсе, бабасының аруағын сыйламағандай болып табылады. Ертеңгі күні мына әкесі де, баласы да талай жерге жеткізеді. Соңғы кезде шапан жапқан адамдар көбейіп кеткен. Шоң ол шапандарды өзіне емес, болыстығына жауып отырғанын сезетін. Мына тон астарында сондай мән жататынын сезгендей болды Шоң. Соған орай сөйлеген:

– Маған тон кигізгеніңмен ол Жанкелдіге жапқан болып есептелмейді. Егер олай десеңіз бабама арнап бір құран шығарыңыз кейін. Содан ол кісінің аруағы да, мен де риза боламын, – деп бастай келіп Шоң көкейінде тұрған сөзін айтты, – Шәке, кім болыс болмай жатыр? Бір жағынан менің болыстығымды сыйлап беріп отырған шығарсыз. Олай болса, бұл тоныңызды кимеймін.

– Болыс көп болғанмен, солардың ішінде саған жетері жоқ. Сен айрықша болыссың…

– Шәке, оны қайдан білесіз? Менімен бірге жүрген адамдай сөйлейсіз…

– Менде құлақ бар, елде жеткізетін тіл бар. Елден естіп отырамын. Қалың қазақ жайдан жай мақтамайды. Ел көңілінен шыққан бір шаруаларың бар ғой. Кешегі хан болған Кенесарыны да мақтағам жоқ. Сенесің бе, сенбейсің бе, өмірімде ешкімді мақтаған адам емеспін. Мен турасын айтып саламын. Бұл арада ешқандай мәймөңке жоқ.

– Мына сөзіңіз жалған болса да сенуге тура келеді. – Әлі де күдігі арылмаған Шоң әзіл араластырып сөйлегендей етіп айтқан. Оның мына сөзіне Шөміш ренжіп қалғандай.

– Мен осы қартайған шағымда сені мақтап, сенің алдында жақсы көрінейін деп отыр деймісің. Сөздің шынын айтып отырмын.

Шоңның бұдан да айтатын сөзі бар еді, балаңның ертеңін ойлап беріп отырсың деп айтпақшы болды да, бірақ айтпады. Шалдың көңіліне келіп қалатынын, Әлсеннің де ертеңгі күні өкпелейтінін білген еді.

Өзін мақтаушылар соңғы кезде тым көбейіп кеткен. Кейбіреуі көзін бадырайтып койып айтады, сонысы ұнамайтын Шоңға. Ыңғайсызданып қалады, солары жараспайтын сияқты. Олар мақтау емес, болысқа жағыну, жалбарыну, бірдеңені тапсыру үшін күн ілгері осылай сөйлеп отыратынын болжайтын. Сондай шамадан асып бара жатқан кейбіреулерін тоқтатып тастап отыратын. Қазір де Шөмішке соны жасамақшы болды, бірақ жасамады. Ондайда әкесі Шоңға ренжіп, сен адамның көңіліне қарамайсың дейтін. Ондайда Шоң әкесіне: «Телқозы, сен түсінбей отырсың бұлардікі болысқа жағынудың бір белгісі емес пе, ертеңгі күні оны ісіммен, сөзіммен қайтаруым керек. Ал мұны мен әркімнің көлгір сөзіне қарап орынсыз іс жасағым келмейді» – дейтін.

Шөміштің сөзін жақтырмай, әлі де құбылмалы көңілде отыр еді. Дегенмен, қадірлі шалға қарсы келуді лайықсыз көрді де, үндемеді. Қасқыр ішігін қанша алғысы келмей тұрса да, алды. Алмаса тентек шал жанжал шығаратынын білді. Ертеңінде атасының ауылына жүріп кеткен. Жолда келе жатқанда Әлсеннен сұрады:

– Осы әкең маған қасқыр ішікті сен би сайланған соң беріп отырған жоқ па?

Әлсен Шоңның мына сөзін жақтырмай қалды да, Шоң көңілінен шығатын бір сенімді сөз айтқан сол жерде:

– Алдыңғы жылы Қаржастан Шорманның Мұстафасының баласы келіп қонақ болып, сонда осы ішікті көріп маған бер дегенде, мен өлгенде келіп сүйегіме түсіп аласың, тірі күнімде бермеймін деген. Саған қалай бергеніне мен өзім де таң қалып келемін.

Шоңның тереңнен ойлап сөйлейтіні болғанымен, кейде кейбіреулердің сөзіне ренжіп қалып, асығыс бірдеңе айтып тастайтыны да болушы еді. Әлгі арада сөйткенін түсінді. Енді Әлсен аузынан әлгі сөзді естіген соң, басқаша сөйледі.

– Олай болса әкең шын көңілден берген екен, – деді. Баласының мына сөз Шөміштің айтқан сөзі шын, адал екенін дәлелдегендей болды. Жалпы, Шөміштің турасын айтатынын білетін. Әлсеннің кейбір сөздеріне көңілі толмай жүрсе де, мінезінде әкесіне тартқан турашылдық барын да білетін.

