Czytaj książkę: «Шежірем сыр шертсе»

Czcionka:

Бұл еңбегімді шежіремдей ғұмырлы болғай деп онымен

бір жылда дүниеге келген немерем Таиржанға арнаймын

Λ Ω+V

(Дойт)

Шежірем сыр шертсе

Сарықасқа Келменбет батыр ұрпақтары хақында

Шежіреміздің біраз жерінде есімі ауызға алынған, бұған дейін асқақ та әсем Алматы қаласында бой түзеген еңселі Жалаңтөс баһадүр мешітінің құрылысы мен тағы бір-екі құнды деген тарихи кітаптардың жарық көруіне демеушілік еткен Мырзабай баба ұрпағы Жүсіпбекұлы Айтмахан ағамызға зор алғысымызды айта отырып, бұл жасаған садақасын Аллаһ қабыл қылғай деп дұға етеміз. Сондай-ақ шежіремізді басып шығаруға басынан-аяғына дейін аянбай қызмет еткен Баис бауырымызға да үлкен рақмет, ілтипатымызды білдіреміз.

Аңдатпа

Автор шежіреден гөрі монография іспеттес етіп жазған бұл еңбегін жеті атадан бастап, оны көп шежірешілер жеткізе айта алмай келе жатқан шығу тегіміздің сонау бастау көзі "қазақ" мәселесін сараптаумен жалғастырады. Сөйтіп оқушы қауым мен тарих мамандарына оны әрі қарай тереңірек зерттеуге ой салады. Мұнымен қатар кіші жүздің қаракесек бірлестігіне қарайтын шөмекей-сарықасқа шежірелерінде бұрындары айтылы қоймаған "Шу хақан" тарихы сияқты кейбір тың мәселелердің басын қозғап, ашып жазуға ниеттенеді. Шөмекей атауының этимологиясы мен таңбаларын жан-жақты талдай келе, олардың шығу тарихына ғылыми тұрғыдан қарау керектігіне тоқталады. Шежіре соңын ата-бабаларына арналған естелік– эсселермен аяқтайды.

Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,

Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді.

І.Жансүгіров

Автордан

Әулет шежіресін екі үлкен тарауға бөліп жаздық. Бірінші тарау кіріспе, жеті ата және қазақтар, қазақ хандығы мен жүздер сияқты шежіре, нәсіліміз бен шыққан тегіміз, мемлекеттілігіміз жайлы жалпы мағлұмат беретін бөлімдермен басталып, аты мен тарихы көп шежірелерден белгілі арғы бабамыз Келменбет батыр жайлы жазылған дастан, аңыздар мен одан тарайтын ұрпақтар кестесімен аяқталады. Бір айта кетер жайт, Бозғыл, Келменбет, Есбол, Метей, Өтебай, Құдайғұл баба тектерін өрбітерде негізінен Зайыр Сәдібековтың «Қазақ шежіресіне», Тұрлыбек Деменұлының «Келте тонды Келмембет» шежіресіне, Хамит Мадановтың «Кіші жүз шежіресіне», Тынышбек Дайрабаевтың «Кете–Шөмекей шежіресіне», Мақсұт Неталиевтің «Кіші жүз шежіресіне», Жарылқап Бейсенбайұлының «Кіші жүз шежіресіне», «Нұрмұхамедұлы Жанқожа батыр шежіресіне» сүйенгеніміз анық. Бірнеше ондаған беттерге созылған ұзын-сонар ұрпақтар тізбегін өрбітерде адам аттарынан байқаусызда дәлсіздіктер мен қателіктер жіберіп алған болсақ, әрине, ол кісілерден, олардың ұрпақтарынан кешірім өтінеміз. Сонымен қатар кітабымыздың ішкі бетіне Қазақстан халық суретшісі, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Е.Сидоркин салған ұлы дала төсінде желмен жарыса жүйтки шапқан қазақ батырларының бейнесін бердік.

Ал екінші тарау біріміздің алтыншы, екіншілеріміздің жетінші, ал үшіншілеріміздің сегізінші атамыз болып келетін Жаңай батыр туралы баяндайтын ел аузынан жиналған хикаялармен ашылып, өзіміз сызған ата– бабалар кестесі мен олардан ұрпақ тарқатар мәтіндермен жалғасады. Сөйтіп күні кеше өмір кешкен, бірі әлі арамызда тірі жүрген әулеттің әлеуетті адамдары туралы жазылған өмірбаяндық материалдармен ұштасады.

Сонымен әңгімеміздің 1 тараудағы кіріспе бөлімінде оқырман қауымға алдымен шежіре жөнінде жалпы мағлұмат беріп, осы түсініктің тарихына аздылы-кемділі болсын тоқталып кеттік. Тарихымызда мазмұндылығымен елеулі із қалдырған ірі-ірі деген шежірелер мен олардың авторларын атап өттік. Шежіренің жеті атадан басталатындығы баршаға аян. Сондықтан осы аттас келесі бөлімде бірқатар зерттеушілеріміздің осы мәселе жөнінде түйген ой-пікірлерін ортаға салдық. Өйткені біраз жұрт осы жеті атаны қалай, кімнен бастап санап, тарқату, оларды қалай атау керектігін әлі күнге дейін жетік білмей, шатастырумен жүр. Соларға бір септігі тисін деп ойладық.

