Легенда о Теле

Tekst
0
Recenzje
Przeczytaj fragment
Oznacz jako przeczytane
Jak czytać książkę po zakupie
Nie masz czasu na czytanie?
Posłuchaj fragmentu
Легенда о Теле
Легенда о Теле
− 20%
Otrzymaj 20% rabat na e-booki i audiobooki
Kup zestaw za 0,02 
Легенда о Теле
Легенда о Теле
Audiobook
Czyta Авточтец ЛитРес
0,01 
Szczegóły
Czcionka:Mniejsze АаWiększe Aa

«хлебозаготовка» жоспары елді ақыры ашаршылыққа апарды, республиканың жарты халқы қырылды.

1931-1932 жылдарының ашаршылығы 2 200 000 қазақтың өліміне, бір миллионы ашаршылықтан қашып, отаның тастап кетуіне мәжбүр етті. 1921-1922 ж. ашаршылыққа қарсы күресте тәжірибесі бар деп, Совнарком оны көшпенді- қазақтарды колхоздарда тұрақты жерде ауыл-шаруашылық жұмыстарды бірігіп істеуге жұмылдыруға шақыратын комиссиясының төрағасы ретінде тағайындады. Бұл қиын тапсырма тек 1934 жылы орындалды. Телді тағы кезекті жоғары жауапты міндетпен Ақтөбе облыстық жоспар комитетінің төрағасы жұмысына жібереді. Осы жердегі үш жыл жұмысы облыс дамуына көп үлес қосты. Жиырмасыншы жылдары өзі бастаған гидромелиоративтік құрылыстар өз жемісін әкелді. Суарылған жерлерде тары егістер пайда болды, малға шөп өсіріп-оруға қолайлы жағдай туындалды, бөгеттердің арқасында жасанды көлдерде балықтар өсірілді. Елдің айтуынша, Тел құрылыста, егінде жиі жүретін. Облыстан тары егісте жұмыс жасаған жаңа еңбек ерлері шықты. Рекордты астық жинағандардың қатарында – Ш.Берсеев, О.Аманбаев, К.Белесов, А.Беристенов болды. Рекордтан да жоғары бағалауға тұратындай мәлімет – отызыншы ашаршылық жылдары Ырғыз ауданында бір де бір адам аштықтан өлген жоқ, ауылдан кеткен жоқ. Себебі ел тарымен бақша дақылдарын жинап, балық ұстаумен аман қалды. Мұны ел ұмытпаған. Бүгінге дейін атасынан баласына айтылып келе жатқан шындық. Бұл туралы тақырыпты кейін жалғастырармын. Жаманмұрынов Телдің қатысқан үлкен жобасы – ол Қазақстанда, Қарақалпақстанда түйе малын өсіру. Бұл шешім Мәскеудегі Ауыл- шаруашылық наркоматында қабылданды. ЦИК ҚазССР-ң төрағасы У.Құлымбетов, Телдің жерлесі әрі досы СНК РСФСРнің төрағасы Т.Рысқұловпен келісіп, 1936 ж. түйе малын ғылыми-зерттеу институтының директоры Жаманмұрыновты Мәскеуге шақыртып, бір топ мамандарды басқарып Монғолияға баруды ұсынады. Іс-сапардың мақсаты: Қазақстанға селекция жүргізү үшін 8,5 мың түйе әкеліп мал базысын құру, соның көмегімен ашаршылықпен күресу мәселесін толық шешу, оған қоса шөлдала жерлерде мал өсіріп, жартылай көшу шаруашылыққа жол беру. Бұл іссапар сегіз айға созылып, жақсы жұмысы үшін Наркомзем СССР Жаманмұрынов Телді жеке «ГАЗ М-1» (халық аузында «м-ка») маркалы автокөлікпен марапаттады. 1936 жылы СССР «ГАЗМ-1» автокөлікті бетке ұстар алдыңғы қатардағы передовиктер, мәдениет қызметкерлері, партия номенклатурасы, зауыт директорлары және әскери басшылары үшін шығара бастаған.