– Әлсен, маған берген екі бозды енді аламын, – деді Шоң.

– Жоқ, мен саған бергем жоқ. Телекеңе әкелгемін.

– Өтірік айтасың, маған әкелгенсің, білемін. Оның үстіне аттарың маған ұнайды.

Әйімкүл мырс етіп күліп жіберді. Әйелінің бұл қылығын жақтырмай қалды Шоң.

– Сен неге күлесің?

– Кеше аттарды жеккізбей, енді мына айтып келе жатқаныңды айтамын…

– Ол кешегі көңіл күй, ал бүгінгі басқа. Адамда ондай-ондай сәттері бола береді. Бұл Әлсен екеуміздің арамыздағы шаруа. Сен оған араласпай-ақ ақ қой, – деді Шоң.

Әйімкүл қасында жатқан әйелі болса да, Шоңнын осындай бір түсініксіз мінездеріне таң қалып отыратын. Қазір де сондай бір күйде еді… Шоңдар әуелі Әйімкүлдің үлкен әкесі Сәттібайдың үйіне ат басын бұрған еді, шалы өлгелі кемпірі оның орынын жоқтатпақшы боп бөлек отырған. Еркек орнында отырған кемпірге сәлем беріп, кіріп шығуы Шоңның соңғы кезде шал жоқ болса да әдетіне айналған. Бұл жолы да сөйтті. Кемпір мәз болып қалған. Сол екі ортада Азна бар, Сәттібайдың үлкен баласы Нартай бар, бәрі келген еді. Сәттібайдың кемпірі Әйімкүлді жаңа көргендей құшақтап бетінен сүйді. Бала кезінде Сәттібай үйінде өсіп еді. Қазір сол кездерін еске алып, кемпірдің көзінен қуаныштың жасы да шығып кеткен.

– Балам-ау, өзің өсіп кетіпсің ғой, – деді ұзара түскен тал бойына қарап.

– Тамағы тоқ, көйлегі көк, бұл семірмегенде кім толады, – деді Әлсен.

– Мен толғанын айтпаймын, бойының өскенін айтамын, – деді кемпір өзінің де, Әлсеннің де сөзін түзеткен болып… Енді ғана жиырма бестен асып, үшінші бала тапқан Әйімкүлдің бойының өскені рас болатын. Кемпір соны бірден байқап қалып, айтып отыр еді.

Расында, Әйімкүл еттеніп, үшінші қызын тапқан соң бойы ұзара түскендей әсер қалдырғандай еді, бұрын көрген адамға.

– Мұнда Әйімкүлден де көп өскен бір адам бар, – деп өзінің әзілқой әдетіне басып, Әлсен барды да пәуеске ішінде ұйықтан жатқан кішкентай қызды алып келді. Бәрі дуылдасып жүріп оны ұмытып кетіпті.

– Мына жиендеріңізге қайсыңыз көрімдік бересіңдер?

Елден бұрын келіп Нартай Әлсеннің қолынан баланы алды.

– Бұл Тілендер біледі, кімге көрімдік сұрайтынын, – деді ол.

– Өзің бір көрімдік алатындай сөйлейсің. – Әлсеннен Нартай біраз үлкен болса да оның қылықтарына қарай ретті жерінде кейде өзінің мінезіне салып еркін сөйлейтіні бар еді. Қазір де соны жасап тұр еді…

Нартай Әлсеннің сөз төркінін қайда бұрып бара жатқанын білді де жым болды. Нартай ана бір жылдары аулының бір қызын Тілендерге әкеп беріп соның ақысына жігіттен үш жылқы алған. Соны реті келгенде Әлсеннің Нартай өзі қарындасын әкеп беріп, ақысына жылқы алды деп мазақ етіп жүргенін естіген. Қарындасы мен күйеу баласының көзінше айтса ұят болатынын ұғып тұр еді ол да.

Сол орайда Тіленмен әзілдесудің қиын екенін түсінді. Қазір сол ойына түсіп кетті де, мына Азна Шоң көзінше бірдеңе айтып қоятынын ойлап, жым болды. Дегенмен Әлсен аузынан шыққан сөзді басуды ойлаған:

– Әлсен, көрімдік ешқайда қашпас, сөзді көбейтпесейші, – деп қоя салған. Осының аузын қалай жабамын деп жүрген Нартай тағы қайталап айтты. – Жиенімізге бермеген көрімдікті кімге береміз?

 

Мына сөзден кейін Әлсен де тоқтаған. Осы жолы қайтсе де Нартайға айтқанын жасататынына сенімді еді. Осыдан кейін екеуінің арасындағы етек алып кете жаздаған сөз басылып қалғандай еді.