Қай ел, қай халықтың тарихы жайлы сөз қозғамайық, оның алтын қазық арқауы, аттап өтуге, айтпай кетуге болмайтын тақырыбы қашанда оның ныспы, атауы емес пе. Атаусыз халық та, жер де, су да, ну да жоқ. Сондықтан шежіремізді ә дегенде осы үлкен мәселеден қарға тамыр қазағымның «қазақ» деген атауы мен оның шығу тарихынан бастағанды жөн көрдік.

Қазақ этнонимінің шығу тарихына "Қазақтар кімдер, қайдан шыққан?" деген 2 бөлімде тоқталдық. Шындығын айту керек, бұл бүгіндері үлкеніміздің де кішіміздің де, кәріміздің де жасымыздың да басындағы жағдай. Анасының құрсағынан ән мен күй, сөз қадірін ұғып туатын от ауыз, орақ тілді, бесіктен белі босамай жатып, жеті атасы мен ру, жүзіне дейін сүрінбей, судыратып тұратын қазағым, «ал қазақ кім, ол қайдан шыққан?» деп сауал қоя қалсаң кібіртіктеп, тосылып, жауап бере алмай қалатыны бар.

Өзге ұлт өкілдерінің біразы, мәселен, мұхиттың арғы жағын мекен еткен мексикалықтар біздің эрамызға дейінгі көне ацтек өркениетінен өрбитіндіктерін, ал тұрақтары бергі еуропалық материкте жатқан испандықтар мен португалдықтар, француздар мен швейцарлықтар біздің эрамызға дейінгі 2–1 мыңжылдықтар арасында қалыптасқан әйгілі алпілік кельт нәсілінен бастау алып тарайтындықтарын, ал германдықтар 4 ғасырдағы жауынгер гот тайпаларының ұрпақтары екендіктерін тарих бетіне тасқа таңба басқандай етіп, әлдеқашан жазып, қалдырып кеткені аян.

Алысқа бармай-ақ қояйық, қасымыздағы «төсекте басы, төскейде малы қосылған» орыс көршіміз, мәселен, өздерін 6–10 ғасырларда жасаған, древлян, поляндар болып екіге бөлінетін көне ильмендік словен тайпаларының алғашқы бұтағынан тарқайтындығын айтып келеді. Ал қазақтар ше? Қазақтар да бір түнде туып, бір күнде «қазақ» аталмаған шығар. Қазақтар да өзгелер сияқты мыңжылдық тарихы бар ел екендігі күмәнсіз. Шығу тегімізді зерттейтін этногенез ғылымы да осы пікірді ұстанады. Сондықтан жеті атасын сараптай білетін қазағым үшін қазақ атауының қайдан шыққандығын да білу керек ғой деп, шаң басқан сөрелерден қазақтар кімдер, қайдан шыққан деген сауалдарға жауап іздеп, көне жазулардан оқып-білгендерімізді шама-шарқымызша саралап, ортаға салдық.

Сонымен қатар Елбасымыздың 2012 жылдың желтоқсанында, сондай-ақ Қазақстан халқына жасаған кейінгі жолдау сөздерінде еліміз даму бағдарламасы бойынша ендігі 2025 жылға дейінгі аралықта алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің тізімінде 50-ші орыннан 30-шы орынға дейін көтерілуі тиіс деп айтып кеткен, осыған орай «Қазақ елі» деп аталу мәселесін де көтерген сөздері бар. Егер бұйыртып «Қазақ елі» дел аталар болсақ, онда өркениетті еліміздің де, оны құрайтын титулды ұлт түлегі ретінде өзіміздің де неге «қазақ» аталғандығымыздың қыр-сырын білуіміз әбден-ақ керек шығар деп ойлаймыз.

Бұл орайда ғылыми құжаттармен қатар халқымыздың бай ауыз әдебиеті мен фольклорынан алынған үлгі үзінділеріне де сүйендік. Сөйтіп қазақ атауы тарихымызда Ұлы қоныс аудару заманынан кейін кеңірек белгілі бола бастағанын анықтадық. Бабаларымыз Алтай баурайынан ауа көшкен кездерінде-ақ ауыздарында қазақия атауы болған. Бұл деректер Қазақияның әлем аренасына шығу тарихын әрі қарай 5–6 ғасырларға қарай жылжыта түсті. Ал сол деректерден бағзы Қазақия мемлекетін құруға қатысқан көне алшын тайпалары атауларынан бүгінгі қазағымның құрамындағы өзімізге белгілі кіші жүздің белді руларының атын көріп отырмыз. Мұны қаймақсыз қара сөздермен емес, сүйекті, дәйекті дәлелдермен беруге тырыстық. Ғасырлар тереңіне қарай жылжуымызға орай Қазақия хақындағы мәліметтерімізді оқушы қауымға хронологиялық тәртіп бойынша жүйелеп бердік.

Тура биде туған жоқ демекші, қазағымның атауы мен тарихын ақ қаз бен қашақ ұғымдарына теңеп, көпе-көрнеу қате пікір айтқандар мен ұстанғандарды шындық үшін бетің бар, жүзің бар, атың бар, затың бар демей жаңсақ тұжырымдарын ащы да болса бетке басып, дәлелдеп айтуға тура келді. Осы ретте аты алты алашқа мәшһүр этнограф-ғалым Семёнов-Тяньшанскийдің (А.А.Семенов): «Бір жолғы көштен (actus) бір халық, оның ат-атауын тудыруға болмайды»,– деген аталы пікіріне қосыла отырып, бұл жайында толық болмаса да білгенімізше біраз дәйекті дәлелдер мен мәліметтер келтірдік.