1937 жылы маусымның 5-12 күндері аралығында Алматыда өткен КП(б) Қазақстанның бірінші съездінде ЦК бірінші хатшысы Л.Мирзоян осы еңбегін бағалап:

«…Жаманмурунова послал в Монголию за верблюдами Крайком, и, надо сказать, Жаманмурунов выполнил это задание, верблюдов привез, ни один не подох…» деп айтқан болатын. Мәскеуде іс-сапарлармен болған кезде Тел Коминтерн мектебі (ХХ ғ. ортасында бүкіл халықаралық ұлттардың бостандық күрестердегі басшыларын дайындаған) жаңында совет партиялық қызметкерлеріне арналған қысқа мерзімді курстарда оқыды. Бұл жерде оның Совнарком СССР төрағасы В.Молотовпен (онымен 1912 ж. Санкт-Петербургтің техникалық институтында бірге оқыған) қатынастары жалғасады. Кейін бұл таныстық Жаманмұрыновтың отбасына сәл де болса жақсы әсерін тигізеді. Сол жылдары, 1934 жылы орын алған бір оқиға болды. Кезекті іс-сапардан келе жатқан Телді, Әулие-Ата (қазіргі Тараз қаласы) станциясында ОГПУ көлік бөлімінің қызметкерлері тұтқындап, пойыздан түсірді. Пойыздағы жолаушылардың бірі, Телдің тапаншасы бар екенін байқап, органдарға хабарлаған. Ол жылдары, жоғары партия- шаруашылық қызметкері ретінде, әскери адам болмаса да, оның оқ-қару ұстап жүруге рұқсаты болған еді. Телді мән- жай анықталғаннан кейін босатқан болатын және де бұл оқиға кадрдағы жеке папкасында сақталған.

Қаралы, жаппай репрессияға толы 1937 жыл да келді. Тел Монғолияда жүрген кез. Мемлекетте болып жатқан саясаттық өзгерістер туралы хабарда еді және оған елге қайтпауына кеңес берілген болатын. Ол өзінің жазықсыздығына сеніп, бұл кеңесті елеген жоқ. Монғолиядан оралғаннан кейін, араға он күн салып Мәскеуге есеп беруге кетіп, сол жерде бір айға қалады.

Мәскеуден келгенде, оны Алматы темір жол вокзалында тұтқындау ордерімен НКВД қызметкерлері күтіп алады. ҚазССР азаматы саясат тұтқындау ретінде, 1937 ж. мамыр айында, бірінші болып қамалған Т.Жаманмұрынов болды. Жыл сайын, 31 мамыр, біздің мемлекетте саясат қуғын ретінде «репрессияға ұшыраған адамдарды еске алу» күні деп белгіленген. 1921-1954 жылдар аралығында Қазақстанда саясат тұтқындар саны 105 000 адамға жетті, соның ішінде 25 000 адам ату жазасына кесілді.

Қазақстандағы көптеген лагерлерге бүкіл Совет Үкіметінен бес миллионнан астам адам айдалды. Революция – өзі жасаған, өзі туған балаларын аямай жұтты. Жаппай «халық жауы» деп жала жабу ауыр кезеңі орын алды. 1928 жылы басталған бұрыңғы

«алашордалықтардың» М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытовтардың қамаулары жалғастырылды. 1937-1938 жылдары «ұлтшылдық және шпиондық әрекеттері үшін» деген айыппен А.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, А.Ермеков, Х.Досмухамедұлы және басқалар қамауға алынды. Олардың ішінде «Алашорда» партиясындағы әріптесі Т.Жаманмұрынов та бар. Репрессиялар республикамызға демографиялық және интеллектуалдық зиянын әкелді. Ортадан нағыз мамандар жойылды.