Телқозының өкпесі

Бір күні келіп әкесі Шоң алдында сөз бастаған еді.

– Мына Қояншы-Тағайлар Кеттебекке біздің жылқыларымызды ұрладыңдар деп өтірік жала жауып жүрген көрінеді. Сен солардың болысымен сөйлесіп көрші…

Шоң білетін, Аралбайлардан Ортау болысына болыс болған Кеттебек еліне жақпай болыстықтан шығып қалған еді. Қазір туыстарымен ренжісіп, Шоң ауылына жақын жерде іргелес отыратын.

– Көрші отырған олардың дауы баяғыдан бері бар. Ол үшін мен жүре бермеймін, өздері шешіп алады. Ел арасында сәл бірдеңе болса мен шапқылай беремін бе осы? Ана билері отыр. Соларға неге жүгінбейді?

– Кеттебектің аталары пәлен жылдан бізбен көрші отырған ел. Екіншіден, мен тілек етіп отырмын. Барып барлық жағдайды біліп қайт. Әрі-беріден соң бұл – сенің міндетің. Кеттебек ауылы саған қарайды.

– Ана Құтжан биді неге жібермейді?

Кұтжан өзін Шоңнан артық санап жүрген Аралбайдың биі еді. Және Ыбыраймен құдандалы болатын. Кіші баласы Әліммұсаға оның қызын алып берген. Енді келіп оның туысы Кеттебек туралы әкесі мынандай сөз айтып отыр. Мұнда бір мән жатқанын Шоң біле қалды да, мен оның шаруасына араласпаймын деп бірден айтқан. Сонда да әкесі болмады:

– Шоң, оның Қояншы-Тағайлар алдында сендей беделі бар ма, соның бәрін есептеп келіп саған тоқтап отыр ғой олар да.

Шоң мынау бір шатақ шаруа екенін сезді де:

– Мен ондай шаруаға бармаймын. Қалай шешсе олай шешсін! – деді.

Телқозы бұдан кейін сөз бітті дегендей, үндемей кетті. Әңгіме осымен біткен сияқтанды. Шоң болыс болып келгелі әкесі бөлек шығарған. Шоң өз алдына отау болып Қызылағашта отырған. Әкесімен бірге Малай тұратын. Балаларының ішіндегі өзінің тілін алғыш Малайды әкесі басқа балаларынан жақсы көретін. Балалары өз алдына үй болып кетіп жатқанда, әкесі Малайды жібермей қасында қалдырған.

Арада тағы екі күн өткен еді. Таңертенгі шақ болатын. Шоң өзінің үйреншікті әдетімен серуендеп есік алдында жүр еді, әкесінінің ауылы жақтан екі атты адам осылай қарай келе жатыр екен. Жақындағанда Шоң әкесі мен інісі Малайды таныды. Телқозы мұнда бұрылмай анадайдан өтіп кетті де, Малай ағасының қасына келді. Сәлем берді.

– Ана әкең қайда бара жатыр?

– Мына Аралбайлар аулына барып қайтамын дейді.

– Жайша ма? – деді Шоң.

– Ол жағын білмедім…

Шоң өзінен Малайдың бірдеңені жасырып тұрғанын білді. Телқозы не болса да Малаймен ақылдаспай жұмыс істейтін. Інісі әкесінің неге бара жатқанын білсе де айтпады, бұл да қазбалап сұрамады.

– Әйімкүлдің шайы қайнап түр. Үйге кіріп шай іш, – деді.

– Шай ішетін уақытым жоқ, асығыс шаруам бар. – Малай атына мініп, тебініп қалып жүріп кетті. Шоң да үй сыртына қарай серуендеп кетті. Әкесінің Аралбайлар аулына бара жатқанына көңілінде белгісіз бір күдік жатса да онша мән бере қоймаған. Өйткені, баяғы заманнан қатынастары бар, туыстай болып кеткен адамдар еді. Солардың біреуіне бара жатыр ма деп ойлаған. Шоң ел байқай бермейтін әр руға тән мінез-қылық барын білетін. Аралбайлардың өздерінікі қисық болып тұрса да, өздерін дұрысқа бағалайтын мінездері бар еді. Шоң сол мінезіндерін жақтырмайтын. Кешегі әкесінің сөзі есінде еді, содан ба, көңілін бірдеңе мазалағандай болып, есік алдына қайта оралғанда, үй алдында тұрған інісі Малайды көрді. Оның мына қайта оралуынан бірдеме айтқысы келіп жүргенін білді.

– Неғып тұрсың, үйге кір.

– Асығыс шаруам бар. Кетейін деп тұрмын.

– Әкенді күтіп тұрсың ба?

– Сол да бар…

Сөздің бетін тағы да Аралбайларға бұрды:

– Аралбай көп, кімдікіне кетті?

– Кеттебектікіне.

