Czytaj książkę: «Қосалқы»

Аударған және редакциялаған, корректурасы: «Қазақстан аударма академиясы»
Все права защищены. Данная электронная книга предназначена исключительно для частного использования в личных (некоммерческих) целях. Электронная книга, ее части, фрагменты и элементы, включая текст, изображения и иное, не подлежат копированию и любому другому использованию без разрешения правообладателя. В частности, запрещено такое использование, в результате которого электронная книга, ее часть, фрагмент или элемент станут доступными ограниченному или неопределенному кругу лиц, в том числе посредством сети интернет, независимо от того, будет предоставляться доступ за плату или безвозмездно.
Копирование, воспроизведение и иное использование электронной книги, ее частей, фрагментов и элементов, выходящее за пределы частного использования в личных (некоммерческих) целях, без согласия правообладателя является незаконным и влечет уголовную, административную и гражданскую ответственность.
Copyright © 2023 by Prince Harry, The Duke of Sussex
© Басылым қазақ тілінде, аударма, безендіру. Zerde Publishing, 2024 жыл
* * *


МЕГКЕ, АРЧИГЕ ЖӘНЕ ЛИЛИГЕ… ЖӘНЕ, ӘРИНЕ, АНАМА АРНАЛАДЫ
Өткен өмір өшпек емес. Ол тіпті өтпеген де.
– УИЛЬЯМ ФОЛКНЕР
Пролог
ЖАНАЗАДАН БІРЕР САҒАТ ӨТКЕН соң кездесеміз деп келіскен едік. Фрогмор бақшасында, ескі готикалық қирандылардың жанында. Мен бірінші келіппін.
Айналама қарап, ешкімді көрмедім.
Телефонымда хабарлама да, дауыс поштасы да тыныш.
Тас қабырғаға арқамды сүйеп жатып: «Кешігіп жатқан болар», – деп ойладым. Телефонымды қалтама салып, өзімді жұбатуға тырыстым.
Ауа райы нағыз сәуір күні болатын. Қыс өткенімен, көктем әлі келе қоймаған еді. Ағаштар жапырақсыз болғанымен, ауа жылы. Аспан сұрғылт, бірақ қызғалдақтар гүлдей бастаған кезең. Жарық аз, бірақ бақшаның арғы бетінде көз көрім жерде көк көл жалтырап жатыр.
«Бұның бәрі неткен әдемі», – деп ойладым. Сонымен қатар көңілімді мұң шалды.
Бір кездері бұл жер менің мәңгілік үйім болуы керек еді. Алайда ол жай ғана уақытша тұрағым болып шықты.
Жұбайым екеуіміз санамыз бен саулығымыздың амандығына алаңдап, 2020 жылдың қаңтарында бұл жерден қашқанымызда, енді ешқашан қайтып оралмастай болып едім. Міне, он бес айдан соң қайта осындамын. Бірнеше күн бұрын таңымды отыз екі қабылданбаған қоңыраумен, содан соң әжемнің «Хәрри… Атаң бақилық болды» деген қысқа әрі жүректі дүр сілкіндірген сөздерімен атырып едім.
Жел күшейіп, күн салқындай бастады. Иықтарымды жиырып, қолдарымды уқалап, жұп-жұқа ақ жейде кигеніме өкіндім. Жаназаға киген костюмді шешпеуім керек еді. Келерде күртеше алуым керек еді. Арқамды желге тосып жатып, артымда төніп тұрған готикалық қирандыны көрдім. Шындығында, оның готикалылығы «Лондон көзінен» аспайтын. Ақылды сәулетші мен жасандылық өнерінің туындысы. «Бұл жерде көп нәрсе сондай».
Тас қабырғадан кетіп, шағын ағаш орындыққа жайғастым. Телефонымды қайта тексердім, бақшадағы жолға қарайладым.
«Қайда бұлар?»
Жел тағы бір рет ұйытқыды. Қызық, атам есіме түсті. Оның суық мінезіне, аяздай шымшып алар әзіліне ұқсатқан шығармын. Бірер жыл бұрынғы демалыс күндері мылтық атуға барғанымыз ойға оралды. Әңгіме болсын деп, бірге барған досым атамнан жаңа өсірген сақалым туралы сұрады. Бұл сақал отбасыны алаңдатып, баспасөзде дау тудырған еді: «Патшайым ханзада Хәрриді сақалын қыруға мәжбүрлеуі керек пе?» Атам досыма, содан соң маған қарады да, қулана жымиды. «АНАУЫҢ сақал емес!»
Барлығы күлді. Сақал қалсын ба, кетсін бе деген сұрақ тұрғанда атамдікі тағы сақал қос деу болды. «Қанішер викингтің қалың қаба сақалын өсір!»
Атамның қайтпас пікірлері мен көптеген қызығушылықтарын еске алдым. Күйме айдағанды, барбекю пісіргенді, мылтық атқанды, тамақ жегенді, сыра ішкенді жақсы көретін. Өмірді құмарлықпен сүретін. Онысы анама ұқсайтын. Сондықтан да болар, анамның аянбас қолдаушысы болғаны. Ол Ханшайым Диана болмай тұрғанда, әлі қарапайым балабақша тәрбиешісі Диана Спенсер, ханзада Чарльздің құпия жүретін қызы кезінде-ақ атам оның ең басты қорғаушысы еді. Баз біреулер олардың некесіне делдал болған да атам деуші еді. Онысы рас болса, менің әлемімнің басты себебі Атам деуге болар еді. Бірақ ол үшін мен басты себеп бола алмас едім.