Бұл қазақтың қалай қазақ болғандығын бір әулеттің шежіресімен айтып та, жазып та тауыса алмайтындығымыз екібастан түсінікті. Бұл бір емес, бірнеше ғылыми институттар мен зерттеу орындары, басалқалы үлкен ғалымдар бас қосқан мемлекеттік комиссия жұмысы деңгейінде шешілуі тиіс шара екендігі анық. Сондықтан ниетіміз тиісті орындарға тек ой салып, пікір тастау ғана болып отыр. Ал Қазақ хандығы жөнінде жазу себебіміз тарихымыздың 400 жылдық тай қазанында халқымызды ұлт қылып ұйытып, шымырдай шынықтырып, тау көтерген Толағайдай тәрбиелеп шығарған түрлі тарихи-әлеуметтік жайттар мен тар жол, тайғақ кештірген қилы-қилы оқиғалар, солардың басы-қасында болған тарихи тұлғалар жайлы жас ұрпақ шежіремізден қысқаша болса да мәлімет алуы керек ғой деп ойладық.

Қазақ хандығының құрылуы мен оның негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандарға қатысты фактілерді көпшілік білетін жалаң деректер негізінде емес, белгілі ғалымдардың жан-жақты айтылған пікірлеріне сүйене отырып жаздық. Сөйтіп оның тарихи алғы шарттары мен әлеуметтік қыр-сырларын, ішкі психологиялық жай-жапсарларын ашып көрсетуге тырыстық. Мұны 3 бөлімде бердік. Жүз мәселесі мен оның құрамдары, қалыптасу барысы жайлы, ондағы ру-тайпалар таңбалары хақында жазғанда да осы қағиданы ұстандық. Сөйтіп жас ұрпаққа тарихтың келелі тұстары мен айтулы оқиғаларын ықшам болса да жүйелі түрде тездетіп, төтелетіп қабылдауына мүмкіндік жасадық. Бұл турасында "Жүздер қашан, қайдан шыққан?"деген 4 бөлімнің бас жағында баяндап өттік.

Ер жігіттің үш жұрты: өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты бар болса, бұл үшеуі қазақтың үш жүзі мен жүздерге кірмейтін өзге топтарынан шығуы мүмкін екендігін ескере отырып, Ұлы, Орта, Кіші жүз аталары мен олардың құрамына кірмейтін, бірақ халқымыздың құрамдас бөліктері болып табылатын өзге рулық топтар туралы да 5, 6, 7 бөлімдерде қысқаша болса да мағлұматтар беріп кеттік.

Әлбетте, Кіші жүз тақырыбы мен оның рулар бірлестігіне 8 бөлімде біршама тереңірек тоқталдық. Оның ішінде өзіміз өрбитін Әлімұлы бірлестігі бойынша, сөз жоқ, бар білгенімізді ортаға салдық. Оның құрамына кіретін басты рулар мен аталарды түгел атап өттік, оларға қатысты жазылған тарихи деректер мен аңыз, уақиғаларды толық дерлік келтірдік. Әрқайсысының шығу тарихына, алып жатқан жағрафиялық орындарына, кезінде белгілі болған түтін сандарына, таңбаларына жеткілікті түрде тоқталып кеттік.

Басты проблеманың бірі – көп авторлар мұндағы Алты ата Әлім мен Әлімұлы бірлестігіне қатысты түсініктерді, олардың құрамына кіретін аталық атауларын еңбектерінде әлі күнге дейін жиі шатастырып жазып жүр. Осыған орай 9 бөлімде бұл мәселенің жігін ашып, тігісін жазып, дұрыс түсіндіріп, сараптап, сұрыптап жазып беруге тырыстық.

Ал әңгіме Алты ата Әлім мен Әлімұлы жайында болып отырғасын әулетіміз солардың сапынан шыққан аттары алты алашқа әйгілі болған өзінің айтулы ұлдарын білуі керек деп, төртқарадан өрбитін, Самарқанның жеке-дара билеушісі, атақты Жалаңтөс баһадүр мен оның ұрпағы кіші жүздің бас биі, Тәуке ханның бас кеңесшілерінің бірі болған Әйтеке би тарихына шежіреміздің 10 бөлімінде аз-кем болсын тоқталып өттік.

Кете руының тақырыбы 11 бөлімде кеңінен әңгімеленді. Әлімұлына кіретін шөмекей руы, әлбетте, әңгімеміздің басты тақырыбының бірі болғасын шығу тарихына терең де жан-жақты талдау жасай отырып, оны 12 бөлімде етек-жеңін кең етіп бердік. Осы орайда көне де, жаңа да дерек көздерінен мәліметтер келтірдік. Оларды саралап, салыстыра қарау барысында оқырманға ой саларлық, қызғылықты, тың қорытындылар келтірдік. Солардың бірі – шөмекейдің атышулы көне ғұн тайпаларының ұрпағы екендігін дәлелдейтін оның таңбасы шекіліп салынған археологиялық артефактілер, ал екіншісі – Шу өзенінің атауына байланысты жазылған тарихи ақпараттар. Мұнда б.з.б. өмір сүрген Шу хақан мен екі мүйізі қарағайдай әлемнің жарты бөлігін жаулап алушы әйгілі Ескендір Зұлқарнайын арасындағы жорық қимылдары баяндалады. Шу хақан хикаясы шөмекей тарихымен байланысты қарастырылады. Мұның шөмекей тегін одан әріге, сонау ықылым замандағы тарих қойнауларына ысырып тастайтындығына ұстамды дәлелдер келтірдік.