Кеттебек анау-мынау адамды менсінбейтін, оның үстіне тентектеу мінезі бар адам болатын. Соны біле ме, әкесі онымен онша жақындаса қоймайтын. Әкесінің сол Кеттебек үйіне кеткеніне таңқалды да қойды. Кеттебекте бір шаруасы бар ма деп, тағы да інісінен сұрады.

– Білмедім, – деді Малай.

Малай бір әке, бір шешеден туса да Шоңға ұқсамайтын, жаратылысы басқа еді, айналдырғаны алдындағы малы, сөзі аз, ешнәрседе шаруасы жоқ адам болатын. Әке сөзін екі етпей орындайтын мінезі барын және білетін Шоң. Содан ба, Шоң мен Малай бірімен-бірі онша ашылып сөйлесе бермейтін. Казір Малай сонысын жасап тұр еді.

Ағасының көніл-күйін сезді де, ол кетіп қалды. Әкесінің бірдеңе айтқанын Шоң сезді. Бірақ інісі үндемеген соң бұл да қазбаламады. Әдетте Шоң таңертеңгілік серуеннен келгеннен кейін жазуға отыратын. Бүгін оны жасамады. Әкесінің Кеттебек үйіне бара жатқандығы туралы інісінің сөзі ойын бөле берді. Серуендеп жүргенде Шоң жайдан-жай жүрмейтін. Жазатындарын ой елегінен өткізіп алатын. Бүгін үйреншікті сол әдет тартпады. Басқа жаққа кете берді. Кеттебек үйіне кеткен әкесіне көңілі ауа берді. Енді әкесі туралы, Кеттебек жайында ойлады. «Бұл Телқозы мен Кеттебекті жақындастырып жүрген қандай шаруа» деген ойға беріліп, өзінен өзі мазасызданған. Бұрын Кеттебек туралы әңгіме бола қалса, Телқозы: «Сол Аралбайды қойшы» деп отыратын. Шоң оны білетін. Әкесі Кеттебектің кекірік мінезін онша жақтыра қоймайтын, ашық айтпаса да, Шоң соны сезетін. Осындай екі адамды жақындастырып жүрген не екен, өзіне өзі сұрақ беріп, онысына іштей жауап таба алмады.

Кеттебек Шоңмен қатарлас еді. Осының алдында Аралбайлардың жартысы, Ортау болысы ашылып, соған қарап кеткен. Аралбайдан Құтжан би болыс болған. Құтжанның болысқа өтуіне Шон көмектескен. Кеттебек қанша талпынса да бола алмай қалған. Содан Құтжан үстінен жазу көбейді. Кейін ретін тауып ояздың аузын алды ма, Ыбырай қанша сүйесе де үстінен жазу көбейді. Ояз да сасып қалған сыңайлы. Бір барғанда Шоңмен ақылдасқан еді. «Мына Құтжан үстінен арыз көбейіп кетті, не істейміз» деп сұраған. Бұл айтқан: «Ел жайдан-жай жазып жатқан жоқ шығар, бір себебі болуы керек». «Ендеше, сол болысқа қайта сайлау өткізіп кел» деген ояздың ұсынысынан Шоң бас тартты. Аралбайлар арасында болыс сайлауын өткізсе өзіне пәле болатынын сезді. Содан ояз Шоңмен ақылдаса келіп, Герасимов пен Ыбырайды жіберген. Кеттебек пара берудің арқасында болыс болып алған. Содан өзіне қарсы болғандарға қырғидай тиеді. Бұл хабар Шоңға да жетіп жатады. Шоң Ақмолаға барғанда Ортау болысында болып жатқан жағдайды айтады. Ашуланған ояз Герасимовты жіберіп, Кеттебекті орнынан шығарып тастайды.

Кеттебек Шоң мен Герасимовтың көңіл жықпас достар екенін білетін. Кеуделі Кеттебекке болыстан шығып қалғаны қатты әсер еткенін Шоң сезіп жүретін. Содан бірде Шоңға мінез көрсетіп айтқан: «Сен анау оязың арқылы Құтжанды өткізіп жібердің ғой» деген. Бұл сөзде шындық жатқанын түсініп Шоң сөзді көбейткісі келмей, үндемей жүре беретін. Содан бері кездескен жерде соны еске түсіріп айтып жүретін. Әкесі Телқозы да мұны білетін. Шоң әкесінің Кеттебек үйіне барып жүргенін бір нәрсеге ұрындыру үшін жасап жүрген қулығы ма деп ойлаған. Ала көңіл болып тұрғаны осыдан еді.