Ағам да болмас еді.
Десек те, бәлкім анамыз болар ма еді. Егер әкеме тұрмысқа шықпағанда…
Атам тоқсан жетіге толған соң көп ұзамай тек екеуіміз отырып сөйлескеніміз есімде. Ол арғы өмірді ойлап жүрген-ді. Өзі жақсы көретін істермен айналысуға шамасы қалмағанын айтты. Бірақ ең қатты аңсайтыны жұмыс екен. «Жұмыс істемесең, барлығы құриды», – деді. Мұңайып отырғанға ұқсамады, кетуге дайын болатын. «Кететін уақытың келгенін білу керек, Хәрри».
Фрогмор бойында тізілген сағаналар мен ескерткіштерге көз тастадым. Корольдік мазарат. Көбіміздің ақтық мекеніміз. Патшайым Виктория осында. Аты шулы Уоллис Симпсон да осында. Оның аты одан да шулы күйеуі Эдуард, бұрынғы Король, менің арғы көкем де осында. Эдуард Уоллис үшін өз тағынан бас тартып, екеуі Британиядан кеткен соң, түбі қайтып келу жөнінде алаңдаған көрінеді – екеуі де осы жерге келіп жерленуді қалапты. Патшайым, менің әжем, өтініштерін орындады. Бірақ екеуін басқалардан алшағырақ жерге, бүкірейген шынар ағашының астына жерлетті. Соңғы мәрте саусақ сілтегені шығар. Соңғы рет екеуін аластатқаны болар. Уоллис пен Эдуард соңғы қалауы туралы қазір не ойлайды екен? Түбі бір мәні болды ма? Ол туралы ойлап жатыр ма екен? О дүниеде рухтары қалықтап жүріп, жасаған таңдаулары жайлы бас қатырып жүр ме екен? Әлде мекендері Ешқайда, ойлары Ешнәрсе ме екен? Бұл өмірден кейін Ештеңе әлеміне өтеміз бе? Сана, уақыт ұғымдары толықтай тоқтай ма? Әлде олар әлі осында, мына жалған готикалық қирандының жанында жүр ме? Менің жанымда бүкіл ойларыма құлақ салып тұр ма екен? Егер солай болса… анам да осында шығар?
Анамды ойлауым сол еді, бойыма үміт ұялап, жаныма қуат бере бастады.
Қайғы да қанжарын сұғып қоя берді.
Анамды күнде сағынушы едім, бірақ сол күні Фрогмордағы жүйке жұқартар кездесудің қарсаңында, неге екені белгісіз, анамды қатты аңсадым. Анама қатысты көп нәрсе секілді, бұл сезімді де сөзбен айтып жеткізу қиын еді.
Анам ханшайым болса да, әйел-құдайдың аты қойылған болса да, бұл екі атау да ол үшін тым әлсіз, жеткіліксіз еді. Жұрт оны күнде пұт пен әулиелерге теңейтін: Нельсон Манделадан бастап Тереза Анаға, одан әрі Жанна д’Аркқа ұқсататын. Алайда мұндай салыстырудың әрқайсысы асқақ әрі сүйіспеншілікке толы болса да, дәл нысанаға жетпейтін. Әлемдегі ең танымал әйел, ең сүйікті адамдардың бірі – анамды нақ өзіндей дәл сипаттау мүмкін емес еді. Нағыз шындық сол. Десек те… қарапайым тілмен жеткізгісіз адам қалайша менің санамда сондай шынайы, тұла бойым сезерліктей жақын, таңғаларлықтай жарқын болуы мүмкін? Мен оны қалайша әлгі көк көлде қалқып келе жатқан аққуды көріп тұрғандай көре аламын? Қалайша осынау жапырақсыз ағаштарда сайраған құстарды естігенімдей оның күлкісін әлі де ести аламын? Ол қайтыс болғанда кішкентай едім, сондықтан көп нәрсе есімде емес, бірақ есімде қалған нәрселердің осыншалықты айқын екендігі ғажап! Оның естен тандыратын жымиысы, нәзік көздері, киноларға, музыкаға, киім-кешекке, тәттілерге… және бізге деген балаша махаббаты. Ағам екеуімізді қатты жақсы көруші еді. «Есімнен тана», – деп еді анам бір тілшіге.
«Анашым… мен де сені».
Оның ештеңемен салыстыруға келмеу себебі анамның барлық жерде табыла білуіне де себеп болған шығар: ол жарық іспеттес еді, таза және шуағы мол жарық, ал жарықты қалай толық сипаттауға болады? Ол Эйнштейннің де басын қатырған мәселе еді ғой. Жақында астрономдар ең алып телескоптарын реттеп, оларды ғарыштағы бір кішкентай бөлікке бұрыпты. Солайша, таңғажайып бір шардың бейнесін көздері шалыпты. Оған ескі ағылшын тілінде «Таңғы жұлдыз» деген мағына беретін «Эарендел» деген ат қойыпты. Миллиардтаған жыл қашықта орналасқан, мүмкін тіпті баяғыда-ақ ғайып болған «Эарендел» Үлкен жарылысқа, Жаратылыс сәтіне біздің Құс жолынан әлдеқайда жақын. Десе де өзінің теңдессіз жарығы мен шуағының арқасында біздің пенде көздеріміз оны көре алады.