Өмірдің заңдылығымен, мен репрессияға ұшыраған адамның немересі, Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің (МҚК) кадр офицері, Республикамыз тәуелсіздігін алған бірінші жылдарында оперативтік мұраларға кіретін рұқсат алдым. Сталинге «культ личности» деген баға, «Алашорда» партиясы ақталып кеткеніне көп уақыт өтсе де, репрессия туралы деректер толық ашылмаған. Күмән тудыратындай жағдай «қайта құрылымдау» заманына дейін жалғасты. Телдің жақын туыстарына, әйеліне, балаларына бұл жағдай өзінің ауыр әсерін тигізбей қоймады. Жағдайдың шеті немелеріне тиді. ХХ ғ. сексенінші жылдардың аяғында менің бөлемді – келешегі бар инженер, жас маман, еліміздің басқа облысындағы МҚК жұмысқа кандидат ретінде қараған еді. Минскіде МҚК СССР Жоғары курстар комиссиясы – «атасының ақталғаны туралы анықтамасы жоқ» деп, оқуға қабылдамады. Кезінде, мен құжаттар жинағанда, Капитан А. маған жаны ашып, сауалнамада атаң туралы деректерді көрсетпе деген. Бірнеше жыл өткенде, 1986 жылғы желтоқсанынан кейін, орталықтан келген МҚК жоғары шенді кісі: «…товарищи, надо признать, казахский национализм все еще существует…» деген еді. Бұл сөзді құптамаған бір топ офицерлер, оның ішінде офицер А. (майор шеніне дейін өскен) органнан кетті. Алпыс жыл өте, менің алдымда 1937 жылдың 31 мамырында ашылған №1102 қылмыстық істің бірнеше топтамасы, Т.Б.Жаманмұрыновтың УК РСФСР 58-2; 7;11 баптары бойынша тергеуі болды. Қобалжуымды баса алмай, уақыттан сарғайған, сиясы өніп кеткен, бірақ қызыл химиялық қарындашпен жазылған резолюциялары анық көрінетін қағаз парақтарды оқи бастадым. Айта кету керек, сауаты кемдеу, жоғары білімі жоқ опер қызметкерлер өз ісін білген, жазғаны анық, қатесіз. Мемлекет қауіпсіздік басқармасының 4-ші бөлімшенің уәкілетті тұлғаның көмекшісі, мемлекет қауіпсіздіктің кіші лейтенанты жүргізген бірінші жауап алудың хаттамасынан үзінді:

Сұрақ: «Сіз       контрреволюциалық ұлтшыл ұйымда мүшесіз бе? Нақты жауап       беріңіз.» Жауап: «…мен контрреволюциялық ұйымының мүшесі емеспін. Ондай ұйымды мен білмеймін…».

НКВД ішкі түрмесіне қамауға алынудың алдында, 1937 ж. 14 мамырда шыққан тұтқындау және айыптау туралы үкімді бекіткен КазССР-дің Мемлекет қауіпсіздік басқармасының 4-ші бөлімшенің НКВД мемлекет қауіпсіздіктің капитаны Браиловский. Тінту хаттамасында УНКВД Садыков,

Қожамұратов конфискациялған құжаттардың тізімін көрсеткен:

Паспорт, серия АЖ №069474;

Үкімет үйіне өткізу(пропуск);

Значок ҚазССР ХV жылдығы;

ҚазЦИК мүшесінің значогі;

ҚазЦИК мүшесінің куәлігі;

Мекен-жайлар жазылған блокнот.

Заң бұзылғанның бір дәлелі – тұтқындау үкімімен ол тек 18 маусымда танысты. Моралдік пен физикалык қысым-қорлау тыйылмады. Аяғы ауыр әйелімен, үш қызымен, туыстармен ешқандай байланыс хабар жоқ. НКВД тұтқындардың үстіне тақтайларды төсеп, сағаттап үстінен жүру-қорлау тәсілдерінің бірі ғана болатын. Тергеу жұмыстары сағаттап, тіпті бірнеше тәулікке созылатын. Шілденің 1-3 күндер аралығындағы, үш тәулікке созылған тергеу хаттамасын оқудамын. Жауаптарда өзгерістер бар. Тергеушілер, оларға қойылған талапты, Қазақстанда терең жасырынды совет үкіметіне қарсы ұлтшыл ұйым, шетелдердің тыңшыларымен байланыс құрып, қару арқылы республиканы СССР-ден бөлуге жұмыс істеуде деген жауап алу үшін, бар мүмкіншілігін салуда; шаршаған оперлар бірін бірі алмастырып, тергеуді тоқтатпай жүргізді. Антисоветтік элементтер шеңберіне «Алашордалықтар» өте лайықты келеді. Совет үкіметіне бар күшін беріп, жиырма жыл жауапты жұмыс жасағаны есепке алынбай, республика дамуына үлесі ұмытылып, тек айыптау. Тел – оның тағдыры және өзі сияқты мыңдаған басқа адамдардың тағдыры алдын ала шешілгенін білмеді. Ол 1 категория бойынша атылу тізімінде, бұны Сталиннің өзі бекітетін.