Барлық ойды сырып тастап сыртта біраз жүріп келіп Шоң Карповпен кездескеннен кейін жаза бастаған қазақ тарихы туралы жазбасына кіріскен еді. Бұл мәселе де күнделікті үзілмейтін тақырыпқа айналған соңғы кезде. Бүгін үйеншікті болған шаруасына кіріскенде тіптен ұзаққа кеткен отырысы болды. Шоң сонау Қоңырқұлжамен болған әңгімеден кейін жазамын ба, жазбаймын ба деп екі ойлы боп жүрген қазақ тарихи жайындағы еңбегін Карповпен кездескеннен кейін біржола қолға алған. Айтар ойлары көбейіп кеткендей еді. Онымен қоса қазақ жеріне орыстардың көшіп келуіне байланысты да пікірі бар еді басында. Бәрін біріктіріп, бір мәселеге айналдырған. Шоңның жазуы тіптен молайып кеткені содан еді. Кейінгі кезде бос уақытында бұрындай қаршыға алып, құс аулауға, ілуде-шалуда болмаса шықпайды, бірнеше сағат отырып ойға беріліп жазатыны бар еді. Шоңның не жазып жүргенін ешкім білмейді. Анада бірде Әйімкүл Шоңнан не жазып отырсыз деп сұрағанда ол айтқан, өткен-кеткен, алдағы шаруалар жайында толғаныстар ғой деген. Әйімкүл оның бұл айтқанын онша түсіне қоймайтын. Содан кейін Шоңның жазуында жұмысы болмайтын. Содан бері біраз уақыт өтті – шегі жоқ, бітпейтін шаруа тәрізді. Ойдан ой туа беретін. Шоң бұған жалықпайтын, қайта құмарта түсетін. Күн сайын түннің біраз уақытына дейін отырып жазатыны бар. Әйімкүл бұған да үйреніп алған. Дегенмен, сағаттар ойы күйеуінің тапжылмай отырғанынына мазасызданатыны және бар. Әйімкүл кейін тағы да бір-екі рет сұрап еді, күйеуі өзім де білмеймін деп, екіұшты, жұмбақтап жауап берді. Оған ашуланып қалған Әйімкүл атымен сұрамайтын болған еді. Шоңның күндіз-түні отыруына қарағанда, мұның бір маңызды шаруа екенін Әйімкүл түсіне бастаған. Кейде тіпті, біреулер сұрай келсе үйде жоқ деп, жазу жазып отырғанын жасыратын. Шоңның жазуына кедергі келтірмеуге тырысатын.

Бүгін де әлгінде Малаймен болған қысқа әңгімеден кейін қайта кіріп жазуға отырған еді. Шабыты келіп жазғаны сонша, Шоң содан түскі тамаққа да тұрмады. Содан біржола жазуға беріліп кеткенін біліп Әйімкүл де тамаққа шақырып мазаламаған. Бесіндікке дейін отырған ол, орнынан көңілді тұрды.

– Әйімкүл ішіп-жейтін бірдеңең бар ма? – деп сұрады. Бұл жазу ойынан шыққан соң куаныштың белгісі еді. Жазуы сәтті шыққанда оның осылай жақсы күймен орнынан тұратынын Әйімкүл білетін.

Өзіне арнап жасалған түскі тамақты қайта жылытып дастарханға қойды. Әйімкүл екі-үш сағат тұрып қалған тамақты күйеуіне бермейтін. Баяғыда, анау Ақмолада тұрғанда бір жаққа шаруамен барғанда ұшынып қалғанын білетін, содан бері Шоң тамақты көбіне бөлек салғызып жейтін. Содан түн асқан түгілі, күн тұрған асты бермейтін. Шоң сұрап тұрған соң қайыра тамақ дайындауға мұршасы болмай, түсте дайындалған тамақты берген еді. Бұл ешкімнің қолы, аузы тимеген ас еді. Шоң өзінің биязылығына салып, асықпай ішіп-жеп сыртқа шығып кеткен.

Әкесі туралы да, Аралбай Кеттебек туралы да – бәрін бір сәт ұмытып, әлінше жазу үстелі басында туған ойлары қайта туындап, тыста жүре алмай тағы жазуға отыруға келе жатқан. Мұндайда айналада болып жатқан жағдайларға да мән бермейтіні бар. Тіпті, көрмейді деуге болады. Ішкі ойлар жетегіне беріліп сыртқы дүниенің бәрін ұмытатын әдеті еді. Шоң казір сондай күйде болатын.

Шоң жаза бастағалы мұндай сәттілік жиі болмайтынын түсінген. Ондайда қайта жазуға отыратыны болушы еді. Қазір сондай күйге беріліп, үйге қарай кері бұрылған. Кенет тура өзіне жақындап келіп қалған әкесін бір-ақ көрді. Жетегінде екі аты бар. Тура қасына келіп тоқтады.

– Мына аттарыңыз не?

– Мынауы айғыр. Етті орыс жылқысының тұқымы көрінеді. Бір өзінен қазақтың екі жылқысының еті түседі дейді. Сондықтан тұқым алу үшін екі айға Кеттебектен сұрап алдым. Қасында үйірі болмаса жылқы да тұрмайды ғой. Сол себепті, мына биесін қосып берді. Екі-үш биені айғырдан шығарып алған соң өзіне қайтып беремін.