Менің анам да сондай болатын.
Сол себепті мен оны көре алатынмын, сезе алатынмын, үнемі сезетінмін – бірақ Фрогмордағы сол бір сәуір екінтісінде ерекше сезіндім.
Сондықтан оның жолын жалғастырып жүремін. Бұл бақшаға келуімнің себебі, жаным тыныштықты қалайтын. Ең қатты қалайтыным – сол. Отбасым үшін, өзім үшін және анам үшін.
Адамдар анамның бейбітшілік үшін қанша еңбек еткенін ұмытып жатады. Жаһанды талай рет шарлағанын, мина қойылған далаларды кезгенін, ЖИТС науқастарын құшақтағанын, соғыстан кейін жетім қалғандарды жұбатқанын, әрдайым бір жерде біреуге тыныштық сыйлағысы келгенін… Білемін, одан бөлек, ол жанұясындағы жігіттердің, ағам екеуіміз бен әкеміздің арамызда және жалпы отбасында тыныштық болғанын бар жан-тәнімен қалар еді… Жоқ, қалады.
Айлар бойы Виндзорлар қақтығысып келді. Отбасында келіспеушіліктер бұрын да болған, тіпті ғасырлар бойы болып жатты. Алайда бұл жолғысы өзгеше. Бұл толыққанды жария айырылыс еді және қайта оралмастай бола бастап еді. Сондықтан елге атамның жаназасы үшін арнайы ұшып келгеніммен, ағам Уиллимен және әкеммен жағдайды талқылау үшін осы құпия кездесуге мені шақырды.
Бір шешімін табу үшін.
Бірақ қазір телефоныма бір, бақшаның жолына бір қарадым да: «Ойларынан айныған шығар, – деген ойға келдім. – Келмейтін шығар».
Бір сәтке барлығын тастап, бақшаны жалғыз аралайын ба, әлде аталас ағайыным ішімдік ішіп, атам жайлы әңгіме айтып отырған үйге қайтайын ба деп ойладым.
Сөйтіп тұрғанымда, оларды да көрдім-ау ақыры. Иық тіресіп маған қарай адымдап келе жатты. Түстері суық, тіпті қорқынышты. Оған қоса, екеуінің ойы бір секілді. Салым суға кетті. Әдетте олар бірдеңеге келіспей қалып, айтысып жүретін. Ал қазір екеуі де сап түзеген сарбаздай бірігіп келе жатқандай.
Ойыма келгені: «Тоқта, біз серуендеуге келдік пе… әлде атысуға ма?»
Ағаш орындықтан көтерілдім де, оларға қарай бір адым жасадым. Ақырын ғана жымидым. Олар қабағын ашқан жоқ. Енді жүрегім кеудемнен шығып кетердей дүрсілдей бастады. «Терең тыныс ал», – дедім өзіме.
Үрейден бөлек, айналамның бәріне назар аудара бастадым, өмірімдегі маңызды сәттердегідей өзімді аса әлсіз сезіндім.
Анамның табытының артында келе жатқанымдағыдай.
Алғаш рет соғысқа қатысқанымдай.
Үреймен арпалысып тұрып халыққа сөз сөйлегенімдей.
Дәл сол сәттердегідей қолымнан келер-келмесін білмей, бірақ шегінерге жол жоқ екенін толық түсініп, сапарға шығып жатқандаймын. Тағдырға тосқауыл бола алмаймын.
«Ал, анашым, басталды, – деп ойладым қадамымды жылдамдата. – Сәттілік тілеп қой».
Жолдың ортасында жүздестік.
– Уилли? Әке? Сәлем!
– Сәлемет пе, Харольд?
Жанға бататын салқын сәлем.
Бұрылып бір қатарға тұрдық та, шырмауық қаптаған шағын тас көпірдің үстіндегі шиыршық тас жолмен жүре бастадық.
Бір уақытта тізіле қалғанымыз, сөз алмаспай-ақ адымдап қадам басқанымыз, бастарымыздың төмен түскені, оның үстіне айнала қабірлердің қаптап тұрғаны анамның жаназасын еске түсірмей қоймады. Ол туралы ойламауға тырыстым, оның орнына аяқ астындағы тастың сықырын, сөздерімізді оттың түтіні секілді жел ұшырып әкетіп жатқанын ойлауға тырыстым.
Британдық болған соң, Виндзор болған соң, жай ғана ауа райы жөнінде сөйлесе бастадық. Атамның жаназасы туралы ой бөлістік. Өз жаназасын өзі егжей-тегжейіне дейін жоспарлап қойғандығын айтып, мұңдана күлісіп қойдық.
Бос әңгіме. Боп-бос. Маңызды емес тақырыптардың барлығын талқылап шықтық. Негізгі әңгімеге көшуімізді тағатсыздана күттім. «Неге ұзартып жіберді? Неге әкем мен ағам сондай салмақты көрінеді?» – деп ойладым.