1937 жылы 30 шілдеде Қазақстанның ЦК КП(б) хатшысы Л.Мирзоянның Сталинге жазған хатында, НКВД соңғы екі айда республикада «ұлтшыл-фашистік» ұясын тауып оларды әшкереледі. Белсенді мүшелер тұтқындалды: Диваев, Кенжин, Көшенбаев, Сұлтанбеков, Тоғжанов, Сарымолдаев, Асылбеков, Нұрсеитов, Төреғожин, Қаратлеуов, Лекеров, Ғатаулин, Молдажанов, ішінде Жаманмұрынов, оған қоса сол кісілермен байланыста болған тағы 400 адам. Олар: Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Н.Нұрмаковтардың Совет Үкіметіне қарсы күресу үшін құрған «ұлтшыл-фашистік» ұйымының мүшелері. Зиновьев пен Сафаров – бұрында Лениннің жолдастары, осы ұйымның идеологтары болған. Ұйым 1922 жылға дейін шетелмен байланысын Бұхар халық республикасының басмаштар басшысы Энвер- Паша арқылы жүргізген, ол өлгеннен кейін, эмиграцияда Францияда жүрген М.Шоқай арқылы жалғастырған. Ол жылдарға баға берілген. Адамдар трагедиясы, өмірлерін езіп өткен мемлекеттік репрессия машинасы, ол туралы кітаптарда жазылып, кино да түсірілген. Бірақ әр адамның тағдыры бөлек, өзіне ғана тән, ерекше мәні бар, жеке қарастырылуын талап етеді. Біз, бүгінгі күндердің буыны, әкелерімізге, аталарымызға күнә тағып, баға беруге еш хақымыз жоқ. Уақыт өте тергеу хаттамасынан:

 

Сұрақ: «… сіз айтуға даярсыз ба?»

Жауап: «…Ақтөбеде облыстық совет үкіметіне қарсы ұлтшыл ұйымның басқарушысы ретінде, мен, Қазақстандағы ұлтшыл ұйымның орталығымен байланыста болдым. Совет үкіметіне қарсы күресімде мен, ұлтшылдық ұйымның саясаты мен тактикасын толық қабылдап, ұлтшылдық ұйымның бас талабын: «Қазақстанды СССР одақтан қару арқылы шығарып алу», мақсатымызға жету дайындық жұмыстарға саясаттық және материалдық жағынан белсенді қатысып, бар үлесімді қостым».

Трафаретпен жазылғандай, керекті сөздер, керекті адамдардың аттары, олар – ке лесі құрбандар. Сұрақтар, оған берілген жауаптары тергеуден тергеуге ұқсас, орталықтан бүкіл мемлекетке таратылған циркуляр бойынша сияқты. Айлар бойы тергеу сұрақтар, көрсетілген қысым, моралдік оған қоса физикалық ауру, өлердей шаршағанның әсері – тұтқындарды істегенің де істемегенін де мойындатты. Орталықтың алдында Қазақстанда саясаттық үлкен іс қозғалғанын көрсету үшін және оның маңыздылығын биіктету мақсатында, ұлтшыл жасырынды ұйымның шетел барлаушылармен байланысын көрсету қажет болды. Ол да табылды: Т.Рысқулов, ұлтшыл ұйымның басшысыларының бірі, іссапармен Германияға барғанда, сол жерде оқып жатқан студент Беремжановқа Париждегі М.Шоқаймен байланысқа шығуға тапсырма берген. Германиядағы оқуда қазақстандық алты студент – автоматты түрде Германия барлау аппаратының агенттері болып шыға келді. Троцкистермен де (Каменев, Рыков) байланыс табылды. Ол С.Сейфуллиннің, Қазпединституттарының студентер арасында таралған өлеңдерінде «Троцкийді мақтаған» деген айып тағылды. Тергеу машинасы тоқтамай істеуде, күннен күнге қысыммен алынған жаңа фактілер, жаңа аттар көбейе түсуде. Формалді заңға сәйкестігін көрсету үшін, НКВД органдары тұтқындардың тергеу және қамауда ұстау мерзімін ұзартуға рұқсат сұрайды. Қаз ССР ЦИК Президиумының жабық отырысының №25 хаттамасынан үзінді: «НКВД органдарының сұранысын тыңдадық. Сұраныс қанағаттандырылды, тұтқындалғандарға… 5. Жаманмұрынов Тел … тергеу және қамау мерзімдері ұзартылсын». Тізімде 17 адам. Үзінді УГБ НКВД Қаз ССР аға лейтенанты Михеевтың қолымен бекітілген. Рұқсат алынды, тергеулер жалғастырылды. Соғыстың алдында, оның болатынына бәрі сенімді, тіпте ол туралы өлеңдер де айтылған болатын. «Ұлтшыл ұйымның әрекеттерін» Германияның сателлиті Жапондармен байланыстыруға ой келеді. Формалды түрде ол байланысты да табады. 1937 ж. 11 қыркүйектегі тергеу хаттамасынан:

Сұрақ: «…1936 ж. Моңғол респубикасына барған сапарыңыз туралы айтып беріңізші».