Шоң әкесінің бұл қылығын жақтырмады. Көңілі онша емес адаммен жасап жүрген мұнысы дұрыс емес екенін айтса қазір әкесін ашуландырып алармын деп, үндемеді. Сонсоң екі жылқыға назар аударды. Екі жылқыны көзбен шолып өтті. Бойшаң, денелі, арқа-жоны жалпақ малдар екен. Әкесі айтса айтқандай, қазақтың екі жылқысынан шығатын еті бар әрқайсында. Соны түсініп тұр еді.

– Кеттебек бұл жылқыларды қайдан алған?

– Ақмола базарынан сатып алыпты…

– Сіз сонда сан барып тұрасыз, осындай тұқымнан сатып алмайсыз ба? -Бұл сөзі әкесінің Кеттебектен жылқы алғанын жақтырмағанының белгісі еді.

– Бұл жылқылар қыруар ақша көрінеді. Сатып алып жүргенше осы дұрыс емес пе?

Шоң әкесінің сараңдығын осы жерде тағы мына сөзінен көріп қалғандай болды. Алайда Шоң үндемеді. Дегенмен Кеттебектін жайдан-жай жанаса бермейтінін түсініп тұр еді. Әкесінің өзіне бұл берудің артында Кеттебектің бір талап, тілегі тұрғанын топшылады. Әлгі қысқа әңгімесі негізгісінің бастауы ғана екен, Телқозы сәлден соң сөзін әрі қарай жалғады.

– Кеттебектің саған бір тілегі бар екен, өткен жолы айттым ғой, Қояншы-Тағайлар көршілері біздің жылқымызды ұрлады деп пәле салып жатқан көрінеді. Соны реттеп берші. Оязға арыз түсіріпті. Ақмоладан біреу келіп тексеріп кетіпті.

Шоң Ақмоладан адам келсе өзіне соқпай кетпейтінін білетін. Кеттебекты мынасы күні бұрын жасап отырған сақтық екенін сезді. Сөзі жалған екенін түсінді. Ішін бір реніш жайласа да, оны сездірмей Шоң әкесінің бұл қылығын ұнатпай тұрса да, оны үндемей тындай берді.

– Сен мені тыңдап тұрсын ба?

– Айта бер, тыңдап тұрмын…

– Кеттебек пәлен жыл көрші отырған адам ғой, соған көмектесіп жібер.

– Телқозы, өткен жолы айтқанмын, Аралбайларға ешкім өз бетімен тимейді. Бар пәле сол Кеттебектің өзінде шығар. Тағы да айтамын, ана болыс, би Құтжанды жіберсін. Ол ана Ыбырай төремен құдандалы. Қаракесектер оның айтқанын екі етпей орындайды.

Шоңның кейін тартып тұрғанына әкесі ашуланып қалды да:

– Сен айтқандай Құтжан тәрізді басқа да билер толып жатыр. Сені өз болысыңның адамы Кеттебек әдейі айтып отыр. Ана Каракесектер көрінген билердің сөзін тыңдай бермейді. Сенің болысыңа қарайды, соны ескеруің керек. Әуелі тексеріп барып айтпайсың ба? Күні бұрын байбалам салғандай етіп тұрсың!

 

Әкесінің бұл айтқанында бір жөн бар екенін Шоң сезді. Қазір екі ру арасында бір шатақтын болайын деп тұрғанын да түсінді. Аралбайлар ешқашан біреуге пайдасын жібермейтінін білетін. Содан кейін іштей бұған араласудың жөн, әлде қисық екенін біле алмай тұрған. Бұдан кейін әкесі сөзді көбейткен жоқ, кетіп бара жатып ат үстінде дауыстады:

– «Көрші ақысы – тәңір ақысы» дейді қазақтар. Соны ұмытпа.

Шоң сәл ойланып тұрып қалды. Кеттебекті де жақсы білетін, ешкімге есесін жібермейтін. Онымен дауласқандар пәле үстіне пәле қосып алатын. Ел содан одан аулақ жүретін.

«Ойпырмай, ә… – деп ойлады Шоң. – Бұл Қаракесектер Кеттебекке қалай тиісіп жүр екен?» Шоң бір жағынан Каракесектер де жай жатпастың өзі екенін, бірақ олардың қай жерден, кімнен жылқы ұрлайтынын талдап-барлап қимылдайтын адамдар екенін жақсы білетін. Ес білгелі Қаракесектер көрші отырған Аралбайдан жылқы ұрлады дегенді естіген емес. Сірә, көршілікті сақтауды қадыр тұтатын Қаракесектердің іргесінде отырған руларға тиіспейтінін білетін. Аралбайлар да солай еді. Олардын ұрылары да көрші жатқан Қояншы-Тағайлардан мал ұрламайтын. Сонау Найман, Тобықтыларға шығып кетіп, сондай алыстағы рулардан ұрлайтын. Шоң оны естіп жүрген. Қолма-қол Ақмола базарына апарып сатып жіберетін. Содан оларды ешкім ұстай алмайтын. Кеттебек тәрізділер бұл үшін арнайы ұрылар ұстайтын. Шоң әрі-сәрі, екі ұшты ойға қалды, біріне де тоқтай алмады.