Айналама қарадым. Біраз жер жүріппіз. Корольдік мазараттың дәл ортасына жетіппіз. Дәл қазір аяғымыздың астында жатқан мүрделер саны ханзада Гамлеттікінен де асып тұр. Ойлап қарасам… өзім де осында жерленуді қаламап па едім? Соғысқа аттанардан бірнеше сағат бұрын жеке хатшым денемді көметін жерді таңдауымды сұрап еді. «Ұлы мәртебелім, ең жаманы болып жатса… соғыста не боларын ешкім білмейді дегендей…»
Бірнеше таңдауым бар еді. Әулие Георгтың шіркеуі ме? Қазір атамды қойып жатқан Виндзордағы Корольдік сағана ма?
Жоқ, осы жерді таңдадым, өйткені бақшалары әдемі әрі бұл жерде тыныштық бардай көрінеді.
Уоллис Симпсонның бетін басып тұрмыз-ау деп тұрғанымда әкем мұнда жатқан әлдекімді бір, анда жатқан туысты бір айтып, бұрынғы өткен атақты герцогтар мен герцогиняларды, лордтар мен ледилерді еске алып, кішігірім лекция оқыды. Өмір бойы тарихты оқып келген оның бөлісер ақпараты жетіп-артылатын. Қазір мұнда бірнеше сағат тұрып, артынан емтихан тапсыратын шығармыз деген ой да келді. Бағымыз бар екен, әкем тоқтады да, шөптің үстімен көлдің жағалауына қарай бет алдық. Нәркестер өскен әдемі жерге келіп тоқтадық.
Осы жерде ғана, ақыры, басты әңгімені бастадық.
Мен өз жайымды түсіндіруге тырыстым. Жағдайым мәз емес еді. Біріншіден, әлі де қобалжып тұрдым, эмоциямды ұстай отырып, сөзімді қысқа әрі нұсқа етіп қайыруға тырысып жаттым. Оған қоса, бұл әңгімені қайтадан ұрысқа жеткізгім келмеді. Бірақ ол маған ғана байланысты емес екенін тез-ақ ұқтым. Әкем мен Уиллидің де өз рөлдері бар, ал олар ұрысқа дайындалып келіпті. Жаңа түсініктеме беріп, жаңа ойды жеткізе бастасам болды, біреуі не екеуі жабылып сөзімді бөле берді. Әсіресе Уилли ештеңені естігісі келген жоқ. Мені бір емес, бірнеше рет тойтарып тастай берген соң, екеуіміз айтыса бастадық. Осыған дейін айлар бойы, тіпті жылдар бойы айтып келген сөздерімізді айта бастадық. Ушығып кеткені сонша, әкем қолдарын көтерді де: «Жетер!» – деді.
Екеуіміздің ортамызда қызарып кеткен беттерімізге қарап: «Жігіттер, жасым келген шағымда мені азапқа салмаңдаршы», – деді.
Дауысы қарлығып, әлсіз шықты. Шынымды айтсам, кәрі адамның дауысы.
Атамды ойладым.
Кенет ішімде бірдеңе қопарылып түскендей болды. Уиллиге қарадым. Бала кезден бері алғаш рет шынайы жүзіне қарадым. Барлық сипатына зер салдым: менімен сөйлескенде үнемі ашылмайтын сол бір түюлі қабағына; менікінен әлдеқайда ушығып кеткен қасқалығына; жасы ұлғайған сайын жоғалып бара жатқан анама ұқсас қырларына. Бір жағынан, менің айнам, екінші жағынан, маған қарама-қарсы. Менің сүйікті ағам әрі менің бітіспес жауым. Бұған қалай жеттік?
Қатты шаршағанымды сезіндім. Үйге қайтқым келді. «Үй» дегеннің өзі күрделі ұғым болып кеткенін байқадым. Бұрын да солай болған шығар. Бақшаға, оның арғы жағындағы қалаға, елге меңзедім де:
– Уилли, мынаның барлығы біздің үйіміз болуы керек еді. Өміріміздің соңына дейін осында тұрмақ едік қой, – дедім.
– Кеткен сенсің, Харольд.
– Иә, бірақ неге екенін білесің ғой.
– Білмеймін.
– Сен… білмейсің бе?
– Шынымен, білмеймін.
Тіксініп қалдым. Не естігеніме сене алар емеспін. Кім кінәлі немесе жағдай қалай болуы керек еді деп айтысқан бір жөн, бірақ туған жерімді, ол үшін соғысқа барып, басымды қатерге тіккен Отан – Анамды (неткен ауыр сөз) тастап кетуімнің себебін мүлде білмеймін деуі қалай? Әйелім екеуіміз баламызды алып, үйімізді, достарымызды, жиған-тергенімізді – барлығын тастап, тозақтан қашқандай кеткеніміздің себебін білмеймін дегені несі?! Шын айтып тұрсың ба?
Ағаштарға қарадым:
– Білмеймісің?
– Харольд… рас, білмеймін.
Әкеме бұрылдым. Оның көздерінде де «мен де білмеймін» деген сөз жазылып тұрды.
«Мәссаған. Мыналар шынымен білмейтін сияқты», – деп ойладым. Сену қиын, бірақ рас шығар.
Егер олар неге кеткенімді білмесе, менің өзімді де білмегені ғой.
Мүлде.
Расында да, мені ешқашан толық танып білмеген де шығар.
Шынына келсек, мен де танымаған шығармын.