Әлбетте, шөмекей жайында келтірген бұл деректеріміз бұрын-соңды еш жерде айтыла да, жариялана да қоймаған соны тұжырым, байламдар екендігі анық. Осы ретте шежіреші тек өткен-кеткенді теріп жазушы жай жылнамашы ғана емес, деректер мен мәліметтерді саралай, салыстыра келе тың шындық бетін аша алар зерттеуші де екендігін ескертіп, есіңізге сала кеткіміз келеді. Төрт таңбалы шөмекей тамғасына талдау жасаған кезімізде де осылайша оны саралап, ой елегінен өткіздік. Оны оқушы қауым шежіреміздің "Тамға" тақырыбына жеткенде өзі-ақ жете оқып, зейіндей жатады.

Осылай жалпыдан жалқыға қарай жылжи отырып, шөмекейден берідегі аталарымыз жайлы баяндайтын деректер тұсына да жетеміз. Шөмекейден өрбитін 4 ата–Аспан, Бозғыл, Тоқа, Көнек ұрпақтарын білгенімізше толық тарқаттық. Бозғыл ұрпақтарын Келдібай бабамыздан бастап, аты әйгілі сарықасқа Келменбет бабамызға жеткенше ірі аталардан ешқайсысын қалдырмай түгел келтіруге тырыстық. Өйткені ағайын, туысқандай болып жақын араласып жүрген дос-жарандар баршылық ғой, сұрай қалса солармен ара қашықтығымызды жаңылмай дұрыс ажырата, айта білуіміз үшін керек ғой деп санадық.

Жеті ата тақырыбында атап кеткен тек пен түп ата, түп бабаларымыз жайлы баяндарда деректерімізді неліктен көбіне олардың отан қорғау жолындағы батырлық істері мен шешендік, даналық сөздерін насихаттауға құрғанымыз бәрімізге түсінікті ғой ойлаймыз. Мұндағы мақсатымыз – олардың жалынды патриоттық істері мен жеке бастарына тән бірегей қасиеттерін кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие ретінде қалдырғымыз келгендігі. Келменбет бабамыз жайлы хикаяларымыз солардың бірі. Оны да өз алдына дербес, 13 бөлімде баяндап бердік.

Бұл үшін бабамыз туралы жазған Тұрлыбек Деменұлының «Келте тонды Келмембет» шежіресін тауып оқып, пайдаландық. Ол кісіге бұл үшін рақметтен басқа айтарымыз жоқ. Ал өз шежіремізді жазарда жатпай-тұрмай іздегеніміз осы Келменбет батыр жайлы көп бұрындары жазылған жыр-дастан еді. Таба алмай көп қиналдық. Мұның басты себебі – авторын, қай жылы, қандай атау, тақырыппен жазылғандығын біз ғана емес, сұраған өзге кісілер де білмейтін болып шықты.

Бірақ сұрай-сұрай Меккеге де жетесің дейді ғой халық. Сырдың Рашид деген сарықасқа жігіті өтінішіміз бойынша осы дастаны бар шежіреші кісіні ақыры табады. Хабарын күтіп, қуанып қалғанбыз.Бірақ өкініштісі әлгі адам сөйлесе келе дастанның көшірмесін түсіріп алу үшін алдына қиын шарт қояды. Ол бұған кезінде қордаланып, өтпей қалған, дастан жазылған басы артық шежірелерін түгел сатып алуды ұсынады. Шежіресінің біреуін, мейлі екеуін, мейлі үшеуін сатып алуға болар еді, бірақ бәрін емес ғой. Әу, бабамыз жайлы жазылған дастанымен тегін бөлісудің орнына оны қып-қызыл саудаға салып, әкесінің құнын сұраған мұндай да жан болады екен ғой деп әлгі бауырымыз қатты ренжіп, онымен әрі қарай сөйлесуден бас тартады. Бірақ абырой болғанда, атын, авторын білмесек те ғаламтор мұрағатын соқыр адамша күні-түні түрткілеп іздеп жүріп, ақыры құдайға шүкір, әлгі дастанды бір шежірешінің жинағынан кездейсоқ болсын әйтеуір таптық-ау. Аруағы разы болсын, оны 1946 жылы марқұм метей сарықасқа Молдахмет Дабылұлы деген ақын кісі жазыпты. Бұл туралы шежіремізде мағлұматтар келтірдік.

Дастан жазулары кей жері ескіріп, өше бастаған екен. Қайта теріп, өздеріңізге ұсынып отырмыз. Осы жырда және бірқатар шежірешілердің жазба, мәтіндерінде Сарықасқа сөзі «ы» әрпі түсіріліп Сарқасқа деп жазылған. Одан бұл атаудың мән-мазмұны пәлендей өзгеріп кетіп жатқан жоқ. Сондықтан біз жазушылардың авторлық құқын сақтау мақсатында оны шежіремізге сол күйінде өзгертпей енгіздік.