Жауап: «1936 ж. наурыз айында Моңғол Халық Республикасына (МХР) Қазақстан үшін түйе малдарын сатып алуға іс-сапармен жіберілдім. Оның алдында Құлымбетов Ұ. (ҚазССР ЦИК төрағасы) 1936 жылдың қаңтарында, Алматыдағы өз пәтерінде, МХР түйе сатып алуға шешім қабылданса, оған менің кандидатурамды таңдайтынын айтқан… Ақпан айының басында Исаевтен (ҚазССР СНК төрағасы) шұғыл түрде Мәскеуге Кұлымбетовтің қол астына баруым қажет екендігі туралы жеделхат алдым. Ол маған: «МХР 2500 бас түйе сатып әкелуіне керексің» деді… Менімен бірге бұл сапарға мал шаруашылығының профессоры Иванов Павел Васильевич, зоотехниктер Наурызбаев пен Іргеқұлов, мал дәрігерлері Қожакин пен Журавлев баруы туралы шешім қабылданды… Олар менің басшылығымда».

Тергеудің Телге қойылған айыбы: оның МХР министр советінің төрағасы Амормен (ал ол өз кезегінде жапондармен байланыста болыпты) кездескен. Амор Телді Улан-Батор қаласының тұрғыны, ветврач Тувянскиймен (жапон агентімен) таныстырған. Тувянский арқылы Қазақстанның және СССР экономикасы жайлы және ұлтшыл ұйым бар екендігі туралы «шпиондық мәліметтер» жөнелткен. Бұл да аз болғандай, ҚазССР ЦККП(б) хатшысы Л. Мирзоянға теракт дайындалған деген айып қосады.

Осы сценарий бойынша, сегіз ай тергеулері, алдын ала даярлаған сұрақтар, оған керекті дайын жауап, жасалған әрекеті дәлелсіз, бүкіл тергеу материалдары құр декларация, ойдан шығарылған сөз ғана.

Бұл сценарий алыстан, орталықта жазылып, бүкіл Совет Үкіметінің түкпір түкпіріне таралған. Өзгерістері тек орны мен адамдардың аты. Тергеуді жүргізетіндер опер қызметкерлер, тергеушілер емес. Тергеу жүргізетіндердің арасында мемлекет қорғаушылар сержанттары – аспаншылар (палачтар), олардың міндеті – керекті жауапты алу. Заңдылығын «дәлелі» тергеу хаттамасының әр парағында тұтқынның қолтаңбасы. Тергеу өз аяғына жақындады, партия-шаруашылық топтың тағдырын Сталин өзі шешіп қойған. 1938 жылдың басында Алматыға СССР Жоғары Сотының Әскери коллегиясының жылжымалы сессиясы келді. УК РСФСР 58-1А, 58-2, 58-7 және 58-11 (Отанын сату, қарулы қарсылас, жауыздық әрекеттер, жапон пайдасына шпионаж), 1938 ж. 25 ақпанда 1888 жылы туылған Жаманмұрынов Тел, үкімнің жоғары дәрежесі – мүлкін тәркілеп, атуға кесілді. Үкім сол күні сағат 14:30 орындалды. НКВД СССР 1 арнайы бөлімінің мұрағатында №8 том №451 Іс құжатында мемлекет қауіпсіздігінің лейтенанты Шевелевтің қолтаңбасы бар анықтамамен тіркелген.