Бұл ойдан денем түршіге бастады. Және өзімді жапа-жалғыз сезіндім. Бірақ ішімде от тұтанғандай да болды. «Айтуым керек. Қалай айтамын? Айта алмаймын. Көп уақыт керек. Оның үстіне қазір бұлар тыңдайтын жағдайда емес. Қазір емес. Бүгін емес».
Сондықтан…
Әке? Уилли?
Әлем?
Тыңдаңдар.
1-бөлім Қара жамылдырған түннен жарыққа

1
ОҚИҒАЛАР БАРЛЫҚ КЕЗДЕ АЙТЫЛАТЫН.
Адамдар арагідік Балморал қамалында аса бақытты бола алмағандар туралы сыбырласып жататын. Баяғы патшайым қайғыдан есі шығып, ешқашан шықпаймын деген антпен қамалда қамалып алған деседі. Өте парасатты бұрынғы премьер-министрлердің бірі бұл жерді «оғаштау», «жан түршіктірерлік» деп атаған көрінеді.
Бірақ ол әңгімелерді естімегеніме біраз болған сияқты. Мүмкін, бұрын-соңды естісем де, аса мән бермеген болармын. Мен үшін Балморал қамалы жұмақ іспеттес еді. Дисней әлемі мен киелі Друидтер мекенінің қосындысы сияқты. Мұнда келген сайын балық аулап, мылтық атып, «төбеге» бір шығып, бір түсіп, ескі қамалдағы «фень-шуйдың» кемшіліктерін іздеуден қолым босамайтын.
Айтқым келгені, мен мұнда өзімді бақытты сезінуші едім.
Шынымды айтсам, Балморалда өткен сол бір жаз күніндегідей өмірімде ешқашан бақытты болмаған шығармын. 1997 жылғы 30 тамыз.
Қамалға келгенімізге бір апта болған-ды. Жоспар бойынша тағы бір апта тұрақтауымыз керек. Дәл өткен жылғыдай және одан алдыңғы жылғыдай. Балморал өзіндік бір шағын жыл мезгілі сияқты еді. Нағыз жазғы шілдеден ерте күзге қарай өте бастағанымызды белгілейтін Шотландия тауларындағы екі апталық үзіліс.
Әжем де сонда еді. Әдепкідей. Әр жаздың басым бөлігін Балморалда өткізетін. Атам да сонда. Уилли де. Әкем де. Бүкіл отбасы сонда. Анамнан басқа, өйткені бұл жолы анам отбасы мүшесі емес еді. Біреу оны қашып кетті дер, басқалар оны қуып жіберді дейді – кімнен сұрағаныңызға байланысты. Бірақ мен ешқашан ешкімнен сұраған емеспін. Қалай болғанда да, ол басқа жерде өзінің демалысын өткізіп жатты. «Грекияда», – деді біреу. «Жоқ, ол Сардинияда», – деді басқасы. «Жо-жоқ, – деп қыстырылды тағы біреу. – Сенің анаң Парижде!» Әлде бұны анамның өзі айтты ма екен? Сол күні сөйлесейік деп қоңырау шалып еді. Өкінішке қарай, бұл естелік өзге де миллион естеліктер секілді санамдағы биік қабырғаның ар жағында жатыр. Өте қорқынышты, азапқа толы сезім: естеліктерің арғы бетте, санаулы сантиметр әріде жатқанын білесің, бірақ қабырға тым биік, тым қалың.
Балморал қамалының мұнаралары сияқты емес.
Анам қайда болса да, ол өзінің жаңа досымен жүргенін түсіндім. Бәрі осы сөзді қолданатын. Жігіті емес, ашынасы емес. Досы. Маған жап-жақсы жігіт сияқты өзі. Уилли екеуіміз онымен жақында ғана таныстық. Ашығын айтқанда, анам оны алғаш кездестірген кезде біз Сан-Тропеде оның жанында едік. Үшеуіміз ғана болып бір қарт джентльменнің вилласында керемет уақыт өткізіп жаттық. Күлкі мен ойын-сауық көп болды. Анам, Уилли үшеуіміз бірге болсақ, үнемі осылай еді. Ал сол бір демалыс ерекше көңілді өтті. Сол Сан-Тропе сапарында барлығы жұмақтай болды. Ауа райы тамаша, тамақтар дәмді, анашымның жүзінде күлкі.
Бәрінен де кереметі, мұнда су скутерлері бар еді.
Кімдікі еді? Білмеймін. Әлі есімде, Уилли екеуіміз оларға мініп алып, каналдың ең терең жеріне дейін баратынбыз да, алып кемелер келгенше сонда айналшақтап жүретінбіз. Ал кемелердің артындағы биік толқындар скутермен ауаға секіретін трамплиндеріміз болатын. Қалайша ажал құшпағанымызды білмеймін.
Анашымның досы сол скутердегі оқыс оқиғадан кейін пайда болып па еді? Жоқ, дәл соның алдында болса керек. «Сәлем, балақай, сен Хәрри шығарсың». Қара шашты, күнге күйген, аппақ тісті. «Қалай жағдай? Менің атым пәленше». Бізбен сөйлесе кетті, анаммен сөйлесіп кетті. Әсіресе анаммен. Әдейі анаммен. Көздерінде қызыл жүрекшелер тұрғандай болды.
Қулығы бар еді, онысы анық. Бірақ, айтқанымдай, жақсы-ақ жігіт. Анама сыйлық берді. Гауһар білезік. Анама ұнаған сияқты. Оны көп тағатын. Содан соң ол жігіт есіме түсе қойған жоқ.