Ендігі бір айтпақ әңгімеміз–ол біреулерімізге алтыншы, екіншілерімізге жетінші, ал үшіншілерімізге сегізінші ата болып келетін Жаңай батыр мен әулие Ораз ахун жөніндегі аңыздар, Жаңай батырдың қолынан қаза тапқан көшбасшы жігіт жөнінде түйген ой, түсініктеріміз. Бұларды шежіреміздің 14,15,16 бөлімдерінде бердік. Осы Жаңай атамыз бен Ораз ахунға дейінгі буындар Деменұлы сияқты өзге шежірешілер қалдырған жазу-сызуларда ұшырасқанымен, бірақ олардан тарқайтын бергі ұрпақтар жайлы еш жерде мардымды ештеңе айтылмайды. Сондықтан осы Жаңай атамыздың Зәуір, Әділ, Сабыры мен солардан өрбитін толып жатқан буындар турасындағы деректерді шежіре білетін кісілер аузынан өзіміз теріп алып жаздық.

Оларды әңгімеміздің 17, ал Қалабай бабамыз жайлы 18, ал әулетіміздің бергі, Әлібек атамыздан басталар көз көрген адамдары жайлы айтылар тұстарын, "сүйегі сіздікі, еті біздікі" дегендей, жады тасқа таңба басқандай әлі күнге дейін қуатты, бүгіндері тоқсанның төртеуінен асып бара жатқан Үрия әпкеміздің айтуымен, бірақ біздің сиямызбен шежіреміздің 19–37 бөлімдерінде қағазға түсірдік.

Шежіреміз жазылып бітіп, баспағаға берілгелі жатқанда бірқатар деректер Әлмахан көкемізде де болған деген сөзді естіп, тез кенже ұлы Ермек інімізге сұрау салдырдық. Рас екен. Кештеу болса да оларды қолға түсірдік. Ашып қарағанда таңғалғанымыз–парақтары сарғайып кеткен қалыңдау дәптер бетіне шежіре мәтіні үш түрлі қолтаңбамен түсіріліпті. Бірі 30 жылдардағы қазақ тілі грамматикасына ыңғайланып, көне кириллица қаріптерімен ұсақтау, екіншісі бүгінгі қаріптермен ірі, түсінікті етіліп, ал үшіншісі сол күйінде қалдыра берсеңіз де болатындай қызыл сиямен құдды жіпке тізген моншақ-маржандай әдемі өрнектеліп жазылыпты. Ермек әкесінің қолтаңбасын таниды ғой, екіншісі сонікі, ал былайғы екеуін білмеймін деді.

Естуімізше, Рашид ағамызда да мұндай шежіре болған. Кішкентай болсам да бірде ол кісінің дастарқан басында үлкендерге "Үркетай", "Садақбай" деп бүгінгі біздерге таныс есімдерді айтып отырғанын өз құлағыммен естігенмін. Әрине ол кезде аты аталған бұл кісілердің кім екендігін білмесем де құдайдың құдіретімен аттары жадымда жақсы сақталып қалыпты. Сондықтан Рашид ағамыздай кісіде мұндай шежіренің болмауы мүмкін емес деп санаймыз. Болған, оны дүниеден озар алдында қағазға әдемілеп түсіру үшін көкемізге табыстап кетті деп ойлаймыз. Көпшілік арасында кезінде мұндай әңгіменің болғаны рас. Әйтпесе көкеміз әрідегі аталардың атын атап, түсін түстеп тарқатып берер ондай шежірені кімнен, қайдан алмақ. Сондықтан майда жазуды сауатын көне кириллица, кейін латиницалармен ашқан Рашид ағамыздың қолы, ал құсни (каллиграфиялық) әдіпті қолтаңбаны көкеміз өрнектетіп жаздырған оның көп оқушыларының бірінікі деп пайымдаймыз. Шежіре мәнері, жоғарыда айтпақшы, аталарды бір-бірінен тарқату үлгісімен ғана жазылған.

Егер бәрі осылай болса, онда қайран Рашид аға өзінен кейінгі жас толқын шыққан тектерін білмей кетпесін деп істеп жүрген өзге тірліктерімен қатар рухани азық боларлық өмірдің бұл жағын да ұмытпай қағазға түсіріп кеткісі келген екен ғой деп ойлаймыз. Аллаһ-тағала пешенеге жазса, қандай іс болмасын түбі болмай қоймайды ғой. Ағамыз бен көкеміздің әулет шежіресін кітап құсатып қалдырғысы келген сол кездегі үкілі үміттерін, әлхамду лиллах, құдай қаласа бүгіндері біз шындыққа айналдырып, жүзеге асырсақ деп отырмыз.

Ақиқат қашанда біреу емес пе, жазбаларын өз шежіремізбен салыстыра қараған кезімізде пәлендей бір үлкен айырмашылық таба алмадық. Дегенмен, біз үшін оның құндылығы жоқ емес. Мәселен, Сабыр ата ұрпақтарын біршама кеңірек таратыпты. Ал Дабыл ата жөнінде де аздап болса да мәліметтер береді. Сосын арамызда жүрген ұрпақтары кезінде жас болғасын ба жадыларынан шығарып алған кейбір аталарымыз мен олардың азан шақырып қойған есімдерін беріп кетеді. Біз оларды қайта жаңғыртып, түлетіп, қағазға түсірдік. Мысалы, Мәниден тарайтын Сәдуақас атамыздың Сахи есімді інісі болғандығы туралы Үрия әпкеміздің әңгімесінен талай құлаққағыс естісек те, онымызды Сапарбек ағамыз пәлендей мақұлдай қоймағасын қойғанбыз. Бірақ қолымызға түскен осы, соңғы шежіреден оның тасқа таңба басқандай етіліп, өрнектеліп жазылған атын тауып алдық. Сонымен қатар, одан Сәдуақас атамыздың Сахидан бөлек Сәби, Әлиакбар деген ағалары болғандығын да зерделеп отырмыз. Сол сияқты Шәдек ағамыздың азан шақырып қойған есімі Шадықұл екендігін де енді оқып, білдік. Әйтпесе "Шәдек" сөзінің қай тілден алынғанын қанша сарқыла сараптасақ та анықтай алмағанбыз. Шәдек, Сапарбек ағаларымыз Сәдуақастан туылса, Садық пен Мәлік ағаларымыз Сәби атамыздан өрбитін ұландар екендігін де осыннан оқып, зейіндедік.