Дәл осы күні атамыз елу жасқа толған еді. НКВД ішкі түрмесінде атылған мәйіттерді қазіргі Алматы қаласының түбіндегі Жаңалық ауылына апарып жерлеген. Ескі тұрғындардың айтуынша, Дзержинский – Виноградова көшелерінің қиылысында атыс күндіз-түні естілгендіктен, ол жерлерді айналып өтетін. Сол күні атамызбен бірге

33 адам атылды. Оның ішінде жерлестері, әріптестері:

Ұ.Құлымбетов, Т.Жүргенов, К.Жұбанов,       оларға қоса

С.Асфендияров, С.Мендешев, С.Сейфуллин бар еді. Қалған күндері 35-40 адамнан атылған. Төрт жарым мың жазықсыз атылған адамдардың зираты ортақ …

ІІ. Әже

1917 жылдың шілдесінде Тел отанына Ырғызға келді. Көргендердің айтуынша, Шалқар темір жол стансасынан шыққандардың арасынан, ерекше көзге түскен, ақ костюм киген үш адам болды. М.Подвойский, шашы бұйра, әдемі мүсінді 3540 жастағы ер кісі, ол кезде Петроградтық әскери-революциялық комитетінің мүшесі, болашақта Зимний Сарайының басып алудың басшыларының бірі; 30 жасар шамасындағы орта бойлы қысқа мұртты және қызылдау шашты Тел Жаманмұрынов; үшіншісі – Т.Жүргенов, болашақ ҚазССР білім наркомы. Олар Ырғызға Уақытша революциялық комитетті құруға келген еді, оның төрағасы Тел болып сайланған. Келесі күні бүкіл ауыл шуылдап шықты. Халық белгілі екі жерлестерімен, олар маңызды жаңалықтармен таныстырып, елді топ топқа бөліп тіпте туыстар, ру арасын ажыратып жатқан мемлекет саясаты туралы сұрақтарға жауап берер деп, кездесуге жиналды. Әжеміз Айғаныстың, ол кезде он екі жасар қыздың, Телмен (болашақ күйеумен) бірінші танысуы еді.

Әжеміздің әкесі, Сарыбатыров Бөлебай, Ы.Алтынсариннің туысы және сол кісі сияқты ағартушы, 1862 ж. Орскінің мұғалімдік мектебін бітірген, Торғай облысының Красноуфимск училищесінің ауыл шаруашылық бөлімінде оқыған. Өз үйінде мектеп ашқан. Сол мектепте оның төрт қызымен үш ұлы тәлім алған. Қыздарының кішісі, Айғаныс, 1905 жылы туылған, еті тірі, білімге қызығушылығы бар. Оқудан басқа, үй жұмыстарына, қол өнерге, түрлі тамақ пісіріп үйдегілерді дәмді тоқаш, шәк-шәк т.б. тәттілермен қуанта білетін, қолынан әдемі киім, көрпе, тұскиіз тігу келетін. Малды да жайғастырып, қолынан келмейтін жұмысы жоқ сияқты еді.

Қызы 15 жасқа толғанда, әкесі өзі сүйікті кенже қызын білімді, жас интеллигент, құрметті жерлестері – Телге тұрмысқа берді. Әжеміздің шешесі түс көріп, күйеу бала келеді деп, дастархан жайып күтіп алыпты. Әкесі болашақ күйеу баламен әр түрлі тақырыптарға ұзақ сөйлесіп, оның болашаққа деген мақсаты туралы сұрастып, соңында өз қызымен таныстырады. 1920 жыл болған еді. Ырғыз даласында, сол сияқты басқа да жерлерде азаматтық соғыс жүріп жатқан. Ырғыз біресе «қызылдардың», біресе «ақтардың» қолына өтіп жүрген кез. Халықтың көбісі бұл өзгерістерден қорқып, не істерін білмей әбіржіп қалған еді. Алашорда қозғалысы реабилитацияға ілінді. Оның көрнекті мүшелері көбінесе білімді интеллектуалды адамдар болғандықтан, жас республика оларды жауапты саясишаруашылық орындарға жұмысқа ала бастады.