Шоң сыртта біраз жүріп, үйіне келсе Телқозы әлі кетпеген екен. Алып келе жатқан екі жылқысын сырттай қызықтағандай қарап, есік алдында тұр екен. Осы кезде тысқа Әйімкүл шықты.

– Келін, әлгі дәмді шайыңды қойып жіберші. – Бұл Телқозының Әйімкүлге жақсы күйде болғанда айтатын сөзі болатын. Әдетте, келіндеріне қатты Телқозы ретті жерінде келіндерін осылай мақтап жіберетін де әдеті бар еді.

– Көке, олай болса неге тұрсыз, үйге кіріңіз. Шай қайнап тұр, – деп ол да жалбалақтап қалды. Сармантай аулында да үлкендерін «көке» дейтін әдет бар екен, келін болып түскеннен кейін үлкен әкесі Сәттібай тәрізді, Телқозыны да солай атап кеткен. Телқозы бірден үйге кіріп кетпей, жақындап келе жатқан Шоңды күтіп тұрған. Ол қасына келген соң әлгі сөзін тағы қайталап айтты. Екінші рет Телқозының ескертіп айтуы, шаруасы маңызды болғанда жасайтын әдеті еді. Мұны Әйімкүл жақсы білетін. Әдейі келініне естірте айтып тұрған. Өйткені, Шоң Әйімкүл аузынан шыққан сөзді жөнсіз болмаса да қалт жібермей орындайтын. Телқозы да біліп алған. Сондықтан әдейі келінінің көзінше айтып тұрған еді, ол да:

– Шоң әлгі айтқанымды жаса. Реттеп жібер. Сенің тілінді ана Қаракесектер де жықпайды.

– Кеттебек өзі келіп айтпай ма, осы шаруаға сіз неге араласасыз?

Пайдасы болмаса, Телқозының кез келген шаруаға араласпайтынын Шоң жақсы білетін. Әкесінің мына айтып тұрғаны екі атты алғанның қайтарым екенін сезіп тұрса да әдейі айтты:

– Сені жұмсағаны несі қолбала құсатып… – Шоң әкесінінің сөзіне де, Кеттебектің қылығына да ыза болып тұр еді.

– Ол да келеді, сен дұрыс қарасын деп әдейі ескерткенім ғой бұл. -Телқозы осыны айтты да үйге беттеді. Оның артынан Шоң кірген. Алдында ғана енген Әйімкүл шайды жасап қойған екен. Әкесі жайғасып отырып Әйімкүл құйған шайды іше бастады. Шөлдеп келген болуы керек, кесесін тез тауысып, рахаттанып отырып шай ішті. Тер одан да кетті, бұдан да кетті. Шоң қалжақтап айтты:

– Немене, Кеттебектің үйі шай бермеген бе?

– Берді ғой, бірақ Әйімкүлдікіндей болмайды ғой. Бұл келіннің шайы айрықша. – Телқозының бұл да бір саясаты болатын. Кейде айтар сөзін Шоңға өзі айтпай Әйімкүлге айтып кететін. Мынасы соның алдындағы мақтау еді. Нартай Шоңның мініп жүрген атын алып кеткеннен соң, жалпы Телқозы көңілі Әйімкүлден де суып қалған. Әйімкүл Ақмоладан қайтып келген соң көңілдері қайта табысқан еді. Оған себеп болған Әйімкүлдің көкелеп тұрған мінезі еді. Әйімкүл сонымен Телқозы тілегінен шығып жүрген еді. Атасының көңілін осындай мінезімен жаулап алған. Телқозы да Әйімкүлдің айтқанын қисық демейді, Шоң да шамасы, реті келіп тұрса орындауға тырысатын. Әрбір адамның айтқанына сын көзбен қарайтын Шоң сол қасиетін Әйімкүлге келгенде жоғалтып алғандай болады. Және оның айтқандарын ілуде-шалуда болмаса, дұрыс емес демейді. Шоңның да әйелінің айтқан сөзің екі етпей орындайтынын Телқозы сезіп, біліп алған әбден. Мынасы да сол үйреншікті әдісі болатын. Шоң әкесінің әлгі сөзін жақтырмай:

– Әйімкүл шайын көп ішіп үйреніп қалғаннан ба, маған да айрықша… Кеттебектің әйелінің берген шайы Әйімкүлдің шайының ширегіне келмейді. Сен шай жайында әңгімені қой. Мен саған Кеттебек мәселесін әдейі тапсырып отырмын. Бір рет мен айтқандай жасап бер… – Телқозы шайын тездетіп ішіп, асығыс орнынан тұрды.