Ал шежіреміздің 19,20,21 бөлімдерінде қазақ халқының тең жартысына жуығын алып кеткен, ел тарихының қайғы-қасіретке толы қаралы беттері деп саналатын 1928–1932 жылдары орын алған кәмпеске мен ашаршылық жайлы қилы-қилы оқиғалар мен олардың жұрт өміріне салып кеткен қанды іздері туралы әулет өмірімен сабақтастыра баяндадық. Бұлардың көбін Үрия әпкеміздің аузынан жазып алдық. Сонымен шежіреміз 2 тарау, 37 бөлімнен тұрады. 1 тарау бөлімдері, көріп отырсыздар, негізінен шежіренің теориялық жағын қамтыса, ал 2 тарау бөлімдері бабалар өмірінен алынған естелік-эссе түрінде жазылды. Аталықтар мен ұрпақтарды тарқату кестелерін әңгіме барысына орай екі тарауға бөліп емес, топтап беруге тура келді.

Үрия әпкемізден өзге әулет тарихын жетік білетін жан қазір арамызда қалған жоқ. Ал әулет тарихы қағазға түспегесін бүгінгі біздер үшін ғана емес, келер ұрпақ үшін де ұмыт қалар дүние екендігі анық. Содан болар осындағы бірді-екілі бауырларымыз: "Тәке, білгеніңізді жазып қалдырып кету сіз үшін әрі парыз, әрі қарыз іс. Егер оны бүгін сіз жазып қалдырмасаңыз, ертеңгі ұрпақ оны кімнен естіп, кімнен сұрап, біліп жатпақ",– деп әбігерлері кеткені рас.

Бұлай дейтіндері орынды-ақ. Күнделікті араласып жүрген ағайындардың қайсысының кімнен тарайтындығын, олармен ара қашықтығымыздың алыс, жақындығын дұрыс айыра білгіміз келген қарабайыр қарақан басымыздың жайын ойлап ғана емес, бүгін болмаса да ертең арамызға келер әулет тарихын әу басынан жете оқып, зерттеп білгісі келер көзі қарақты, білімгер немере, шөбере, шөпшектер тұрқын ойлап жазып отырмыз. Өйткені араларынан: "Аталарымыз кілең оқыған, сауатты адамдар болғанымен қайдан өрбіп, қалай тарқап, тарайтындығымыз жөнінде жетемізге жетердей жеткізе айтып, ештеңе жазып кетпегендері несі?",дейтіндері табылып жатса бізге серт емес пе? Білгілері келгенін біле алмаған олар үшін мұның арты өзекті өртер өкінішті жайға әкелері ақиқат. Сондықтан мұның бәрін жазып, қалдырып кету үшін Аллаһ ниетімізге қарай Үриядай әпке беріп, оның өмір жасын ұзақ қылып қойғандығына шүкір дейміз.

Бұларды келер ұрпақ үшін дейміз ғой, ал бүгінгі ұрпақ үшін дер болсақ, тым аз болмаса да, тым мол болмаса да, бірақ біраз айтар дүниесі бар түпнұсқалар мен тарихи, шежіре кітаптарды олар қай кітапхананың қай есігін ашып, оның қай сөрелерінен уақыттарын сарп етіп іздеп жатпақ? Одан да алыстан арбаламай, жақыннан дорбалап, іздегендерін осы кітап ішінен беттерін әрлі-берлі аударыстырып отырып-ақ оп-оңай тауып алмай ма дегеніміз ғой.

Сосын құдайға шүкір, немере, жиендер қазір бәрмізде баршылық ғой, кездесе қалғанда бұлар кімдер, қайсысы кімнен өрбіп, қалай тарайды деп жатпай аттарын сұрап-біліп алсақ болғаны, қалғанын осы кітаптан-ақ ақтарыстырып, тауып алуымызға болады. Өйткені соларға қатысты деректерді де қамти жазуға тырыстық.

Ал шежіремізді әрі қарай тереңірек, кеңірек оқып, білем деушілер шығып жатса, олар үшін деректерімізді қай жерден, қай құжаттардан, оның қай беттерінен алғандығымызға сілтеме жасай отырып бердік.

Шежіреңді өз атыңнан емес көпшіліктің атынан жазыпсың деп жатқандар да бар. Егер оны Рашид, Шаймахан, Әлмахан, Шәдек, көзі тірі арамызда жүрген Үрия, Айтмахан сияқты аға, әке, көке, әпкелеріміздің аузынан, қалдырып кеткен жазу-сызуларынан алып, күнделікті қасымда жүрген өзге де бауырларымның айтуымен қағазға түсіріп жатсам неге ол тек менікі ғана болуы керек, көпшіліктікі емес пе дегім келеді.

