Za darmo

Жетісу суреттері

Tekst
Oznacz jako przeczytane
Czcionka:Mniejsze АаWiększe Aa
 
Қарасаң Көкбұлақтан күміс қарға,
Өрнегі шербеністің билетіндей.
Осқырып теріс айналған Түптің суы,
Сырт беріп қос аяқтап тебетіндей.
Жыландай ирең қаққан Иірсуда
Білдірмей тау іргесін сөгетіндей.
Лабасы терде жатыр төс табандап,
Шоңқиып малды ауылдың төбетіндей.
Бота жүн, бозғылт күрең шалғын біткен,
Жайлау жоқ Көктөбенің төбесіндей.
Жарбиып осы ереңге ықтырмалап,
Қоңырқай Қулық судың бөгетіндей.
Ешкідей үркіп шыққан Шөладыр тұр,
Қасқырдан бір тықырды көретіндей.
Телміртіп Текес аса ай туады,
Тайыншаның, тарғыл ала зересіндей.
Жайлаудың ортасында Тұзкөл жатыр,
Жарқырап төбел таздың төбесіндей.
Айналсоқ ала асқарда сасық мұнар,
Тіміскіп төс түртпесе өлетіндей.
Қыз емшек қызыл сүйір шоқылары,
Томсартып тұман сүйіп өбетіндей.
Меңіреу мөлдір қара бұлт қоршайды,
Сұлуға жұпар бүркіп себетіндей.
Баладай балдырлаған сақау самал,
Қойнына әжесінің енетіндей.
Тұмсығы Торайғырдың түгел орман,
Сол таудың тыныс тартар өңешіндей.
Таппайсың Үшмеркіден ұшы-қиыр,
Қарағай қара шашты өретіндей.
Басы мұз, зәулім жақпар, дүлей тоғай,
Барлық аң бір шатқалдан өретіндей.
Мақтайтын ертедегі Иран бағын,
Сол жаққа барған кісі көретіндей.
Томардай тұқыл күйген, тұлан тұтқан,
Сорлы тау неге болсын Сөгетідей.
Қып-қызыл жамағандай тауды мыспен,
Қорғасын қорығандай су-күміспен.
Құймақы, қожыр қара жақпарлары,
Арналып отырғандай алып күшпен.
Таутеке, марал, бұғы тағылары,
Тау-тасын мекендеген жазы, қыспен,
Қартадай қатпар-қатпар қаптал жатыр,
Тазы ертіп, күзгі қарда шықсаң кұспен.
Қуыппыз көк жайлауда бір күн елік,
Желіктен кісі аман ба қымыз ішкен.
Тағыны тастан тауып тарсылдатып,
Жүргенбіз тауды ұзақ күн қыдырыспен,
Басына кешке таман Шырғанақтың
Шыққаным әлі есімде Ыдырыспен.
Ал, сонда алды-артыңа көзді салсаң,
Онды-сол, көз жетерді шолып алсаң,
Бұлдырап көзің шалып Түптің суын,
Албанның қонысына қайта айналсаң:
Қылқиып қыры кеткен Қызылауыз,
Кетпен мен Кеңсу кербез жатыр алшаң,
Томпиып томағадай Сарытау тұр,
Қарасай – ер қапталы атқа салсаң.
Елбіреп Елшенбүйрек ел аулақта,
Ойнамақ жасырынбақ Науша, Наршаң.
Шалкөде шүйгін шөпті құтты жайлау,
Сонда дейд сүзбе тұзды бара қалсаң.