Әйімкүл атасының әлгі сөзін Шоңның қабылдамай отырғанын білді. Ол Телқозының әдейі бұл шаруаны өзіне тапсырып кеткенін түсіне қалды. Телқозы бұдан кейін Шоңнан сұрамайтын, кейін уақыты болды-ау деген шамасында Әйімкүлден сұрайтын. Ол да атасынын ондайын біліп алған, түбінде өзінен сұрайтынын түсініп, сол себепті Шоңның есіне салып, ретін келтіріп сұрап та қоятын. Әлгі әкесінің сөзінен кейін Шоң ашуға беріліп:

– Әлгі сөзді көбейтіп кетті ғой, Кеттебек ешқашан есесін оларға жібермейді. – Әкесінің айтқаны ойынан шықпаған болуы керек, өзінен өзі отырып дауысын көтере сөйледі. Бұл жақтырмағандықтың белгісі еді. Әйімкүл де оны түсініп, үндемей қалды. Шоң түскі тамағын ішіп алған соң өзінің әдетімен біраз дем алып, жазуға кірісті. Жазуға берілгені сондай, әкесінің тапсырмасы туралы ұмытып та кеткен.

Содан сол күні төсекке жатқан соң өзінің әдеті бойынша Әйімкүл Шоңға әкесінің тапсырмасын еске салған. Шоң оны жақтырмаған ыңғай көрсетіп сөйледі.

– Сен де, Телқозы да Кеттебек шаруасынан аулақ жүріңдер. Мен оның шаруасына араласпаймын, – Шоң турасын айтқан.

Осымен әйелімен екеуінің арасындағы сөз де жылдам біткен еді. Әйімкүл де Шоңның енді айтқанын орындамайтынын біліп, бұдан кейін үнсіз қалған. Шоң өзінен өзі жатып ойға берілді. «Күндізгі сөз сарынына қарағанда екі жылқыны басыбайлы берген болған ғой» – енді Шоң ашуы тіптен күшейді. Аралбайлардың бірдеңе өтікізіп қойса соңынан қалмайтын әдеті барын және білетін. Ұйқы ашылып кеткен соң, Шоң жазу бөлмесіне барып жазуға отырды. Содан түннің бір уағында төсегіне келіп жатты. Әйімкүл де атасы Шоңға жөндеп айтпадың деп маза бермейтінін білетін. Таңертең шай үстінде тағы айтқан.

– Шоңке, байқадыңыз ба, көкем кешегі айтқан шаруасына үлкен мән беретін тәрізді.

Сонда да Шоң үндемей отыра берді. Оның мұнысы Әйімкүлдің ойынан шықпағаны болуы керек:

– Шоңке, неге үндемейсіз?

Әйімкүлдің мұнысы көңілінен шықпай тұрса да, ренжіген жоқ. Одан құтылу үшін:

– Оны жағдайға байланысты кейін көремін…

Шоңның бұл сөзі Әйімкүлге ұнамай қалды. Оның мақсаты кайтсе де кешегі атасының айтқанын Шоңға істету болатын.

– Шоңке, қайтсеңіз де көкемнің айтқанын жасап беріңіз, – деді.

Шоң сонда да ештеңе айтпады. Орнынан тұрып, тысқа шығып кетті. Ол шығып кеткен соң Телқозы келді. Әйімкүл оған Шоңның көнбей отырғанын айтқан еді. Телқозы Кеттебекке айтқанын жасататына уәде беріп кеткен. Жылқысын алып отыр, енді сөзінде тұрмады. Әлгі Әйімкүл айтқанынан кейін Шоңмен сөйлесудің ешқандай мәні болмайтынын біліп, Шоң үйінен шыққан соң Кеттебек аулына тартқан. Көз алдында екі жылқы тұр. Келіп Кеттебекке жұмсартып айтқан:

– Жүз көрсе көз ұялады дейді. Мен де біраз айттым, өзің де барып бір сөйлессейші, – деді.

Алдында Ортау болысында сайлау болғанда Кеттебек Шоңға ренжіп біраз сөз айтқан соң, Шоңның жақтырмай қалғанын білген. Содан бері бірталай заман өткен. Екеуі жүздескен жоқ еді. Кеттебек мына Телқозының сөзінен кейін ойға беріліп отырып қалған еді. Шоңға бармасам деп бір ойлады. Бірақ бұл шаруаның соңы өзіне жақсылық әкелмейтінін біліп отыр еді. Кеттебек әрі ойлап, бері ойлап Шоңға баруға бел байлады. Араға екі күн салып өзі келген.

To koniec darmowego fragmentu. Czy chcesz czytać dalej?