Уиллиге бастысы анам бақытты болса болды деп едім, ол да солай ойлайтынын айтты.
2
КҮН ШУАҚТЫ Сан-Тропеден бұлт қаптаған Балморалға көшу тұла бойыңды сілкіндіретіні анық. Ол сілкініс азды-көпті әлі есімде, ал одан басқа алғашқы аптамызда не істегеніміз онша есімде емес. Дегенмен ол аптаны көбіне сыртта өткізгенімізге кепілдік бере алатын шығармын. Отбасым сыртта жүргенді жақсы көреді. Әсіресе әжем күніне бір сағат таза ауа жұтпаса, түнеретін де қалатын. Бірақ сыртта не істегеніміз, не айтқанымыз, не кигеніміз, не жегеніміз ұмыт болған. Корольдік яхтамен Уайт аралынан қамалға дейін жүздік деген хабарлар бар. Яхтаның соңғы сапары. Керемет болған сияқты.
Ал егжей-тегжейіне дейін есімде қалғаны – қоршаған орта. Ну орман. Бұғы жайылған төбе. Таудан төмен қарай жыланша иірілген Ди өзені. Аспаннан төніп тұрған, басын мәңгі қар басқан Лохнагар, география, сәулет – менің жадым осындайларды сақтайды. Күндер? Кешіріңіз, жазып алып едім, қарап алайын. Диалог? Еске түсіруге тырысып бағамын, бірақ сөзбе-сөз айтып бере алмаймын, әсіресе тоқсаныншы жылдар болса. Бірақ барып көрген жерлерімді – қамал, ұшқыш кабинасы, сынып, кеме салоны, жатын бөлмелер, сарайлар, бақшалар, паб, кілемдердің қандай шегемен қағылғанына дейін сипаттап беремін.
Менің жадым басымнан өткендерді неге бұлай реттейді екен? Генетика ма? Жарақат па? Әлде бөлек-бөлек дене мүшелерінен тігілген Франкенштейн сияқты екеуінің бірге қосылуы ма? Барлық жерді ұрыс даласы сияқты зерделеп жүретін ішімдегі жауынгер ме? Көшіп-қонуға мәжбүр болғанына наразы ішкі үйкүшік қасиетім бе? Әлде әлемді құдды бір шытырман көріп, оның ішінде картасыз жүруге болмайтынын сезетін бір түйсік пе?
Себебі не болса да, жадым осындай, жұмысы сондай: қалауынша естелік жинайды, оларды реттейді. Объективті фактілер дейтіннің ішінде қанша шындық болса, менің нені және қалай есте сақтайтынымда да соншалық шындық бар. Хронология, себеп-салдар деген нәрселер – көбінесе өзімізге өзіміз айтатын өткен шақ жайлы ертегілеріміз ғана. «Өткен өмір өшпек емес. Ол тіпті өтпеген де». Бұдан аз уақыт бұрын осы сөзді BrainyQuote.com сайтынан көргенімде төбемнен жай түскендей болды. «Фолкнер деген кім өзі? Бізге, Виндзорларға туыс емес пе екен?»
Сонымен, Балморал. Көзімді жұмсам, басты кіреберісі, панельді беткі терезелері, кең ашық галереясы мен үш басқышы бар шұбар ала гранит баспалдақ. Баспалдақ еменнен жасалған виски түстес алып алғы есікке жетелейді. Есікті көбіне ауыр керлинг тасы кере ашып тұрады. Оны қызыл шапан киген швейцар ашып-жауып тұрады. Іште кең зал, ақ тастан жасалған еден, жұлдыз пішінді сұр тақталар, әсем оюмен қашалған күңгірт түсті ағашпен қапталған үлкен алауошақ. Залдың бір жағында қойма секілді бір бөлме, сол жағындағы биік терезелер жақта қармақтар, таянатын таяқтар, резеңке комбинезондар және сулықтар ілінетін ілгіштер бар. Сулықтар мұнда өте көп, өйткені Шотландияда жаз бойы жауын-шашын көп, күндер суық болады, ал Сібірге жататын бұл өңірде шымшып алатын жаңбыр мен салқындық бар. Ілгіштен кейін алқызыл кілем төселген дәлізге ашық қоңыр ағаш есік ашылады. Қабырғаларына ақшыл тұсқағаз жабыстырылған. Тұсқағаздың бетіндегі алтын түсті өрнектер «Брайль» жазуы секілді көтеріңкі. Дәліздің бойында басқа да көптеген бөлмелер бар. Әрқайсысының өз функциясы бар: біреуі отырып кітап оқуға, біреуі теледидар қарауға, шай ішуге арналған. Туыс ағайларымдай жақсы көретін паждарға арналған арнайы бөлме бар. Содан соң XIX ғасырда салынған басты бөлме бар. Ол XIV ғасырлық басқа бір қамалдың үстіне салынған. Ал ол дәуірден бірнеше ұрпақтан соң тағы бір ханзада Хәрри өмір сүрген. Елінен қуылып, кейіннен қайта оралып, көзі түскеннің бәрін қырып-жойған менің арғы туысым. Мені соған тартқан дейтін шығар кейбіреулер. Не болса да, ол менің аттасым, себебі 1984 жылы 15 қыркүйекте туғанда маған қойылған ат уэльстік Хенри Чарльз Альберт Дэвид болатын.