Тел жас әйелімен Қазақстанның астанасы, Орынборға барды. Наркомземде оның инженерлік білімі мен ұйымдастыру қабілеті қажет болды. Ұзақ іс-сапарларға, Қазақстан шекарасының демаркациясы, Түрксіб, гидротехникалық құрылыстар мен ашаршылықпен күрестерге жас келіншегін өзімен бірге алып жүрді. Әжеміздің есінде Қазақстанның түрлі аймағындағы көп партия мен шаруашылық басшылардың, жазушылар мен әртістердің және басқа да қызықты адамдардың кездесулері мен таныстықтары қалған. Олардың бір сыпырасы отбасының тұрақты достары болғаны туралы айтып отыратын. Ол кісілер туралы қызықты оқиғалар, әңгімелер көп айтатын. Үйге шайға Ғ.Мүсрепов, С.Мұқанов, М.Әуезов, С.Сейфуллиндер келетін. Соңғысы, әжемнің айтуынша, жас болғандықтан шығар, өзіне өте сенімі жоғары, қайратты, амбициясы биік адам болатын. Атамның араласатын адамдары көп еді, кездесулерге жиі әжемді ертетін. Оған қымбат сыйлықтар жасап, әшекейлер сатып алатын. Этикетпен киініп, шашын бұйралап тарап жүруіне талап қойған. Үкімет мүшесі ретінде отбасына азық (паек) берілетін, оның ішінде бір шөлмек армян коньягі болатын. Тел кешкі ас үстінде бір рюмкасын ішіп «закускасына» лимон жейтін. Он сегіз жыл бірге өмір сүрген уақыттарының көбі іссапармен, көшу-қонумен өтті. Сол аралықта төрт қызы да дүниеге келді. Олардың туылған жерлері – Орынбор, Шымкент, Алматы, Ырғыз қалалары еді. Осының өзі сол кездегі, республика жаңадан құрылып, өмір динамикасының белгісі болды. Әжеміз айтқандай, ол жылдары қорқу, қатты қобалжу кездері де болған. Психологиялық миға зіл, демалыссыз жауапты жұмыс, инфекциялық аурулар және ағзаның ерекшелігі Телді екі рет летаргиялық ұйқыға апарған екен. Бірінші рет ұйқысы үш күнге созылса, екінші рет 30 күнге созылған. Үйге шақырылған доктор-профессор ұйықтап жатқанның аузына айна қойып, айна терлегеннен кейін, оның тірі екендігін білді. Профессордың нұсқасы бойынша, үйде әрдайым самауырын қайнап тұру керек болатын. Себебі ретінде науқас оянғанда ыстық шай қажет ететінің айтатын.

Өз анамның (Телдің екінші қызы) балалық шақта жиі көшетіндері есінде қалыпты. Астанадан (Орынбор қаласынан) Қызылордаға көшкенде анамды бақша дақылдарының, соның ішінде қауын-қарбыздың көптігі және сол дақылдарды алапес аурулардың өсіріп сатқаны таң қалдырған. Сырдарияның жоғарғы жағындағы қарсы жағада үлкен лепрозорий орналасқан болатын. Ол жерге бүкіл Орта Азия және Қазақстаннан келген аурулар жатқызылатын.

Ел ішінде «голощекинский голодомор» деп аталып кеткен отызыншы жылдардағы аштықтың екінші толқыны, Алматыға көшкен кезеңмен қатар келді. Ол неліктен болғанын бұл жерде тоқтамай-ақ қояйын, менсіз де көп деректер жазылған. Бірақ, анамның бірінші сыныпта оқып жүріп, таңертең дарбазаны аша алмай, онда аштан өлген мәйіттің жатқаны, есіне жақсы сақталыпты. Әлдері құрыған адамдар, көшеде құлап жататын…

Жаманмұрыновтың отбасына Алматы қаласындағы, Талғар көшесіндегі, №63 үйдің жартысы берілген еді. Екінші жартысында М.Әуезов, әйелі Валентина және қызы Ләйлі тұрған. Қазіргі уақытта, 28 Панфиловшылар саябағының ішіндегі сол бір қабатты үйде, халық музыкалық аспаптар мұражайы орналасқан. Телдің Мәскеуге барған іс-сапарынан жанұясына әкелген базарлығын (балаларға арналған кітаптар, әйеліне киім, өзіне жұмысқа киетін костюм) үйге кірген ұрылар бәрін алып кеткен болатын. Таңертең жұмысқа киетін киімі болмай, Әуезовтің киімін Валядан сұратып күйеуін жұмысына шығарып салғаны, әжемнің еске алатын оқиғаның бірі еді.