Бүгіндері өзгелер шежірелерін басқаша стиль, жолмен жазып жүрген шығар, бірақ мен еңбегімді оқырманыма көпшіліктің атынан осылайша әрі шежіре, әрі төте оқу құралы, әрі қысқа, мәліметтері бір жерден табылатындай әмбебап анықтама сыпатында ұсынуды ниет еттім. Келер ұрпақ біз құсап баба, аталарымыз бен әже, апаларымыздың түр, кескіндері қандай болды екен демес үшін фотосуреттерді де табылғанынша мол етіп бердім.

Кейінгі ұрпақ шежіремізді осы тоқтаған жерімізден әрі қарай өздері жалғастырып әкетер, жазар деп ойлаймын. Біздікі–білгенімізше әулетіміздің бастау алар мұнар басын оларға мәлімет үшін ұмыт қалдырмай бастап беру, қағазға түсіріп кету болды.

СССР журналистер одағының, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Тажис Мыңжасар

07.03.2015 ж.

КІРІСПЕ

Алла-тағала сонау ықылым заманда әлемді бір тарының қауызына сиып кетердей жоқтан бар етіп жаратқанда оған алдымен берген асыл қасиеттерінің бірі кешегісі бүгінгісіне, ал бүгінгісі ертеңгісіне ауысып отыратын уақыт өлшемі болыпты. Содан бері төрткіл дүниеміз осы уақыт өлшеміне тәуелді болып келе жатқаны хақ. «Кешегімді білмей бүгінімді қалай түсінем, бүгінімді білмей ертеңіме қалай қол созам»,-деп көне көз қария, шешендеріміз тегіннен тегін тебірене жырламаса керек.

Сол айтпақшы, өткен дүниенің парқын білмей, өтіп жатқан дүниенің нарқын түсіну, кешегі тарихымызды жете білмей, бүгінгі өмірімізді жеткілікті түсіну біздіңше мүмкін емес. Бұларсыз көмескі келешегімізге қорықпай көз тігу де, қомсынбай қол созу да, жатсынбай қадам басу да қиын. Бұл ретте бізді табан жолымыздан жаңылдырмай, темірқазық жұлдыздай жетелеп алға алып жүрер жалғыз жолбасшымыз тарих-шежіреміз екені анық. Ендеше, әңгіме арқауы сол тарих-шежіреміз жайлы болмақ.

Юнесконың соңғы деректері бойынша әлемде 1500 ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүреді екен. Мәселен, солардың бірде-біреуін шежіресіз деп айта алмайсыз. Бәрінің шыққан тектерін, басынан-кешкендерін ұрпаққа жыр етіп баяндап берер өзіндік қисса-дастандары мен жыр-аңыздары бар. Шежіре дегеннен шығады. Шежіре Қазақ Совет энциклопедиясында арабтың шаджарат–бұтақ, тармақ деген сөзінен шығатындығы, халықтың шығу тегі мен таралуын баяндайтын тарих ғылымының бір тармағы екендігі айтылады (12 т. 231 б.).

Айтпағымыз, қазағымыз тегін білмейтін жетім ел емес. Жеті атасынан бастап, түптұқиянына дейін тарқатып, таратып бере алар шежіресі бар жетіскен ел. Өзге жұрттар қазақты жаһан халықтарының ішіндегі ең бір шежіре-жазбаларға бай ел дейтін көрінеді. Солай десе солай да шығар. Себебі халқымыздың өмірінен сыр шертетін жылнама іспеттес тарихи жыр-дастандарды былай қойғанда жүздер шежіресі, жүздер шежіресін қоя тұрғанда, бізде не көп әулеттер шежіресін саусақпен санап болмайды.

Әрбір әулет бабаларын, олар өмір сүрген орта тарихын, солардың басынан кешкен уақиғаларын өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа үлгі, тағлым етіп тарту үшін аянып қалған ба. Олардың ерлік істері мен көшелі тірліктерін барын салып, көсем сөзбен кестелеп жеткізіп беріп отырған жоқ па. Ондағы мақсаты–оларды бабалар тірлігімен, аталар ірілігімен рухтандырып, бойкүйезділікке салынбас, өмірдің келеңсіз жайларына бой алдырмас жігерлі жан етіп өсіріп, үлкенді сыйлар, кішіні құрметтер, ата-анасы мен жақын туыстарына қорғаушы, сұраушы болар намысты азамат етіп, тәрбиелеп шығару еді.