Бірақ дүниеге келген күнімнен бері мені Хәрри атап кеткен.
Осы басты бөлменің ортасында үлкен баспалдақ бар. Өзі алып, ауқымды, бірақ сирек қолданылады. Әжем екінші қабаттағы жатын бөлмесіне баратын кезінде лифтпен көтерілгенді жөн көретін.
Оның етегінен қалыспай жүретін коргилері де солай.
Әжемнің лифтісінің жанында екі алқызыл салун есіктері арқылы ауыр темір қоршауы бар шағын баспалдақ бар. Онымен екінші қабатқа, патшайым Викторияның мүсіні тұрған жерге көтерілуге болады. Мүсіннің жанынан өткен сайын оған «Ұлы мәртебелім!» деп бас иіп кететінмін. Уилли де сөйтетін. Бұлай етуіміз керектігі бізге арнайы айтылғанмен, мен онсыз да бас иер едім. «Еуропаның әжесі» атанған патшайым маған аса тартымды тұлға еді. Оны әжемнің жақсы көргені үшін ғана емес, әкемнің маған оның күйеуінің атын қойғысы келгеннен де емес (оған анам жол бермеген). Викторияның өмірінде ұлы махаббат та, асқақ бақыт та болды, бірақ оның өмірі трагедияға толы еді. Оның әкесі Кент және Стратерн герцогы ханзада Эдуард қаныпезер болатын. Сарбаздардың қамшыланғанына қарап жыныстық қозуы көтерілген. Ал оның сүйікті жолдасы Альберт оның көз алдында қайтыс болды. Сондай-ақ оның ұзақ әрі жалғыздыққа толы билігі кезінде оған сегіз рет сегіз жерде жеті бөлек адам оқ атқан.
Оқтың біреуі де нысанаға жетпеді. Викторияны ештеңе құлата алмады.
Викторияның мүсінінен кейінгіні сипаттау қиынырақ. Есіктер бірдей, бөлмелер бір-біріне жалғанған. Адасып кету оңай. Есіктен шатассаң, қызметшісі киінуіне көмектесіп жатқан әкемнің үстінен түсуің мүмкін. Одан жаманы, басын еденге, аяғын аспанға көтеріп тұрған кезінде кіріп қалуың мүмкін. Әкемнің мойны мен беліндегі созылмалы ауыруды басудың жалғыз емі ретінде дәрігер осы жаттығуды жазып берген еді. Баяғы поло жарақаттары. Жаттығуын күнде орындайтын: үстінде тек ішкиім, өзі есікке сүйеулі немесе құдды бір акробат секілді белтемірге ілініп тұратын. Есіктің тұтқасына саусағың тиіп кетсе болды: «Жоқ! Жоқ! Ашпа есікті! Құдай үшін, ашпа!» — деген айқайды естисің.
Балморал қамалының елу жатын бөлмесі бар. Олардың біреуін Уилли екеуімізге бөліп берген. Үлкендер оны балабақша дейтін. Уиллидің бөлігі үлкенірек, екі адамдық төсегі, жуынатын үлкен шұңғылшасы, есіктерінде айнасы бар шкаф, аулаға, субұрқаққа, қызыл бұғы бұзауының қола мүсініне қарайтын әдемі терезесі бар. Ал менің бөлігім әлдеқайда кіші, сән-салтанаты да азырақ. Неге олай екенін сұрамайтынмын. Маған бәрібір еді. Сұрауым керек те емес еді. Менен екі жас үлкен Уилли – Мұрагер, ал мен – Қосалқымын.
Баспасөз құралдары бізді жай солай атағанымен, шын мәнінде, бәрі солай болатын. Бұл тіркесті әкем де, анам да, атам да, тіпті әжем де қолданатын. Мұрагер мен Қосалқы тағылған сын емес, бірақ аражікті дәл белгілейді. Мен көлеңкемін, қоштаушымын, Б жоспарымын. Уиллиге бірдеңе болған жағдайда деп мені дүниеге әкелген. Мені қолдау көрсету үшін, басқалардың назарын бұру үшін, керек болса, тіпті қосалқы бөлшектерімді беруім үшін туған. Бүйрегімді, мысалы. Қанымды. Жұлынымды. Бұның барлығын өмір жолымның басында түсіндіріп берді де, жиі есіме салып тұрды. Мен туған күні әкем анама айтты деген мына сөзді естігенімде жиырма жаста едім: «Тамаша! Мұрагерді де, Қосалқыны да сыйладың. Менің ісім тамам». Әзілі. Шығар. Бірақ осы бір комедия туындысын жариялап болып, жүретін қызымен кездесуге кетті деген де әңгіме бар. Солай. Әзіл ретінде айтылған шын сөз қаншама.
Бірақ мен бұған ренжімейтінмін. Бұның ешқайсысы мені толғандырмайтын еді. Таққа отыру деген ауа райы немесе аспан денелерінің орналасуы немесе жыл мезгілдерінің ауысуы сияқты. Өзгертуге болмайтын нәрсеге алаңдауға кімнің уақыты бар дейсің? Тасқа қашалып жазылған тағдыр кімнің мазасын алады дейсің? Виндзор болу деген – қай ақиқаттың өзгермейтінін анықтап алып, ол жайлы ойланбау деген сөз. Өзіңнің кім екеніңді түйсіну, сол кім екендігіңнің негізгі параметрлерін сіңіру деген сөз. Ал бұл әрдайым кім емес екеніңнен туындайды.