Тел отбасының қамқоршысы болған, қолы босағанда (ондай уақыты аз болған), қыздарының тәрбиесіне көңіл бөлген. Көп кітап жинап, қыздарын кітап оқуға тартқан. Әкесінің француз тілінде жазылған, әдемі суреттері бар ертегі кітаптарды оқып, аударып айтып беретіні қыздарының есінде қалыпты. Бала кезінде музыкадан сабақ ала алмай, қыздарының аспапта ойнағанын көргісі келген әке, Бибіге скрипка алып берген. 1937 жылы пианиноны оқу жылының аяғына қарай әкелуіне алдын ала тапсырыс беріпті. Ол аспапты ата қамауға түскеннен кейін әкелгендіктен бе, әжеміз пианиноны қабылдамай қайтарып жіберіпті. Тифпен ауырған әйелі мен қыздарын, өзі қарап емдеткен. Қыздарының бірінде сколиоз (омыртқаның қисаюы) басталған. Әкесі күнде сызғышпен өлшеп, жаттығу жасатып, түзеткен.

Атамыз тұтқындалған күні, НКВД қызметкерлері тіңту өткізді, үйде әжеміздің ағасы – Сарыбатыров Омар болған еді. Ол – ғалым-биолог, Қазақ педагогиялық институтының мұғалімі. Біраздан кейін, ол кісіні де «халық жауы» деп тұтқындап, атуға бұйырды. Атамыз қамалғанда, әжеміз төртінші қызына аяғы ауыр еді. Ол күнделікті таңертеңнен кешке дейін түрмеге қамалған күйеуіне «передача» апаратын, көбінесе онысын қабылдамайтын, көруге де рұқсат ала алмайтын. Бір-ақ рет қолына ұстатқан жапырақ қағазында, есімін «Гүлзада» деп қой дегеннен басқа ештеңе қосылмаған. Жаздың соңғы бір күндерінде, әдетінше түрмені жағалап жүргенде, ол әскери прокуратурада істеген, туыстығы бар кісіні жолықтырып алады. Ол әжеме салмақтап: «Тел, саған енді жоқ! Тез арада балаларыңды алып, ешкімге білдірмей ауылға кет!» деп жеткізіпті. Көп ұзамай, бұл кісі қартаймаған, орта жасында, жүрегі шыдамай қайтыс болды. Әжеміз жанаршылықпен айтылған сөздің мәнін толық түсінбесе де, айтылған ақылын қабылдап, он бір жастағы Бибі мен бес жастағы Гүлнарды алып (он бес жасар Ләйләсі мұғалімдік курстарда оқуда еді), бәрін тастап, «товарнякпен» Ырғызға аттанады. Жолдары бір айға жуық уақыт алды. Атамыз «халық жауы» болғандықтан Алматыдағы адамдармен қарым-қатынастары жоққа жеткен еді, ел араласуға қорқатын. Жек көріп кеткендер де болған, түндердің бірінде үйдің бар терезелеріне тас лақтырып қиратыпты. Мектеп линейкасында, бүкіл оқушылар алдында, Ләйләнің омырауынан комсомолдық значогін, Бибінің пионер галстугін жұлып алған. Бұдан кейін беттеріне түкіргендер де табылды. Өкінішке орай, ауылда да жағдай түзеле қойған жоқ. Айғанысты қыздарымен қабылдаған туыстарды «халық жауымен» қатынаста деп, қуалады. Ешкімге кесірі тимес үшін, Айғаныс балалармен ауылдың шетіндегі бос, жартылай құлаған жаман үйді паналады. Күз мезгілі басталып, босанатын күні де жақындады. Елге адам басына қарай астық бөлінген. Әжем соны алу үшін кеш батқаннан кезекте тұрғанда, түнде толғағы басталады. Кетейін десе, кезекті тастап кете алмайды, себебі қыстан шығу бір үміт – осы паек. Әйтеуір таңертең қолына жарты қап бидай ілініп, онысын иыққа салып толғағы қысқан түрімен үйіне шайқалып келе жатқанда, алдынан шыққан бір милиционер кісі, жүре жатып тоқтамай: «Түсір, өзім апарам» депті. Қолы зорға жеткен, балаларының аштан аман алып қалатын, бар сенімі осы қапта болғандықтан, қабын тастамай жетеді-ау. Қапты түсіре салып, қызын босанып алады (1937ж. 25 қыркүйек). Есін жиғаннан кейін, ауылда жылаған айқай естиді, сүйтсе, бағанағы қабын апарып берем деген милиционерді «халық жауының әйеліне жаны ашыған үшін» деп алып кетіпті… Қолында үш қызымен, оның біреуі – емізулі нәресте, жұмысқа ешкім алмайды, туыстардың көмегіне де жүгіне алмайды.