Za darmo

Күй

Tekst
Oznacz jako przeczytane
Czcionka:Mniejsze АаWiększe Aa
 
 
 
Артығың менен сенің – білесің тіл,
Тіліңнің пайдасы не? Жайымыз бір.
Ботама босанайын, бұйдамды қи!
Маған мін, кел қашалық, қайталық жүр!
 
 
Дегенге түсінсін бе, құл көнсін бе?
Құл қашып қожасына, құмда өлсін бе?
Құл айдап, түн жамылып, інген зарлап,
Керуен кете берген Үргеншіге…», –
 
 
Деп күйші отырушы ед ертегі айтып,
Зары деп Боз інгеннің күйін тартып.
Егіліп ертегісін естуші едік,
Отыр деп кім байқаған шалды тантып.
 
 
Əсем күй саусақта би, саңғыраған,
Жүйрік үн жүрек жалмап жамыраған.
Боздатса «Боз інгенді» зарлы қобыз,
Сарыны cap даланың аңыраған.
 
 
Кер дала, күрең түнгі керуен қандай,
Қоңырау күлдір-күлдір жүрген қандай.
Еңіреп күңіреніп сарындаған,
Зарлаған тіркеудегі інген қандай!
 
 
Боздауын қобыз боздап, аңырауын
Қыл сарнап, керуеннің дабырауын
Ұғасың анда-санда, ойнақы үннен,
Кей қағыс күлдірлетіп қоңырауын.
 
 
Алатау айырыларда алтын күннен,
Күйменен шал сөгілген күңіренген.
Кеш батып, кешкі қозы жамыраумен,
Қобыздан «інген зары» сонда үзілген.
 
 
Осындай ертегі айтып Молықбай шал,
Қобызға «Боз інген» деп қосқанда зар,
Жүректе жебе сауған мұңды дауыс,
Жанды улар, жыға жығар, жүрек құлар.
 
 
Емес пе бір тұрлаусыз жас күн деген,
Жас жүрек албырт асау бас білмеген.
Көр бала, көргені кем, көрсе ұнаған,
Қобызды шалға күйін мастірлеген.
 
 
Күй сол ма ол күндегі бұлдай-тұғын,
Сазы ма сұр заманның тыңдай-тұғын.
Басып па ед Алатауды ауыр бұлт,
Уайым орынды ма ед улай-тұғын?
 
 
Ол ма еді күйі күйік зарлы заман?
Жаншылған зарлы ма еді зар жылаған?
Күйініп күйін тартып, күйдірген шал,
Кім еді, білмей тұрып кінəламан.
 
 
Жара не шалдың сонау жүрегінде,
Зар оның жазылған ба сүйегіне.
Болмаса жапан дала жылауда ма ед,
Мəнісін мен ол күнде білемін бе?
 
 
«Қажыған көңіл қамын, жүрек жанын,
Қозғаған қобыздағы қоңыр сарын.
Əлемнің əуеніне бермес ем-ау,
Қазақтың мұны тартқан күйші шалын.
 
 
Деп шалды өте мақтап, асырып тым,
Асыра сілтеңкіреп бағалаппын.
Жарғақ шал, жарық қобыз, жалғыз дауыс,
Тартқаны кімнің күйі? Байқамаппын.
 
 
Сол шалдың тыңдай-тыңдай зарлы үнін,
Байыпты уайымға балғын күнім.
Сол бейбақ зарлай-зарлай соққан екен
Жұқтырып жүрісінің ауыруын.
 
 
Ол қайдан жабыстырды жан ауырын,
Ішті ме жүрегі оның өмір уын.
Ондайға мен тоқталман, сын тоқталар,
Мейілі, қайдан алса қобыз күйін.
 
 
Алдандым осы шалдың күйін тыңдап,
Жабығып, өрге өрлемей, төмен құлдап.
Көңілді көне күйдің тоты басып,
У сеуіп жүрегіме, жанымды улап.