Мен әжем емеспін.
Әкем емеспін.
Уилли емеспін.
Мен олардан кейін үшінші кезекте тұрдым.
Ұл болсын, қыз болсын, өмірінде бір рет өздерін ханзада мен ханшайым ретінде елестетеді. Сондықтан Қосалқы болсын-болмасын, шынымен ханзада болған аса жаман емес. Содан соң жақсы көретін адамдарыңның артында тік тұрудың өзі мәртебе емес пе?!
Махаббаттың нышаны емес пе?!
Викторияның жанынан өтіп бара жатып бас ию секілді.
3
МЕНІҢ ЖАТЫН БӨЛМЕМНІҢ жанында дөңгелек қонақ бөлмесі болатын. Дөңгелек үстелі, қабырғасында айнасы, жұмыс үстелі, от жағатын ошағы бар. Арғы бұрышында жуынатын бөлменің үлкен ағаш есігі бар. Екі мәрмәр шұңғыла тарихта алғаш жасалған шұңғылалардың үлгісінде жасалғандай. Балморалдағы заттың барлығы я ескі болатын, я ескіге ұқсатып жасалған болатын. Бұл қамал әрі ойын алаңы, әрі аңшылық мекені, әрі сахна еді.
Жуынатын бөлменің басым бөлігін арыстан аяқты ванна алып тұратын. Оның кранынан аққан су да ескі көрінетін. Жаман мағынада емес. Мерлин сиқыршы жас Артурға сиқырлы қылышын табуға көмектескен көл секілді ескі. Қоңыршыл, ашық түсті шай сияқты. Демалысқа келген қонақтар шошып кететін. «Кешіріңіз, жуынатын бөлмедегі су бұзылған сияқты», — дегендеріне әкем жымиятын да, суға ештеңе болмағанын айтатын. Керісінше, Шотландияның балшықты көлдерінде сүзіліп, тәттіленіп келген су екенін айтатын. «Бұл су тура төбеден ағып келеді. Сізді өмірдегі ең рақат ләззат – Шотландия тауларының ваннасы күтіп тұр».
Қалауыңызға қарай тау ваннасы Арктиканың мұздай суы немесе қазанда қайнаған ыстық су болуы мүмкін: бүкіл қамалдағы судың қызуын реттеуге болады. Маған теріңді қайнатарлық ыстық суға түскен ұнайтын. Әсіресе қамалдың саңылау терезелерінен қарап жатып. Бұл терезелерден кезінде садақшылар қамалды қорғап тұрған шығар деп ойлаймын. Жұлдызды аспанға немесе төмендегі қабырғалы бақшаға қарап жататынмын. Қамалдың сансыз бағбандарының арқасында снукер үстелінің беті сияқты теп-тегіс бақша көгалының үстінде қалықтап ұшып жүргенімді елестететінмін. Көгалдың әр сабағы өлшеніп орылғандай, мінсіз болатын. Уилли екеуіміз велосипед айдамақ түгіл, үстінде жаяу жүруге ұялатынбыз. Ұялсақ та, үнемі баса беретінбіз. Бір рет көгалдың үстінде немере қарындасымызбен қуаласпақ ойнадық. Біз квадроциклге отырдық, ол картинг машинасында. Қызыққа батып жатыр едік, ол шам қойылған бағанаға тура барып соғылды. Мың шақырым атыраптағы жалғыз бағанаға соғылғанын-ай! Бәріміз ішек-сілеміз қата күлдік, бірақ жақында ғана айналадағы ормандардың бірінде ағаш болып тұрған бағана қақ бөлінді де, қарындасымыздың үстіне құлады. Абырой болғанда, ауыр жарақат болған жоқ.
1997 жылдың 30 тамызы көгалға көп қарап жатпаған күнім еді. Уилли екеуіміз де тез жуындық та, пижамаларымызды киіп, теледидар алдына жайғаса кеттік. Қызметшілер келді. Қолдарында табақ, оның үстінде күміс күмбезбен жабылған тәрелкелер. Қызметшілер табақтарын ағаш тұғырларға қойды да, бізбен әдеттегідей әзілдесіп, ас дәмді болсын деп тілек білдірді.
Қызметші, сүйек фарфор дегендер өте ақсүйекшіл болып көрінуі мүмкін, расында, солай да шығар, бірақ әлгі күмбездердің астында балалардың тамағы: балық таяқшалары, бәліш, қуырылған тауық, асбұршақ болатын.
Кезінде әкемнің күтушісі болған, қазіргі біздің күтушіміз Мэйбл бізге қосылды. Бәріміз ауыз толтыра тамақтанып жатқанда, ваннасынан шығып, тәпішкесін сүйретіп өтіп бара жатқан әкемді байқадық. Тасып жүруге болатын CD ойнатқышы қолында. Оны «сымсызым» деп атайтын. Ваннаға түскен кезде онысымен «кітаптарын» тыңдап жатқанды ұнататын. Әкем сағат сияқты еді. Сондықтан оның өтіп бара жатқанын естіп, уақыт сегізге таяғанын түсіндік.