Шежіреге бай елміз деп отырмыз ғой. Олай болса, алдымен сол шежірелердің ірі, мазмұндыларын іріктеп алып, атын атап, түсін түстеп кеткен жөн сияқты. Шежірелердің ең үлкені, құндысы Рашид ад-Диннің «Түрік-моңғол шежіресі», Жамал Қаршидың «Оғыз-қыпшақ шежіресі», «Қарахан шежіресі», Ұлықбектің «Шад-жарат әл-атрак шежіресі», Әбілғазының «Шежіре-и түркі», «Шежіре-и тарахимесі», қазақ хандығы құрылған жылдары көп қолданылған «Насаб-наме Шыңғыс», «Насабнаме қазақ», Бейбарыс пен Ибн Халдун жазған «Қыпшақ шежіресі», «Жаһаннаме», ел арасына кең тараған «Абылай шежіресі» мен «Әбілхайыр шежіресі», кейіңгі қазақ оқымыстылары мен ойшылдары топтастырып жазған Мұхаммед Хайдар Дулатидің, Қыдырғали Қосынұлы Жалаиридің «Көшен–Қарауыл шежіресі», «Жәңгірхан шежіресі», Ш.Уәлихановтың «Ұлы жүз шежіресі», Абдулла Ниязовтың «Үш жүз шежіресі», Мұса Шорманұлының «Шежіресі», Өтеу Бөжейұлының «Қазақ жұрты шежіресі», Қорғанбек Бірімжанұлының бастауымен жинақталған «Орта жүз және кіші жүз шежіресі», Ақмолданың «Ғажайып шежіресі», «Насаб Шыңғыс», «Шыңғыснама» шежірелері», Ш.Құдайбердіұлының «Қазақ шежіресі», Халиди Құрбанғалидың «Қазақ шежіресі», Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Қазақ шежіресі», «Бұл қазақ қай кезде «Үш жүз» аталған шежіресі», Нұржан Наушабайұлының «Қазақ пен түрікмен шежіресі», сыр бойынан Торғай би жинаған «Үш жүз шежіресі», Диханбай батырдың «Ұлы жүз шежіресі», Қазыбек Тауасарұлының «Өзімнен түптұқияныма дейін» шежіресі, Зайыр Сәдібековтың «Қазақ шежіресі», Тұрлыбек Деменұлының «Келте тонды Келмембет» шежіресі, Хамит Мадановтың «Кіші жүз шежіресі», Тынышбек Дайрабаевтың «Кете–Шөмекей шежіресі», «Қаратамыр шежіресі», Мақсұт Неталиевтің «Кіші жүз шежіресі», Жарылқап Бейсенбайұлының «Кіші жүз шежіресі», «Нұрмұхамедұлы Жанқожа батыр шежіресі».

Өткен өміріміз мен тегіміз жайлы, ел бастаған биіміз бен қан майданда қаһарымен жауын қашырған батыр бабаларымыз туралы шымырлаған шындықты шынайы, бүкпесіз жеткізіп бере алатын тек осы шежірелер. Еліміз бен жеріміздің сол кездегі жағрафиясынан да, тарихынан да, ел басқару ісіндегі ерекшеліктерінен де, салт-сана, дәстүрлерінен де, тіпті тұрғын жұртының түтін саны мен талшық етер тамағы мен мал азығының түр, шамасынан да ақпарат берер осы шежірелер.

Қазақтың сол заманда өмір сүрген көкірегі ояу, көзі қарақты азаматтары үшін оқыр ілімі де, зерттеп, ойына тоқыр білімі де, ақ қағаз, көк сиямен жалықпай жазып, ұрпаққа аманат етіп қалдырып кетер жазу-сызулары да негізінен осы шежілер болды.

Ардақтап "шежірем, алтын тұғырым" дейтініміз де, оны тәбәрік тұтып, жоғары ұстайтынымыз да осыдан. Құдайға шүкір, қазақ деген әулетіміз бар, сол әулеттің ешкімнен кем түспейтін әлеуетті шежірелері де бар екенін тағы айтып кетпекпіз. Солардан теріп алып жазарымыз жұқа болса да жұтаң емес, жұрнақты болар деп үміттенеміз. Кейінгі толқын буынға одан шама-шарқымызша сыралғылатып сыр қозғап көрмекпіз.

1 тарау

1 бөлім

ЖЕТІ АТАМ МЕН ЖЕТІ БУЫНЫМА ДЕЙІН

Қазақ шежіресі «әу» дегенде жеті атасынан басталады. Жеті атамызды білмейтін шежіре жетімсіреп тұратыны анық. Жеті атамызды білу үшін әкемізден бастап, жетінші буынға дейінгі тегімізді: әкемізді, атамызды, арғы атамызды, бабамызды, арғы бабамызды, түп атамызды, тек атамызды білуіміз шарт. Кері қарай санайтын болсақ бұл енді ата емес, ұрпақ санын білдіреді. Демек: әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, жүрежат (жүре келе жат) болып келеді де, сегізінші ұрпаққа жеткенде туажат деп аталады. Мағынасы: ол кім, мен оны білмеймін, ол маған қандас туыс емес, туғалы жат жан дегенді аңғартады. Сондықтан осы «туажатқа» дейін біздер қыз алыспайтын туысқан, бауырмыз. Қазақ бұл дәстүрді ұрпақ қанын бұзбай, оның ағза мен жан тазалығын сақтау мақсатында ұстанғаны белгілі.

Ograniczenie wiekowe:
12+
Data wydania na Litres:
20 września 2017
Data napisania:
2015
Objętość:
574 str. 24 ilustracje
Właściciel praw:
Автор
Format pobierania:
Tekst
Średnia ocena 5 na podstawie 1 ocen
Audio
Średnia ocena 4,4 na podstawie 53 ocen
Audio
Średnia ocena 4,7 na podstawie 43 ocen
Audio
Średnia ocena 4,7 na podstawie 50 ocen
Audio
Średnia ocena 4,3 na podstawie 42 ocen
Audio
Średnia ocena 4,5 na podstawie 47 ocen
Audio
Średnia ocena 4,8 na podstawie 83 ocen
Audio
Średnia ocena 4,8 na podstawie 76 ocen
Audio
Średnia ocena 4,8 na podstawie 25 ocen
Tekst
Średnia ocena 5 na podstawie 2 ocen